Елорда маңындағы елді мекендерді асфальттау жұмысы 2020 жылы толықтай аяқталады
Астана қаласында жаңадан салынып жатқан жол объектілерін аралау барысында Астана қалалық жолаушылар көлігі және жол-көлік инфрақұрылымы басқармасының жетекшісі Асхат Қарағойшин Үкіметтің қолдауымен 2019 жылы елорда маңындағы елді мекендердің жолдарына ішінара асфальттау жұмыстары жүргізілетін болса, 2020 жылдың соңына дейін асфальт толықтай төселетіндігін жеткізді. Аталған аймақтағы тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін қалаға қатынайтын жолдарды қалыпқа келтіру, жаңадан жолдар салу қарқынды жүргізілуде.
– Қала маңындағы елді мекендер алыс-жақындығына қарамастан асфальтталған жолмен қамтылуы тиіс. Өткен жылы қала маңындағы Ильинка, Көктал, Оңтүстік-Шығыс аудандарында барлығы 145 көше салынып, пайдалануға берілді, – деді А.Қарағойшин.
Жоспарға сәйкес биыл тағы 50 көше салу көзделсе, қазіргі уақытта оның 15-і аяқталып, ал 10 көше салыну үстінде.
– Қала маңындағы және де ішіндегі 150 көшені келер жылдың соңына дейін толықтай асфальттап бітіру керек. Орташа есеппен бір көшенің ұзындығы – 400 метр, ені 7 метр. Ал көшені жөндеуге 15 күн кетеді. Бір көшенің құны 50 млн теңге, – деді басқарма басшысы.
Бүгінгі күні жер үйлер орналасқан аудандардағы жолдарға асфальт толық төселіп, жол жиегінің екі жағын инертті материалдары мен нығайту жұмыстары жүргізілген. Айталық, ұзындығы 400 метрдей болатын Бозторғай, Тайқазан сынды қысқа жолдар енді баяғыдай шұрық-тесік емес, керісінше тақтайдай тегіс, оқтаудай түзу. Елді мекен тұрғындары болса, аулаға тас жол салынғалы бері қалаға жиі қатынауға мүмкіндік туғанын айтады.
Бұған қоса №39 көше мен Ш.Қалдаяқов көшесіне дейінгі №27 көшенің құрылысы басталған. Онда 8 жолақты қозғалысқа арналған, ұзындығы 5,9 км болатын жаңа көше қолданысқа берілмек. Сонымен қатар Бейсекова көшесінен Тұран даңғылына дейін жаңадан салынып жатқан жолдың құрылысы да 6 жолақты, ұзындығы 3 шақырымдай болады. Кіші айналма жол пайдалануға берілген соң Тұран және Қабанбай батыр даңғылдарында көлік кептелісі азаймақ. Аталған даңғылдар алдағы бірер жылда қолданысқа беріледі деген жоспар бар. Сондай-ақ Ш.Бейсекова көшесінен бастап Тұран даңғылына дейінгі аймақта Сарайшық көшесі және Беларусь, Корея, Өзбекстан, Украина, Ресей, БАӘ, Малайзия, Қытай елшіліктері мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қатынайтын ұзындығы 4,425 шақырымды құрайтын 14 жаңа көшенің құрылысы қарастырылған.
Елорда әкімі Ә.Исекешевтің айтуынша, Қабанбай батыр даңғылы «Рамстор» сауда үйінен бастап әуежайға дейін аралық алтыжолақты жол болып қайта салынады. «Біз бұл жұмыстарды 2020 жылға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз», деді қала әкімі.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Құсман Айтмұхаметов аталған құрылыс жобасы бойынша қаулы дайындалып жатқанын жеткізді.
Сонымен қатар қала басшысы Тәуелсіздік сарайынан жаңа «Нұрлы жол» вокзалына дейін жаңа «Мыңжылдық» аллеясы құрылысының басталғанын атап өтті. Осы аймақта алдағы 5 жыл көлемінде жаңа қалашық тұрғызылады деп жоспарланған. Одан бөлек, қаланың басты көлік ағыны өтетін Мәңгілік Ел, Тұран, Қабанбай батыр даңғылдарынан «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ көмегімен үлкен және кіші айналма жолдар салу қолға алынған. Аталған жобалардың барлығы алдағы екі жылда толықтай аяқталады деген жоспар бар.
«Ақылды» бағдаршамдар
Осыдан екі ай бұрын Республика даңғылында пилоттық жоба ретінде тірек арқылы визуалды жарық беретін бағдаршам орнатылған болатын. Аталған бағдаршамдар Мәскеу, Киев, Дубай секілді әлемнің басқа да ірі қалаларында қолданыста бар. Енді осындай ерекше бағдаршамдар Астанада орнатылып отыр.
Астана қаласының жолаушылар көлігі және жол-көлік инфрақұрылымы басқармасының жетекшісі А.Қарағойшиннің айтуынша, аталған бағдаршамдар тиісті сынақтардың барлығынан өткен.
̶ тБіз үшін бағдаршамдардың басты маңызы – қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Аталған бағдаршамның ерекшелігі күндіз де, түнде де алыстан көрінетін жарық диодтары жанып тұрады, оны байқамау мүмкін емес. Ең бастысы, жол апаттарын азайтады. Өз кезегінде жаяу жүргіншілердің де еркін жүріп-тұруы қарастырылған, – деді А.Қарағойшин. Оның айтуынша, қала бойынша жол-көлік оқиғасы жиі болатын қауіпті аймақтарға тағы да 11 бағдаршам орнату жоспарланып отыр. Сонымен қатар басқарма басшысы Республика даңғылына орнатылған ерекше бағдаршамды сынақтан өткізу кезінде аталған аймақта бірде-бір жол-көлік ережесін бұзу оқиғасы тіркелмегенін айтады. Бұған қоса, ерекше бағдаршамның кәдімгі бағдаршамнан қымбатырақ болғанымен, тиімді екенін де тілге тиек етті.
Астананың әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына ондағы халық санының жылдан-жылға еселене түсуі себеп. Бұл ретте қаладағы ішкі-сыртқы қозғалыстың да күрделене түсері анық. Мамандар бас қаладағы тұрғындар саны 2 млн-ға жеткен жағдайда ондағы көлік қозғалысын реттеп, алдын ала қамдануда. Ең алдымен, қаладағы кептелістің алдын алу, жол-көлік оқиғаларында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда болмақ. Астананың бүгінгі, ертеңгі келбеті, құрылыстар аяқталған кездегі жол қатынастарының жүйелі реттелуі де оң шешім табуда. Ол үшін қала бойынша интеллектуалды көлік жүйесі (ITS) іске қосылған.
– «Астана LRT» ЖШС 2014 жылы ITS жобасын қолданысқа енгізді. Ол Сарыарқа, Тұран, Сарайшық, Қонаев, Достық және Сығанақ көшесіндегі 42 реттелетін жол қиылысын автоматты басқаруды қамтиды. ITS жүйесі іске қосылғалы бері көлік ағындарын басқарудағы тиімділігін көріп отырмыз, – деді «Астана LRT» ЖШС Басқарма Төрағасы Бекмырза Қайыргелдіұлы. Оның айтуынша, қазіргі таңда 114 бағдаршам объектісін қамтитын ITS жобасының екінші кезеңін іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Интеллектуалды көлік жүйесіне барлығы 402 реттелетін жол қиылысын қосу жоспарланып отыр.
Сонымен бірге қаланың көлік инфрақұрылымын бірыңғай басқаруға арналған трафикті басқару орталығы құрылып, онда бүгінгі қаладағы даңғылдардан бастап, жолақтарға дейінгі қозғалыстар онлайн режімде бақыланады.
iKomek орталығының көмегі көп
Алып шаһар елордадағы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, түйіні күрмеулі сан түйткілдің шешімін табу, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды мәселелерді оңтайлы шешіп отыратын iKomek орталығы 6 бағыт бойынша жұмыс жасап, 28 сала бойынша қызмет көрсетеді. iKomek орталығының жетекшісі Жаннат Дубированың айтуынша, аталған орталық 24 сағат бойы Астана тұрғындарының барлық сұрақтарына жауап беретін әмбебап көмекшіге айналған. Орталық қаладағы барлық саланы қамтамасыз ететін қызмет бойынша кеңес береді, тұрғындардың арыз-шағымдарын қабылдайды, тіпті әлеуметтік желі арқылы келіп түскен шағымдардың оң шешім табуын қамтамасыз етеді. iKomek орталығы белгілі бір мәселемен қоңырау шалған қала тұрғынына 16 секунд ішінде жауап беріп, әлеуметтік желі бойынша 10 минутта көтерілген мәселенің ақ-қарасын анықтауға, 7 күн ішінде шағымдарды қарап, жауап ұсынуға машықтанған.
– Біздің iKomek орталығының қызмет көрсету каталогінде операторлар бірінші хабарласқан сәттен-ақ жауап беретін 770-тен астам қызмет түрі бар, – деді орталық жетекшісі. Орталық тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де елеулі жұмыстар атқаруда. Оның нәтижесі де жаман емес. Өткен жылмен салыстырғанда биыл жол-көлік оқиғасы бойынша қайтыс болғандардың саны 35 пайызға төмендеді. Ал Астана қаласы Ішкі істер департаменті келтірген мәлімет бойынша iKomek орталығы арқылы қаладағы 524 қылмыстың беті ашылып, соның ішінде кісі өлімі бойынша – 4, қарақшылық бойынша – 2, тонау – 29 және ұрлық бойынша 236 қылмыс анықталған. Бұдан бөлек орталық аясында елорда тұрғындарының пікірлері жиналып, келіп түскен арыз-шағымдар сарапталып, қала әкімдігіне жеткізу арқылы туындаған мәселелерді шешу жолдары қарастырылып отыр.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»