Білім • 19 Шілде, 2018

Қызылорда түлектері грантпен оқиды

517 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кездесу барысында Қызылорда облы­сының әкімі Қырымбек Көшер­баев аймақта жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша студенттерді оқытып, жұмыспен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Қызылорда түлектері грантпен оқиды

«Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балы бойынша облысымыз үздік 5 өңірдің қатарында. Ал 5 жыл бұрын 16-орында болатын. Ресейдің жетекші техникалық университеттерімен ты­ғыз байланыс орнатудың арқасында бүгінде 452 мектеп бітірушіміз Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларының үздік жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Биыл студенттердің алғашқы легі диплом алады, олардың жұмысқа орналасу мәселесін біз алдын-ала дайындадық», деді Қырымбек Елеу­ұлы.

Парламентаралық Ассамблея жа­нындағы университет құрамында 3 инс­титут, 4 факультет пен 17 кафедра бар. Университет ректоры Ерлан Ысқақов оқу орнының негізгі мамандықтары қатарында бизнес-информатика, заң­герлік қызмет көрсету, туризм, эконо­мика, менед­жмент, кеден ісі, жарнама және жұртшылықпен байланыс, кон­фликтология, дизайн, қолданбалы көр­кемөнер және ұлттық кәсіпшілік, сау­да ісі, психология бар екендігін айтты.

«Қызылорда облысы алғашқы­лардың бірі болып кадрларды дайын­дау саласында әріптестік орнату бойын­ша ұсынысымызға келіскеніне өте қуаныштымыз. Қазіргі таңда мамандарды даярлау мәселесінде же­ке көзқарас тиімді. Биыл универ­ситетімізге қосылған жаңа бағыт – бизнес-информатика. Бұл мамандық аясында студенттер цифрлы экономика дамыған заманда блокчейн мен криптовалюта саласын зерттейтін болады», деді ол.

Сонымен қатар университет өкіл­дері қызыл­ордалық мұғалімдер мен ғылыми қызметкерлерді Нобель сый­лы­ғының лауреаты Жорес Ивано­вич Алферов басқаратын Еуразиялық ғылы­ми форумға қатысуға шақырды. Форум жыл сайын күзде ТМД елдері­нің қатысуымен өтеді.

Меморандум аясында тараптар бірлескен іс-шаралар мен жобаларды қолға алмақ. Университет оқу­ға түсу сынақтарынан сәтті өткен қызылор­далық түлектерге жыл сайын 10 грант бөлетін болады.

Қызылорда түлектеріне 2014 жылдан бас­тап Мәскеу болат және қорыт­палар институты, Санкт-Петербург өсім­дік полимерлері мемлекеттік тех­ноло­гиялық университеті, К.А.Тими­рязев атындағы Ресей мем­­­лекет­тік аграрлық университеті мен И.М.Губкин атындағы Ресей мем­лекет­тік мұнай және газ универ­ситеті өңірге қажетті мамандықтар бойынша оқыту үшін гранттарды бөліп келеді. Сонымен қатар биылдан бастап қызылордалық жастар үшін «Киберқауіпсіздік» және «Математикалық процестерді модельдеу» мамандықтары бойынша М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің магистратурасына 20 грант бөлінетін болды.

Жыл сайын облыс әкімінің грант­тары есебінен ауылды жер­дегі аз қамтылған отбасылардан шыққан 100-ге жуық жас білім алып жатыр. Қазіргі таңда грант иелерінің саны 700-ге жетті. Биыл грант санын 200-ге жеткізіп, оның 70 процентін ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтарға бағыттау жоспарланған.

Қызылорда облысының әкімдігі өңірге қат мамандықтар бойынша мәселені осылайша шешіп жатыр.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы