Қазақстан • 15 Шілде, 2018

Алматы облысында Мемлекеттік басқару академиясының филиалы ашылды

886 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалы ашылды. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби білімін жетілдіру бағытында жұмыс істейтін академия филиалының ашылуына Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев арнайы келді.

Алматы облысында Мемлекеттік басқару академиясының филиалы ашылды

Филиал ғимаратының ашылу салтанатында агенттік төрағасы Алик Шпекбаев пен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ғимарат алдына қойылған ескерткіш тақтаға қолтаңбаларын қалдырды. Мұндағы оқыту кабинеттерін, кітапхана мен басқа да жұмыс бөлмелерін аралап, олардың жабдықталуымен танысқан А. Шпекбаев академияның Алматы облыстық филиалын республикадағы үздік филиал ретінде атап өтті.

- Мемлекеттің қолдауымен облыс орталығында ашылып отырған академия филиалы – өңірдің мемлекеттік қызметшілері үшін тамаша мүмкіндік. Алдағы уақытта мұнда білімі мен кәсіби біліктілігін жетілдірген мемлекеттік қызметшілер облыс экономикасын одан әрі дамытуға септігін тигізетініне сенімдімін, - деді жиында сөз алған аймақ басшысы А. Баталов.

Ал А. Шпекбаев өз сөзінде Президенттің тапсырмасына сәйкес мемлекеттік қызмет істері саласындағы қолға алынып жатқан заманауи бағыттар туралы баяндады. Соның ішінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен күрес жұмыстарының нәтижелері, халық алдындағы есептілік, мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру, жалпы саланы цифрландыру туралы мәселелерге кеңінен тоқталды. Әсіресе ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің өзі электронды үкімет порталы арқылы жұмыс істеп үйренуі керектігін атап айтты.

- Цифрландыру ісіне ең алдымен жергілікті жерлерде әкімдер мүдделі болуы керек. Бұл орайда Алматы облысының әкімдігі зор қолдаулар көрсетіп отыр. Соңғы уақытта Алматы облысында электронды форматта мемлекеттік қызмет көрсету көрсеткіші артып келеді, - деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы.

Сондай-ақ, осы күні облыс орталығында «Мемлекеттік қызметті кәсібилендірудің заманауи трендтері: өңірлік аспект» атты семинар-кеңес өтті. Семинарды Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Фатима Жақыпова жүргізді. Жиынға республикамыздың өзге облыстарындағы академия филиалдарының директорлары арнайы шақырылды. Семинардан кейін Алик Шпекбаев Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің ғимаратын аралап, департамент ұжымымен кездесті.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы

Сурет облысы әкімі баспасөз қызметінен алынды