Күрес • 16 Шілде, 2018

Елдің атын шығарған Ержан балуан

920 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда Арқаның апайтөс балуаны Ержан Шынкеев «Қазақстан барысы» атанды. Сөйтіп қазақ күресінің ардакүреңдері, бұлшық еттері білеудей, бойлары тіреудей Бейбіт Ыстыбаев, Айбек Нұғымаров сынды айбарлы азаматтарымыздың қатарына қосылды. Ержанмен кіндік қанымыз тамған нағыз «айһай» жерлеспіз. Қарағанды облысының Шет ауданының «Босаға» стансасы. Жеріміздің бұлай аталуы да тегін емес. Оңтүстіктен келе жатқанда Сарыарқаның басталар тұсы, яғни босағасы. 

Елдің атын шығарған Ержан балуан

Осы Шет өңірінен Бөгенбай, Қабанбай легіндегі батырлардың бір шоғыры шыққан. Олар Сеңкібай, Жидебай, Байғозы, Жарылғап десек, ел аузында айрықша өжеттігімен Жарылғап Көкбөрі батыр атанып кеткен соңғысы Ержан балуанымыздың алтыншы атасы. Жарылғап бабамыздың бел баласына қазақ батырларының көсемі ер Бөгенбайдың өзінің қызын бергені туралы әңгіме де айта кетуге тұрарлық. Бірде жасанған жау шебіне Бөгенбай мен Жарылғап қатар кіреді. Көзіне қан толған Жәкең алдындағы қалмақтарды қоғадай жапырып, жаудың ана шетіне бір, мына шетіне бір ойқастап шығады ғой. Айбары асып тұрған екі батырдың қолы жеңеді ақыры.

– Жарылғабым, ер десе дегендей екенсің. Әттең алды-артың бірдей болар ма еді, – деп сәл өкініш білдіреді Бөкең. Жарылғап алға ұмтылып жүрген де арты ашық қалады екен. Соғыс өнерін әбден меңгерген сұңғыла батыр соны байқап қалған ғой. – Енді құда болсақ қайтеді, – дейді сонсоң.

– Апырай, Бөке-ай, менде төрт ұл, қыз жоқ еді, – дейді қысылған Жарылғап. Бөгенбай батырдың сыншылық та қасиеті бар екен. «Онда болашақ күйеуді өзім таңдайын», деп төрт баласының да сынын айтып, үлкені Қырбасты таңдайды. Алайда «Мына балаң ақ сауытыма ие болар деп жүрген үмітің ғой. Болса болар, бірақ кейде ақылынан ашуы озып кететін өжеттігі бар екен», деп сүт кенжесі Баубекке сұқтанатыны бар. Біздің Ержанымыз осы Баубектің тікелей ұрпағы. Бұл қан дегенді қойсаңшы.

Кішкентай ғана «Босаға» төңірегінен атпал азаматтар көп шықты. Мектепке енді барып ес жиып қалған кезіміз. Аты аңызға бергісіз Әлімшайқы деген бал­уан болды. Ержанға аталас болып келеді. Лақап аты қызық – «Шибұт»! Еміс-еміс есімде: кеудесі домбыраның шанағындай күмпиген, аяқтары сидамдау адам еді. Әлгі атаққа да содан ие болған тәрізді. Бірде қарсыласын ала алмай қойған ғой. Бір кезде жүгіріп келіп әкесіне жонын төсеп тұра қалады. Әкесі қолына ұстап отырған сегіз өрме бұзаутіс дойырмен тартып-тартып жіберіпті. Содан Әлім ағамыз жолбарыстай атылып, қарсыласын атып ұрыпты дейді көргендер.

Бертінде Тілеубай деген балуанды көрдік. Басының өзі бақыр қазандай аса ірі кісі еді жарықтық. Шөп тиелген трактор тіркемесінен құлап, бір қолын кестіріп шолақ болып қалды. Біздің ел күйшілер елі ғой, сол молақ білегімен домбыра шертіп, шертпе күйді күңіретіп отыратын. Ал «Босаға» ауылында осындай бұла күш иелерінің иін қандырып, шынайы спорттық арнаға салған ол, әрине, Серік Мамашев деген ағамыз еді. Осы Серік ағамыздың спорттық мектебінен талай күш иесі түлеп ұшты. Соның біреуі де бірегейі де сөз жоқ, Ержан Шынкеев. Ол еліміздің атағын көкке көтерді. Жеткен жетістіктерін санамалап келтірмей-ақ қояйын. Олардың бәрі жұртшылықтың көз алдында.

Балуан бауырымыздың атасы, даланың соңғы көкжалы Кеңған ақсақал туралы бір-екі ауыз лебіз айтпай кету тіпті мүмкін емес. Сақалы ақ күмістей аппақ, жасы шау тартса да еңкейіп еңсесі түспеген, екі иығы керегедей ол кісі менің әкемнің досы еді. Қарттығына қарамай шалма салып шалқайып тұра қалғанда, шауып бара жатқан небір шу асауды шалқасынан түсіретін. Ержанның әкесі Темірқұлды ертіп келіп, үйге талай түнегені бар. Әңгімеден жіп есетін шежіре қарт еді. Ондай кепиетті кісілер көрінбей барады қазір. «Айттым үлгі жастарға бермек үшін» дегендей, Ержанның елі, туған жері жөніндегі аз-кем әңгіме осы.

Сәулебек ЖӘМКЕНҰЛЫ

 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше