Алматы қалалық Ішкі істер департаменті өкілдерінің мәлімдеуінше, оқиға бейсенбі күні күндізгі сағат 15:00 шамасында Алматы қаласындағы Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында болған. «Денис Юрьевич Тен көлігінен айна ұрлап жатқан анықталмаған екі адамның үстінен түскен. Жанжал барысында Денис Тенге пышақ жарақаты тиген. Осы дерек бойынша тергеу басталып, күдіктілерді ұстауға бағытталған барлық шара жүргізіліп жатыр», деді ІІД өкілдері.
Ал Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы таратқан мәлімет бойынша, 19 шілде күні Жедел жәрдем стансасының пультіне сағат 14:56-да пышақ жарақатын алған адамға байланысты шақырту түскен. Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы шұғыл түрде аттанып, науқас Денис Тен жедел жәрдем көлігімен Орталық қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлердің алдын ала диагнозы бойынша, оған оң жақ жоғарғы санының жарақаты, сан тамырларының жарақаты және қан жоғалту диагнозы қойылған.
Осы оқиғадан екі сағаттан кейін Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық ауруханада Денис Теннің қайтыс болғандығы туралы суыт ақпарат хабарланды. Аталған аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Ержан Құттығожиннің айтуынша, Денис Тен ауруханаға сағат 15.23-те жеткізілген. «Марқұмның барлық туысы мен жақынына көңіл айтамын. Кенеттен келген өлім болды. Клиникаға аса ауыр жағдайда түсті. Екі сағаттан аса уақыт бойы жүрегі мен өкпесіне жансақтау шаралары жүргізілді. Бірақ, амал не, қайтыс болды. Өмірлік маңызы бар органдарындағы жарақаттардың салдарынан естен танып қайтыс болды», деп түсіндірді дәрігер.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов спортшы Денис Теннің қазасы туралы түсінік берді. «Бүгін сағат 14:56-да жедел жәрдем қызметіне көшеде белгісіз адамның пышақ жарақатымен жатқаны туралы хабар келіп түсті. Екі минутта шақыру бригадаға жіберілді және 10 минутта жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына жетті. 11 минутта науқас жедел стационарға жеткізілді. Жедел жәрдем машинасында реанимациялық шаралар жасалды. Жол үстінде ауруханаға хабар беріліп, науқасты хирургтар тобы күтіп алды. Дәрігерлер бірден ота жасап, екі сағат бойы жансақтау бөлімінде спортшының өмірі үшін күресті. Бірақ қанды көп жоғалтқандықтан, 17:30-да Денис Тен қайтыс болды. Дәрігерлер тарапынан барлық көмек толық көрсетілді. Бірақ жедел жәрдемге хабар берілгенше спортшы көп қан жоғалтқан еді. Қанның көп кетуі қашанда өмірге қауіп төндіретін факторлардың бірі. Оқиғаның егжей-тегжейі патологиялық-анатомиялық зерттеуден кейін анықталады», деді министр.
Денис Теннің қазасына байланысты Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы пікір білдіріп, туған-туыстарының қайғысына ортақтасып көңіл айтты.
«Дарынды мәнерлеп сырғанаушы, біздің спортымыздың аңызы Денис Тен дәрігерлердің барын салғанына қарамастан, қайтыс болды. Оның жасы енді ғана 25-ке толған еді... Барлығы да оны жақсы көруші, құрметтеуші еді. Осыдан бір ай бұрын ғана Астанада «Денис Тен және оның достары» атты мұзды шоуы өтті. Оған әлемнің түрлі елдерінен мәнерлеп сырғанаушы жұлдыздар және атақты жаттықтырушы Татьяна Тарасова келді. Денистің мұзды шоуы Астананың 20 жылдығына арналды. Ал бүгін біздің «алтын бала» Денис баукеспе ұрылардың қолынан қаза тапты...», деп жазды министр фейсбуктегі парақшасында.
Мәнерлеп сырғанаудан жастар және ересектер арасында бірнеше дүркін ел чемпионы атанған Денис Тен маусым айының 13-і күні 25 жасқа толған. 2011 жылы Астана мен Алматыда өткен Қысқы Азия ойындарының чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионатының жүлдегері, 2014 жылғы Сочи Олимпиадасының соңғы күнінде қоржынға қола жүлде салып, Қазақстан құрамасының спортшыларын елге жүлдесіз қайтудан сақтап қалған болатын. Сондай-ақ Денис 2015 жылғы Төрт құрлық чемпионатында топ жарған. Халықаралық конькимен сырғанау одағына (ISU) енетін түрлі халықаралық турнирлердің жеңімпазы және жүлдегері атанған. Былтыр ғана елімізде дүркіреп өткен Қысқы Универсиадаға қатысып, Қазақстанға алтын жүлде сыйлаған еді.
Денис Тен 2011 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл медалімен, 2013 жылы Атырауда өткен «Менің Қазақстаным» атты VI республикалық патриоттар форумына қатысып, «Қазақстанды әлемге танытқан» аталымы бойынша марапатталған. 2014 жылы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Жыл спортшысы» атағын жеңіп алған. Дәл сол жылы Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері атанғаны үшін оған «Құрмет» ордені берілді. 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық медалі мен 2017 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 821 Жарлығымен Денис Тен «Спорт» номинациясы бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына ие болды. Сондай-ақ Денис Тен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері.
Денис Теннің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты «Егемен Қазақстан» газеті ұжымының атынан марқұмның отбасына, туған-туысқандарына қайғырып көңіл айтамыз.
Қош бол, Денис!
Cерік ЖАРАСБАЕВ, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы:
– Қазақстан халқы, қазақ спорты ауыр қайғыға душар болды. Орны толмас қаза. «Ажал айтып келмейді» деген осы болар. 25 жасында әлемге аты әйгілі, мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан спортының тарихында Олимпиададан медаль алған алғашқы спортшы Денис Тен өмірден озды. Бұл оқиға соңына дейін зерттеліп, қылмыскерлер ұсталады деген сенімдеміз.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті атынан марқұмның отбасы, туған туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.
Бақтияр АРТАЕВ, бокстан Олимпиада чемпионы:
– Денис Тен інімнің өткенде ғана 25 жасқа толған туған күнінде бірге болып, аз-кем әңгімелесіп, ой бөліскен едік. Сол кезде әңгіме арасында «Қуаныштың бәрін жақсы көремін» деп айтып қалып еді. Бүгін, міне, өмірден озғаны туралы суыт хабарды естіп, есеңгіреп отырмыз. «Жалған дүние» деп осындайда айтатын шығар... Өйткені ештеңе мәңгі емес. Әр нәрсенің өлшеуі бар. Алланың Дениске өлшеп берген өмірі осы болды. Әрине болмайтын дүние үшін алтын баламыздың өмірден өтіп жатқанына қабырғамыз қайысып, жүрегіміз ауырады. Марқұмның ата-анасына бекем, сабырлы болыңыздар деп айтқым келеді. Денистің аты біздің жүрегімізден мәңгі орын алады. Оны ешқашан ұмытпаймыз!
Евгений ПЛЮЩЕНКО, мәнерлеп сырғанаудан екі дүркін Олимпиада чемпионы:
– Қандай масқара! Тіпті, айтарға сөз жоқ. Денис Теннің ата-анасына, туыстарына, достарына және жанкүйерлеріне көңіл айтамын. Бұл жалпы спорттағы орны толмас өте ауыр қаза болды. Ол керемет адам, таңғажайып спортшы еді. Сөзім жоқ...