Қазақстан • 19 Шілде, 2018

Маңғыстауда экологтарға жемқорлықты болдырмау жайлы айтылды

355 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысы бойынша Экология департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау мәселелері көтерілді. 

Маңғыстауда экологтарға жемқорлықты болдырмау жайлы айтылды

Мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының басшысы Нұрбол Долдашев өз баяндамасында мемлекеттік қызметті таңдаған адамның қоғамға үлгі болуы қажеттігіне ерекше тоқталды. «Мемлекеттік қызметшіге қойылар талап жоғары. Әдеп кеңесінде біз мемлекеттік қызметшілерге қатысты түрлі жайттарды қарастырамыз. Сіздердің алдарыңызға келіп түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміздің негізгі мақсаты – қорқытып, үркіту емес, түрлі болып жатқан қитұрқы әрекеттерді мысал ретінде айта отырып, болуы ықтимал келеңсіз жайттардың алдын алу. Әдеп кеңесі мемлекеттік қызмешілерді айыптап, жазаға тартуды мақсат тұтпайды. Мәселенің анық-қанығына көзін жеткізіп барып шешім шығарады. Кінәлі болмаған жағдайда, негізсіз айып тағылған кездерде мемлекеттік қызметшінің құқығын қорғаймыз, деді Нұрбол Амангелдіұлы.

Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы Шыңғыс Ибраев 2015-2025 жылдарға шақталған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның мақсат-міндеттері туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.

«Қазақстан әлемдік қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде жемқорлық дертінің алдын алуға баса мән береді. Қазіргі күні тәжірибе көрсетіп отырғандай профилактикалық жұмыстар неғұрлым жиі жүргізілетін елдерде парақорлық фактілері аз. Сондықтан біз күнделікті 4-5 ұжыммен кездесулер өткіземіз, деді Шыңғыс Маратұлы.

Айта кетейік, Маңғыстау облысы бойынша Экология департаментінің негізгі міндеттері – жобаларға мемлекеттік экологиялық сараптама жасау, табиғат пайдаланушыларға қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат беру, қоршаған ортаның құрамдас бөліктеріне зертханалық талдау-бақылау жүргізу болып табылады.

Департамент қауіпті қалдықтардың паспортын тіркеу, мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын беру және қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат беру бағытында қызмет етеді.

Сондай-ақ, экологиялық заңнамалардың сақталуы, табиғат қорғау шараларының орындалуына, табиғат пайдаланушылардың жағдайларына және тәртіп бұзушылылықтарды түзетуге берген ескертпелерді орындауына бақылау жасайды.

Сондықтан да бұл саладағы жемқорлықтың алдын алуға ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ерекше көңіл бөледі.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»