Білім • 18 Шілде, 2018

Жетісайдағы Бауыржан Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназия үздіктері көп үлгілі мектеп

3151 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан облысында бір мектеп бар, түлектерінің барлығы дерлік ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсетеді. Тағы бір ерекшелігі жыл сайын түлектерінің 40-50-і «Алтын белгі» мен 20-дан астамы «Үздік аттестат» иегері атанып шығады. Таңғалатындар да, мұндай жоғары көрсеткіштің құпиясын білгісі келетіндер де көп. Мектеп мұғалімдерінің айтуынша, ешқандай да құпия жоқ. Тек әрбір ұстаз өз міндетін мінсіз атқарып, әр оқушы білімге деген таудай талаппен мектепке асығады.

Жетісайдағы Бауыржан Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназия  үздіктері көп үлгілі мектеп

Иә, біз айтып отырған Мақтарал ауданы Жетісай қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназия түлектерінің биыл 50-і «Алтын белгі», 17-сі «Үздік аттестат» иегері атанып отыр. 2017-2018 оқу жылында 70 оқушы мектеп бітірді, енді қанша пайызы «Алтын белгі» алып, «үздік» атанғанын есептей беріңіз. Аталмыш білім ошағы әр жылы бәсекеге қабілетті ұрпақ даярлап, білім бәсекесінде республикалық деңгейде де жоғары орыннан көрініп келеді.

Мектеп-гимназияның директоры, «Құрмет» орденінің иегері Өмірхан Қозыбақтың айтуынша, өткен жылы да мектеп 40 «Алтын белгі», 25 «Үздік аттестат» иегерлерін шығарып, жоғары жетістікке жеткен. «Оқушыларымыздың білімге деген ынта-талабы жоғары. Қорытынды аттестаттау емтихандарына үлкен жауапкершілікте даярлықпен келіп, өте жақсы тапсырды. ҰБТ кезінде әр бала тағдырына алаңдаймыз. Дегенмен сыннан сүрінбей жақсы балл жинайтындарына сенімді боламыз. Өйткені 11-сынып оқушыларын жыл бойында ҰБТ-ға даярлау мақсатында 94 тест алынып, орта көрсеткішіміз 120 балды құраған болатын. Түлектеріміз осы деңгейді дәлелдеп те келеді», – дейді Ө.Қозыбақ.

Расында да аудандағы үздік білім ұясы саналатын Б. Момышұлы мектеп-гимназиясының түлектері орташа 119,8 бал көрсеткішімен облыста да үздіктер қатарынан көрінді. Жалпы, Мақтарал ауданында Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша орташа көрсеткіш 75,8 балл болды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 5,3 балға жоғары. 518 түлек 100 және одан жоғары балл жинаса, «Дарын» мектеп-интернатының оқушысы Мейірбек Қазыбек 138 балмен көш бастады. Айта кетейік, биыл Мақтарал ауданында 4524 түлек мектеп бітірсе, соның 2807-і ұлттық бірыңғай тест тапсыруға өтініш берген болатын. Өткен жылы ауданда 189 «Алтын белгі» иегері шықса, биыл 211 оқушы «Алтын белгі» иегері атанып отыр. Сондай-ақ 2017 жылы 84 оқушы 120 және одан жоғары балл жинаса, биыл 187 оқушы 120 балдан жоғары көрсеткішке ие болған.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы