Бұл шараның мақсаты – кохлеарлы имплант жүйесі орнатылған балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеп, есту және сөйлеу қабілеттерін жетілдіре отырып, сөздердің мағынасын еркін түсініп, сөздік қорларын дамыту. 15 тәулік бойы өтетін оңалту шарасында орталық бөлімшелерінен арнайы шақыртылған сурдопедагог, логопед, психолог мамандар 10 және 15 жас аралығындағы 31 балаға қажетті көмек жасамақ. Есту қабілеті зақымданған балалардың сөйлеу процессорларын баптау, қарым-қатынастық дағдыларын қалыптастыру, кохлеарлы имплант аппаратымен қоршаған ортаның дыбыстарын есту арқылы қабылдау қасиеттерін жетілдіру, тілдік қабілеттерін дамыту, ауызша сөйлеу қабілеттерін, бейвербалды ой-өрістерін дамыту, оңалту бағдарламасына кіретін зерделі ойындар және ата-аналарға психологиялық көмек беру қызметтері атқарылатын болады.
Мамандардың пайымдауынша, кохлеарлы имплант жүйесі орнатылған балалардың есту және сөйлеу қабілеттерін дамыту жұмыстары айтарлықтай нәтиже беруі үшін сала мамандары және ата-аналардың тығыз қарым-қатынасы қажет. Ал Әлеуметтік оңалту орталығы балаларды оңалтуда жоғары нәтижеге жетелейтін өзіндік «үміт ошағы» рөлін атқаруда.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен жүзеге асып отырған бұл шара, ерекше қажеттілікке мұқтаж балаларға коммуникативтік дағдыларын дамытумен қатар, олардың қоғамдық өмірге біртіндеп енулерін тездетіп, ата-аналарына да жеңілдік әкеліп отыр.