Мен Моңғолия қазақтарының арасында елдік істерге талайдан араласып жүрген адаммын. Барлық құрылтайларға қатыстым. Биыл Астанада өткен құрылтайда да Нұрекең салиқалы сөзімен бәрімізді разы етті. Кеше ғана Астанадағы Тәуелсіздік сарайында болдық. Халқымыздың игі жақсыларымен араласып-құраластық. Елбасымыздың жан-жүректі толғандырған сөзін естідік. Қанаттандық. Мейірлендік.
Қазақ елінің Тәуелсіздігі дүниеге қайта келгенде жер шарының қай тарабында жүрсе де бойында қазақтың қаны бар адамның барлығының жүрегіне шаттық ұялап, қатты толғанған еді. Міне, бүгін сол күдік те, толғаныс та бәрі артта қалып, атасында көрмегенде ботасында көріп жатыр біздің қазақ. Бұл жылдар ішінде Елбасымыз қазақтың бірлігін бекемдеу жолында ұлы істер атқарды. Ұлттық бірлік – ұлы жетістік.
Қазақстан өзінің тұңғыш Президентін аса көрегендікпен қалап алғандығын осы 20 жыл әбден дәлелдеп берді. Қазақ елінің бақ талайына сай тарих дүниеге әкеліп берген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің терең білімімен, дана ақыл-ойымен, жоғары адамгершілігімен, озық бастамасымен, батыл ұстанымдарымен төрт құбыласы тең басшы екендігін айдай әлемге тамаша танытты. Елдің ахуалы, келбеті осыдан 20 жыл бұрын қандай еді, бүгін қандай? Бұл елмен тұстас тәуелсіздігін алған басқа елдер қазір қандай күйде? Бұл сұрақтарға әрбір саналы адам жауап бере алады. Ең бастысы, Нұрсұлтан Назарбаевтың талантты көшбасшылығының арқасында Қазақстан өзінің егемендігін батыл шешімталдықпен жеңіп алып, тәуелсіздіктің барлық мүмкіндіктерін қамтамасыз етудің нәтижесінде қысқа мерзімде етек-жеңін жиып, талай тарихи ғасырларға татырлық қарышты қадаммен алға тартты. Әсіресе, Құдай бетін ары қылсын, ішкі ұлттық және саяси қақтығыстар мен асқынған алауыздықтар шығып, елдің құт-берекесін қашыратын қасіретті жағдайдың туындауына жол бермегендігі әркімді сүйіндіретін үлкен ерлік.
Нұрсұлтанды бізге Жаратқан Иеміз сыйлаған, тарих сыйлаған, өсер елдің маңдайына жазған. Нұрекеңнің қадамына әрдайым құт дарып, халқының нұрлы болашағы жолында ерлікпен, жігермен алға басып, ғұмыр жасы ұзақ болуын халқы тілеп, үлкен үміт артып отыр. Расында да, Қазақ елінің маңдайына Нұрекеңді Алла өзі берген. Әр нәрсенің өзінің орны болады. Кезегі келгенде айтылмаған сөз жетім демей ме? Қазақ елінің 20 жылдығында еленбеген еңбек қашан еленеді, осындайда айтылмаған сөз қашан айтылады деген оймен көңілімдегіні ақтарып айтып жатырмын. Мұндағы тағы бір ойым елдегі қандастарымыз басына қандай бақ орнап отырғанын біле түссе дегенім.
Қазақтың бағы артып, мерейі таси берсін. Алыстағы ағайындарыңыздың жүрекжарды тілегі осы.
Үзбен ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, Моңғолия жазушылар одағының мүшесі, Моңғолияның еңбек сіңірген байланысшысы.