Аймақтар • 19 Шілде, 2018

Мұнай саласының ардагері Есет Әзербаевқа мүсін қойылды

755 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орал қаласындағы газ, мұнай және салалық технологиялар колледжі ғимаратының алдына ардагер мұнайшы, Қазақстан Республикасында тұңғыш ұлттық газ компаниясын ұйымдастырушы, академик, экономика ғылымының докторы Есет Рауатұлы Әзербаевтің бюсті орнатылды.

Мұнай саласының ардагері Есет Әзербаевқа мүсін қойылды

Фото: Рафхат ХАЛЕЛОВ

Белгілі мұнайшы-ғалым, «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерінің иегері, экономика ғылымдарының докторы, бірнеше кітаптың авторы Есет Әзербаевтың өмір жолы күрделі де қызықты. Арғы атасы Әзербай қажыға бірнеше барып, ғұлама білімімен «шейх» атанған, әулеті Батыс Қазақстанның Тайпақ өңірінде айтулы бай, төңкерістен бұрын-ақ техника тілін меңгеріп, лобогрейка пайдаланып аты шыққан екен. Большевиктер билік алып, ауқатты қазақтың басына ақырзаман орнағанда, туған жерінен түп көтеріле көшкен жұрттың ішінде Әзербаевтар әулеті де бар еді. Есет Рауатұлының 1941 жылы башқұрт жерінде дүниеге келген себебі сол.

1964 жылы Уфа мұнай институтын бітірген Есет Әзербаев Орынбор облысындағы Домбаров газ компрессоры стансасында үш жылдай жұмыс атқарып, Қазақстанға, Атырау облысына ауысқан екен. «Орталық Азия» орталығында магистралды газ құбыры Мақат аудандық басқармасында төрт жыл жауапты қызмет атқарған жас маман 1974-1981 жылдары салынып жатқан «Орынбор-Батыс Шекара» газ құбыры Орал әкімшілігін, «Закаспийсктрансгаз» өндірістік бірлестігін басқарған. 1981-1987 жылдары «Саратовтрансгаз» өндірістік бірлестігінің бас директоры болса, 1987-1989 жылдары алыс Ливияда еңбек етіпті. 1989 жылдан «Югтрансгаз» (Саратов) бірлестігі бас директорының орынбасары болды. «Оралық-Азия» орталығының газ құбырын жүргізумен қоса кезінде жеке министрлік деңгейде болған «Қазақгаз» компаниясын ұйымдастырды. Осылайша «Қазақгаз» компаниясы 1991 жылдың 19 қыркүйегінде, тәуелсіздіктен бұрын құрылды. Кейін Есет аға «Батыстрансгаз» АҚ, «Арқагаз» АҚ-ны құрып, басшылық еткен еліміздің газ шаруашылығы саласын дамытуда айтарлықтай еңбек сіңірді. Мұнай ардагерінің өңіріндегі «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендері шынайы еңбегі мен ел құрметінің көрінісі еді.

Есет Әзербаевтың бюстін ашу салтанатына Қазақстанның Еңбек ері, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ экс-президенті, «Қазақстан Инженеринг»бірлестігі төрағасының орынбасары, академик, техника ғылымдарының докторы Ұзақбай Қарабалин Астанадан арнайы келіпті. Есет ағамыздың 1991-1995 жылдары Орал қаласында Ұлттық Газ компаниясының Президенті, басқарма төрағасы, «ҚазақГаз» мемлекеттік холдинг компаниясы Президенті қызметін атқарған жылдары «Қазақгазды» аяғынан тік тұрып, республикадағы 16 газ тасымалдау өндірісін біріктіріп, жеке өндіріс саласына айналдырғаны, «Қарашығанақ» кен орнын игеруге қатысып, «Бұхара-Орал», «Орта-Азия-орталық», «Одақ», «Орынбор-Новопсков», «Газли-Шымкент-Бишкек-Алматы» сияқты ірі газ тасымалдаушы өндірістерге операторлық қызметі, Әзербаевтың бастауымен еліміздің мұнай-газ саласына алғашқы шетел инвестициясының келуі т.б. естеліктер ортаға салынды.

1993-1995 жылдары «ҚазақГаз» газ қоры, тасымалдау жүйесінің ұзындығы т.б. көрсеткіштерімен әлемдегі ең ірі 10 газ компаниясының қатарына кірген екен. Есет Рауатұлының 1992-1997 жылдары газ тасымалы туралы баяндамалары, ғылыми мақалалары әлемдік басылымдарда жарияланып тұрған. Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан 2030» бағдарламасына кірген Елімізді толық газдандыру, республикалық мұнай-газ саласының тұжырымдамасы Е.Әзербаевтың басшылығымен жасалған. Атап айтқанда «Рудный-Костанай» мен БҚО ауданаралық газ құбырлары салынды, «Атырау-Самара» МҚ-нің екінші желісі газ тасымалдауға айналдырып, Жайықтың оң жағалауындағы елді мекендерге көгілдір отын жеткізілді. Бұл туралы ардагер дипломат, қоғам қайраткері Нәжімеден Есқалиев, Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты Нариман Төреғалиев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет орденінің» және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, мұнай саласының ардагері, Е.Әсербаевтың туысы Жақсылық Закиров, республикалық «КАТЭК» жобалық-зерттеу компаниясының бас директоры, профессор Құндыз Нұпов және басқалары атап өтті.

Орал қаласында және ардагер мұнайшының атажұрты – Базартөбе ауылында Есет Әзербаевтың бюстін қоюға мұрындық болған, қаржылай қолдау көрсеткен - «КАТЭК» жобалық-зерттеу компаниясының бас директоры Құндыз Нұпов болса, Оралдағы «Конденсат» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Валерий Жүнісов жаңа алаңқайды абаттандыруға атсалысыпты. Ал Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің директоры Серік Мұхамбетәлиевтің қолдауымен колледжде Есет Әзербаев атындағы аудитория ашылды. Бұған қоса Құндыз Шамақұлы колледждің үздік оқитын қос студентіне 50 мың теңгелік Есет Әзербаев атындағы стипендия тағайындады.

- Есет Әзербаев алғыр басшы, еліміздің және оның ішінде Батыс Қазақстанның газ шаруашылығы саласына қосқан үлесі өлшеусіз мұнайшы еді. Ағамыздың араб тіліне жетік болып, Құранды аударғанын, өлкетанушылық бағытта бірнеше кітапқа автор болғанын да қалың көпшілік біле бермейді. Есет Әзербаевқа көрсетілген құрмет – ең алдымен еліміздің тарихына, ардагер азаматтардың еңбегіне берілген баға деп есептеймін, - дейді Қадыр Мырза Әлі қоғамдық қорының директоры, әнші-композитор Донеділ Қажымов.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Соңғы жаңалықтар