Қазақстан • 17 Шілде, 2018

Астананың дамуы – елдің дамуы

1416 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Астананың көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Бас қаладағы тұрғындар санының артуы ондағы жол, көлік қозғалысының қиындауына әсер етеді. Бұған қоса, сәт сайын салынып жатқан жаңа ғимараттар, зәулім сарайлар, жаңа алаңдар мен саябақтардың пайда болуы қала картасының өзгеруіне ықпал етеді. Осының барлығын бір арнаға жүйелеп, болашақтың жоспарын бүгіннен бастап дұрыс жүйелеу – басты атқарылатын жұмыстардың бірі. Таяуда Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев елордадағы жаңадан салынып жатқан жол объектілерін аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Астананың дамуы – елдің дамуы

Елорда маңындағы елді мекендерді асфальттау жұмысы 2020 жылы толықтай аяқталады

Астана қаласында жаңадан салынып жатқан жол объектілерін аралау барысында Астана қалалық жолаушылар көлігі және жол-көлік инфрақұрылымы басқармасының жетекшісі Асхат Қара­ғойшин Үкіметтің қолдауымен 2019 жылы ел­орда маңындағы елді мекен­дер­дің жолдарына ішінара асфальттау жұ­мыс­тары жүргізілетін болса, 2020 жыл­­дың соңына дейін асфальт толықтай төсе­ле­тіндігін жеткізді. Аталған аймақ­тағы тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін қалаға қатынайтын жолдарды қалыпқа келтіру, жаңадан жолдар салу  қарқынды жүргізілуде. 

– Қала маңындағы елді мекендер алыс-жақындығына қарамастан асфальтталған жолмен қамтылуы тиіс. Өткен жылы қала маңындағы Ильинка, Көктал, Оңтүстік-Шығыс аудандарында барлығы 145 көше салынып, пайдалануға берілді, – деді А.Қарағойшин.

Жоспарға сәйкес биыл тағы 50 көше салу көзделсе, қазіргі уақытта оның 15-і аяқталып, ал 10 көше салыну үстінде.

– Қала маңындағы және де ішіндегі 150 көшені келер жылдың соңына дейін толықтай асфальттап бітіру керек. Орташа есеппен бір көшенің ұзындығы –  400 метр, ені 7 метр. Ал көшені жөндеуге 15 күн кетеді. Бір көшенің құны 50 млн теңге, – деді басқарма басшысы. 

Бүгінгі күні жер үйлер орналасқан аудан­дардағы жолдарға асфальт толық төселіп, жол жиегінің екі жағын инерт­ті материалдары мен нығайту жұмыстары жүр­гі­зіл­ген. Айталық, ұзындығы 400 метрдей болатын Бозторғай, Тайқазан сынды қыс­қа жолдар енді баяғыдай шұрық-тесік емес, керісінше тақтайдай тегіс, оқтаудай түзу. Елді мекен тұрғындары болса, аула­ға тас жол салынғалы бері қалаға жиі қа­тынауға мүмкіндік туғанын айтады. 

Бұған қоса №39 көше мен Ш.Қалдаяқов көшесіне дейінгі №27 көшенің құрылысы басталған. Онда 8 жолақты қозғалысқа арналған, ұзындығы 5,9 км болатын жаңа көше қолданысқа берілмек. Со­ны­мен қатар Бейсекова көшесінен Тұран даңғылына дейін жаңадан салы­нып жатқан жолдың құрылысы да 6 жол­ақты, ұзындығы 3 шақырымдай болады. Кіші айналма жол пайдалануға бе­ріл­ген соң Тұран және Қабанбай батыр даң­ғылдарында көлік кептелісі азаймақ. Атал­ған даңғылдар алдағы бірер жылда қол­данысқа беріледі деген жоспар бар. Сондай-ақ Ш.Бейсекова көшесінен бастап Тұран даңғылына дейінгі аймақта Сарайшық көшесі және Беларусь, Корея, Өзбекстан, Украина, Ресей, БАӘ, Малайзия, Қытай елшіліктері мен Қазақстан мұсылмандары діни бас­қар­ма­сына қатынайтын ұзындығы 4,425 ша­қы­рымды құрайтын 14 жаңа көшенің құрылысы қарастырылған. 

Елорда әкімі Ә.Исекешевтің айтуынша, Қабанбай батыр даңғылы «Рамстор» сауда үйінен бастап әуежайға дейін аралық алтыжолақты жол болып қайта салынады. «Біз бұл жұмыстарды 2020 жылға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз», деді қала әкімі.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Құсман Айтмұхаметов аталған құрылыс жобасы бойынша қаулы дайындалып жатқанын жеткізді. 

Сонымен қатар қала басшысы Тәу­ел­сіздік сарайынан жаңа «Нұрлы жол» вокзалына дейін жаңа «Мың­жыл­дық» аллеясы құрылысының бас­тал­ғанын атап өтті. Осы аймақта ал­дағы 5 жыл кө­ле­мінде жаңа қалашық тұр­ғызылады деп жоспарланған. Одан бө­лек, қаланың бас­ты көлік ағыны өтетін Мәңгілік Ел, Тұран, Қабанбай батыр даңғылдарынан «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ көмегімен үлкен және кіші айналма жолдар салу қолға алынған. Аталған жобалардың барлығы алдағы екі жылда толықтай аяқталады деген жоспар бар.

«Ақылды» бағдаршамдар

Осыдан екі ай бұрын Республика даңғылында пилоттық жоба ретінде тірек арқылы визуалды жарық беретін бағ­дар­шам орнатылған болатын. Аталған бағ­даршамдар Мәскеу, Киев, Дубай секіл­ді әлемнің басқа да ірі қалаларында қол­даныста бар. Енді осындай ерекше бағ­даршамдар Астанада орнатылып отыр. 

