Медицина • 20 Шілде, 2018

«Кедергісіз келешек» жетілдіріледі

73 реткөрсетілді

Астана қалалық әкімдігінде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін елордадағы әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігі мәселесін талқылауға байланысты кеңес өтті. Оған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Астана қаласының әкімі, партияның Астана қалалық филиалының төрағасы Әсет Исекешев, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова, мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсететін бірқатар үкіметтік емес ұйымдар қатысты.

«Нұр Отанның» партия қыз­метін жаңғырту жұмыстарының аясында бірқатар әлеуметтік маңызды жобалар қарқынды жүр­гізіліп, соның ішінде мүмкін­дігі шектеулі жандарға қолайлы орта қалыптастыруға арналған іс-шаралар да тұрақты қолға алынуда. Десек те, әлі қамтылмай жатқан мәселелер де жеткілікті. «Нұр Отан» партиясының баста­масымен осы мәселемен айналы­сатын үкіметтік емес ұйым өкіл­дері Астана қаласының әкімді­гінде бас қосып, нақты ұсы­ныстары мен тілектерін жеткізді.

«Нұр Отан» партиясы Төр­а­ғасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешу Елбасы ел алдына қойған дамыған 30 елдің қатарына ену міндетіндегі негізгі талаптардың бірі екенін жеткізді. «Бүгінде мүгедек жандарды қоғамдық ұйымдар, үкіметтік емес ұйым­дар мен қоғам белсенділері тарапынан қолдау жақсы үрдіске айналды. Осы орайда «Нұр Отан» партиясы қызметін жаңғырту аясында мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған «Ке­дер­гісіз келешек» партиялық жоба­сын одан әрі жандандырып, тиімділігін арттыруды қолға алдық. Сол арқылы ерекше күтім­ді қажет ететін азаматтарға нақты көмек беруге басымдық беріп отырмыз. Жобаның негізгі мін­деті – мүмкіндігі шектеулі қазақ­стандықтардың өмір сапасын жақсарту. Біз қазіргі уақытта жобаны қажет ететін, үкімет, партия және қоғам тарапынан көмек күтетін жандарға шын мәнінде көмегін тигізуі үшін қайтадан қарастырып жатырмыз. Болашақта жобаны күшейтіп, маңызын арттыра түспекпіз», дей келе, партия Төрағасының бірінші орынбасары жобаның келесі кезеңдеріндегі төрт басым­дықты атап көрсетті. Оның ал­ғашқысы, мүмкіндігі шектеу­лі жандарға кедергісіз орта жа­сақ­­тау болса, екіншісі, балалар­дың инклюзивті білім алуына кө­мектесу болмақ. Үшіншіден, олар­дың жұмысқа орналасуына жағ­дай жасап, жағдайын жақсар­туға мүмкіндік беру керек. Соңғы басымдық осы сала бойынша ел заңнамасын жетілдіруге беріледі. 

Өз кезегінде қала әкімі Ә.Исе­кешев бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап өтті.  Оның айтуынша, бүгінгі таңда Астана қаласында 23 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тіркелген екен. Олардың жүріп-тұруына, ғимараттарға кіріп-шығуға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында көптеген сауда және әлеуметтік нысандар пас­порт­таудан өткен. «2012-2016 жыл­дар аралығында 400 нысан, ал 2017 жылы тағы 705 нысан паспорт­таудан өтті. Осы­лай­ша, бүгін­де қаладағы мыңнан астам ғи­­ма­­рат­тың 70 пайызы мүм­­кін­­дігі шектеулі азаматтар үшін толығымен қайта жасақ­талды. 

Жиналыста сөз алған «ЕLA­MAN» әлеуметтік-инновациялық жобалар қорының төрағасы Алмаз Ержан мүгедектерге жағ­дай жасаудың кемшін тұстарын атады. Оның айтуынша, елордада жаңа нысандар салыну барысында мүгедектер мәселесі бірден ескерілмейді. Кейін қаржы шығындалып, өзгертіледі. Алдын алып, құрылыстың жобасы талқыланғанда мүм­кіндігі шектеулі жандар шақы­рыл­майды, кеңесі алынбайды. «Тіпті мемлекеттік мекемелерде мүгедектерге арналған дәретхана, ғимаратқа мініп-түсуге арналған пандустар жоқтың қасы. Бұл біздің құқығымыздың тапталуы. Мемлекет басшысы үнемі қайталайтын рухани жаңғыру идеясының өзі ең алдымен аза­маттардың оны түсінуінен басталады», – деді А.Ержан. 

Осы бағытта жүргізіліп жат­қан жұмыстар келешекте мүге­дектер тарапынан түскен ұсы­ныстармен толықтырылып, пар­тия және әкімдік тарапынан қа­дағалауға алынатын болды. Шара қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар түсіп, осы мәселе бойынша жұмыстарды бақылау «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсеноваға жүктелді.

Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар