18 Желтоқсан, 2011

Ұшу-қону алаңы іске қосылды

360 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Көкшетау қаласында  ел Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығы қарсаңында тағы бір инфрақұрылымдық маңызды жоба – әуежайдың  ұшу-қону алаңын іске қосу рәсімі болды. Алғашқы  рейсті «Скат» әуе компаниясының ұшағы орындады. Сол бортпен келген  Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиевті Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко, әуежай және ұшу-қону жолағын қайта салу жұмыстарын атқарған мердігерлік компаниялар басшылары қарсы алды. Көкшенің күмбір күйі мен әуезді әні қалықтаған әуежай ба­сындағы салтанатта жаңа ны­сан­ның таныстырылуы өткізілсе, жур­налистер бортында «Тәуел­сіз» деген жазуы бар ұшақтың жолаушыларымен әңгімелесуге мүмкіндік алды. «Шымкент-Ал­маты-Көкшетау» бағытымен ұш­қан «тұңғыштар» ұшақта барлық қолайлылықтар қарастырыл­ға­нын, Алматымен екі аралыққа не­бәрі 1 сағат 45 минут жұм­сал­ғанын ризашылықпен айтып жатты. Салтанат шарасында сөз бас­таған министр Б.Камалиев Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей бақы­лауын­дағы жобаны іске асыру жос­пардан оза жүзеге асырылып жатқанын, оны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 8,3 млрд. теңге бөлінгенін хабарлады. Бұл қаражат есебінен әуежайдағы 30 нысан түбегейлі жаңғырты­ла­тын болады. Алғашқы сынақтан ойдағыдай өткен Көкшетау әуе­жайы заманауи әуе кемелерінің бар­лық түрлерін қабылдай ала­тынын дәлелдеді. Бұл оған Ха­лықаралық азаматтық авиация ұйы­мының (ИКАО) бірінші кате­го­риясын беруге лайықты деген сөз. Ал, келесі жылы аэровокзал ғи­маратын қайта салу аяқталған соң министрлік Үкіметке Көкшетау қаласының әуежайына халық­ара­лық дәреже беру жөнінде ұсыныс енгізеді. Сонымен, Көкшетау қа­ласының әуежайы еліміздің он алтыншы халықаралық әуежайы болады. Қазақстан 1992 жылдан бері ИКАО-ның мүшесі және осы халықаралық ұйымның стан­дарт­тары мен ұсыныстарын ұстану бойынша барлық шараларды іске асыруда. Атап айтқанда, соңғы 5 жыл­да республикада 7 әуежайдың ұшу-қону жолақтарын және 5 жол­ау­шы терминалын қайта салу жүр­гі­зілді. Сонымен қатар, 2014 жылға дейін республикада тағы 11 әуе­жайда ұшу-қону жолақ­та­рын, жо­лаушы және жүк тер­миналдарын қайта салу жоспарлануда. Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко бұл жобаның Бурабай курортты аймағын дамытуда маңызды орын ала­тын­дығын атап көрсетсе, бас мердігер «Құлагер» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Төкен Егінбаев құрылысшылар өз міндеттемелерін абыроймен орындайтын­ды­ғына сендірді. Бақберген АМАЛБЕК, Көкшетау.