Астана қаласының жолаушылар көлігі жә­не жол-көлік инфрақұ­ры­лымы басқар­ма­сының жетек­шісі А.Қара­ғой­шиннің ай­ту­ын­ша, аталған бағдар­ша­м­дар тиісті сынақтардың бар­лығынан өт­кен. 

̶  тБіз үшін бағдаршамдардың басты маңызы – қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Аталған бағдаршамның ерекшелігі күндіз де, түнде де алыстан көрінетін жарық диодтары жанып тұрады, оны байқамау мүмкін емес. Ең бастысы, жол апаттарын азайтады. Өз кезегінде жаяу жүргіншілердің де еркін жүріп-тұруы қарастырылған, – деді А.Қарағойшин. Оның айтуынша, қала бойынша жол-көлік оқиғасы жиі болатын қауіпті аймақтарға тағы да 11 бағдаршам орнату жоспарланып отыр. Сонымен қатар басқарма басшысы Республика даңғылына орнатылған ерекше бағдаршамды сынақтан өткізу кезінде аталған аймақта бірде-бір жол-көлік ережесін бұзу оқиғасы тіркелмегенін айтады. Бұған қоса, ерекше бағдаршамның кәдімгі бағдаршамнан қымбатырақ болғанымен, тиімді екенін де тілге тиек етті. 

Астананың әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына ондағы халық саны­ның жылдан-жылға еселене түсуі себеп. Бұл ретте қаладағы ішкі-сыртқы қозғалыстың да күрделене түсері анық. Мамандар бас қаладағы тұрғындар саны 2 млн-ға жеткен жағдайда ондағы көлік қозғалысын реттеп, алдын ала қамдануда. Ең алдымен, қа­ла­дағы кептелістің алдын алу, жол-көлік оқиғаларында тұрғындардың қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету басты назарда болмақ. Астананың бүгінгі, ертеңгі келбеті, құрылыстар аяқталған кездегі жол қатынастарының жүйелі реттелуі де оң шешім табуда. Ол үшін қала бойынша интеллектуалды көлік жүйесі (ITS) іске қосылған. 

– «Астана LRT» ЖШС 2014 жылы ITS жобасын қолданысқа енгізді. Ол Сарыарқа, Тұран, Сарайшық, Қонаев, Достық және Сығанақ көшесіндегі 42 реттелетін жол қиылысын автоматты басқаруды қамтиды. ITS жүйесі іске қосылғалы бері көлік ағындарын басқарудағы тиімділігін көріп отырмыз, – деді «Астана LRT» ЖШС Басқарма Төрағасы Бекмырза Қайыргелдіұлы. Оның айтуынша, қазіргі таңда 114 бағдаршам объектісін қамтитын ITS жобасының екінші кезеңін іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Интеллектуалды көлік жүйесіне барлығы 402 реттелетін жол қиылысын қосу жоспарланып отыр. 

Сонымен бірге қаланың көлік инфра­құ­рылымын бірыңғай басқаруға арналған трафикті басқару орталығы құрылып, онда бүгінгі қаладағы даңғыл­дар­дан бастап, жолақтарға дейінгі қозғалыстар онлайн режімде бақыланады. 

iKomek орталығының көмегі көп

Алып шаһар елордадағы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, түйіні күрмеулі сан түйткілдің шешімін табу, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қам­тамасыз ету сынды мәселелерді оңтай­лы шешіп отыратын iKomek орталығы 6 бағыт бойынша жұмыс жасап, 28 сала бойынша қызмет көрсетеді. iKomek орта­лығының жетекшісі Жаннат Дубирова­ның айтуынша, аталған орталық 24 сағат бойы Астана тұрғындарының барлық сұрақтарына жауап беретін әмбебап көмекшіге айналған. Орталық қаладағы барлық саланы қамтамасыз ететін қызмет бойынша кеңес береді, тұрғындардың арыз-шағымдарын қабылдайды, тіпті әлеуметтік желі арқылы келіп түскен шағымдардың оң шешім табуын қам­та­масыз етеді. iKomek орталығы бел­гілі бір мәселемен қоңырау шалған қала тұрғынына 16 секунд ішінде жауап беріп, әлеуметтік желі бойынша 10 минутта көтерілген мәселенің ақ-қарасын анықтауға, 7 күн ішінде шағымдарды қарап, жауап ұсынуға машықтанған. 

– Біздің iKomek орталығының қызмет көрсету каталогінде операторлар бірінші хабарласқан сәттен-ақ жауап беретін 770-тен астам қызмет түрі бар, – деді орталық жетекшісі. Орталық тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де елеулі жұмыстар атқаруда. Оның нәтижесі де жаман емес. Өткен жылмен салыстырғанда биыл жол-көлік оқиғасы бойынша қайтыс болғандардың саны 35 пайызға төмендеді. Ал Астана қаласы Ішкі істер департаменті келтірген мәлімет бойынша iKomek орталығы арқылы қаладағы 524 қылмыстың беті ашылып, соның ішінде кісі өлімі бойынша – 4, қарақшылық бойынша – 2, тонау – 29 және ұрлық бойынша 236 қылмыс анықталған. Бұдан бөлек орталық аясында елорда тұрғындарының пікірлері жиналып, келіп түскен арыз-шағымдар сарапталып, қала әкімдігіне жеткізу арқылы туындаған мәселелерді шешу жолдары қарастырылып отыр.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»