Соңғы жылдары облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың дем беруімен Қамбаш көлінің жағасында балықшылардың слетін өткізу дәстүрге айналған болатын. Биыл да өтті. Арал өңірі балықшыларының ІV слетіне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Парламент Мәжілісі депутаттары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Халықаралық Аралды құтқару қорының өкілдері, сала ардагерлері және Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Ресей Федерациясынан делегациялар келді.
– Елбасының бастамасымен жүзеге асқан «Ғасыр жобасы» атанған Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жобасы аясында атқарылған ауқымды шаралар нәтижесінде балық шаруашылығы саласы жаңа деңгейге көтеріліп, қарқынды дамып келеді, – деді облыс әкімі салтанатты жиында. – Қасиетті Сыр елі өзінің жерасты байлығы – мұнай, уран, түрлі-түсті металдар, ақ күріші, төрт-түлік малымен бірге Арал балығымен мақтана алатындай берекелі, құтты мекенге айналуда. Көп жыл ұмыт болып, бүгінде дәстүрге айналған балықшылар слетінің негізгі мақсаты – саланың жаңа замандағы алар орны жайлы ой салу, осы кәсіпті дамытудың жолдары туралы пікір алмасу болады.
Бүгінде Арал теңізінен жылына 8 мың тоннаға дейін балық ауланады. Соңғы 5 жылда аймақтағы балық аулау көрсеткіші 2 есеге артқан. 2013 жылдан бері балық өнімдерін өңдейтін 4 зауыт салынса, оның 4-еуі өнімдерін Еуропа елдеріне экспорттауға мүмкіндік беретін еурокодқа ие.
Балық өнімдері Ресей, Грузия, Әзербайжан, Дания, Польша мен Қытай елдеріне экспортталып жатыр. 2012 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 8 есеге артты. 2018 жылдың І жартыжылдығында балық өнімдерін экспорттауда 32 пайызға өсім байқалды.
Салтанатты жиында балық шаруашылығының дамуына айрықша үлес қосқан азаматтар мен еңбек ардагерлері Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімінің Алғыс хатымен, Құрмет грамотасымен және медальдармен марапатталды. Арал теңізінің жағдайы Мемлекет басшысының ұдайы назарында. Биыл Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың облысқа жасаған сапарында аймақтағы балық шаруашылығының жағдайы және Аралда өткен арнайы мәжілісте «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС-2) жобасының екінші фазасының іске асырылу барысы кеңінен талқыланған болатын.
Нәтижесінде САРАТС-2 жобасының екінші фазасының 4 компонентін республикалық бюджет есебінен іске асыру жөнінде шешім қабылданды. Қызылорда су торабын кешенді жөндеу, Жалағаш, Қармақшы аудандарында өзеннің қорғаныс бөгеттерін нығайту және арнасын түзету, Қазалы ауданында Бірлік елді мекенінің тұсында көпір салу жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар балықшылардың өтініші бойынша Көкарал бөгетін нығайту және «Қарашалаң» мен «Тұщы» көлдерінің тұсында өзеннің атырабын қалпына келтіру жөнінде де тиісті шешімдер қабылданды. Бұл шаралар Көкарал бөгетін нығайтуға, Солтүстік Арал теңізінің су айналымын қалыптастыруға, теңіздің тұздануын төмендетуге және балықтардың Үлкен Арал теңізіне кетуін азайтуға мүмкіндік береді.
Өткен жылы Орталық Азия елдері өкілдерінің қатысуымен Қызылордада ұйымдастырылған Аралды халықаралық тұрақты дамыту бірінші форумы барысында Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылған күні 26 наурыз – «Арал теңізінің күні» болып жарияланған болатын. Биыл Халықаралық Аралды құтқару қорының 25 жылдығы аясында алғаш рет «Арал теңізінің күні» облыста салтанатты түрде аталып өтілді.
Елбасының бастамасымен дүниеге келген «САРАТС» жобасы Кіші Аралды қалпына келтіру арқылы осы өңірдегі елдің әл-ауқатын жақсартып қана қоймай, балық шаруашылығын қайта дамытуға ықпал етті. Айдын асқақтап тұрған кезінде тайдай тулаған балықтың Арал тартылып, тұзы бетіне шыққанда тұқымы құрып кете жаздаған болатын. Тұзды суда өмір сүреді деп камбала сияқты балықтар әкелінген болатын. Бүгінде Кіші Аралда балықтың жиырмадан астам түрі өсіп, көз қуанышына айналды. Кіші Аралдан бөлек Сырдария және 203 су ай-
дынынан жылына сегіз мың тоннаға дейін балық ауланады. Сонау 2000 жылдармен салыстырғанда балық аулау 20 есеге өскендігі Кіші Аралға салған инвестицияның жақсы ақталып жатқандығын айғақтайды.
Тәуелсіздік алған жылдары Елбасының алдында Қызылорда облысын тарату, Арал теңізі маңайындағы тұрғындарды басқа жаққа көшіру мәселесі тұрыпты. Сол кездегі ауыр жағдайға салғанда ешкім сөге алмайтын мемлекеттік мәселе болған. Бірақ Мемлекет басшысы қанша ауыр тисе де Қызылорда облысы және Аралды сақтап қалу жағында болып, нар тәуекелге барған. Үміт ақталды. Бүгінде Қызылорда облысы республикада көш басындағылардың санатында. Қалың ел күдер үзген Арал теңізі бүгінде өңірді пайдаға шығарып жатыр.
Арал теңізінде өскен балықтарды экспорттауға мүдделі мемлекеттердің қатары көбейіп келеді. Ресейде қазақ инвесторлары балық өңдеу зауытын салып, елімізге қаржы тартып жатыр. Аралда өткен балықшылар слеті осы жұмыстарды алға қарай жалғастырудың алғышарттарын талқылады. Бір кездері «балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған» ұлы теңіздің жаңа дәуірі басталды.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы