Сол әріптестердің қай-қайсысы жөнінде де арнайы тоқтап, мемлекеттік тіліміздің қалыптасуына қосқан үлесін жеке дара сөз етуге болар еді. Амандық болса ондай да мүмкіндіктер туар. Бұл жолғы әңгіме Кемейдолла Төлеубай туралы болмақ.
Бұл кісінің өмір жолы тілім, елім, жерім деп еміренген әр қазаққа үлгі боларлық жол. Ақтөбе облысының қазіргі Шалқар ауданының №7 ауылында Ұлы Борсық құм өңірінде дүниеге келген Кемейдолла Төлеубайұлы ағамыз жүріп өткен жол, әсіресе тіл күресінің сан қилы сүрлеуінен бірге өткен біздер, әріптестер үшін аса маңызды. Содан бергі 90 жылдың екі отызын ел еңсесін көтерген еңбекпен өткізген Кемекеңнің замандастарының бәрінің де басынан өткен қиын жолдар мені де әр алуан ойға қалдырды. Ол бес жасында әкеден айырылады. Әкесі аздаған шаруасы бар еңбек адамы болған екен. Күнкөрістің қамымен 5 түйесімен біреулердің ақылымен Қарақалпақстанға бара жатқан жолда Шалқарға тоқтап түнейді. Түнде үміт артқан түйелері ұрланады. Тіршілік қамы қапаландырған Төлеубай жаяу жалпы үш күн жүріп, үйіне әрең жетеді де төсек тартып жатып қалады. Содан оңала алмайды. Қапалықпен өмірден өткен әкесінің сол бір сәті 5 жасар Кемейдолланың есінде мәңгіге қалды.
Бала кезінен еңбекпен шыңдалған Кемекең білімге ұмтылып заң қызметкері болуды аңсайды. Тырмысып жүріп Алматыдағы заң институтына түсіп, оны үздік бітіреді (1948-1952 жж.). Бұған дейін ұжымшардың түрлі шаруашылық жұмыстарына араласады.
Ал 1952-1954 жылдар аралығында Алматыда ҚазКСР Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің Сот мәжілісі хатшысы, 1954-1955 жылдар Ақтөбе облысы Новоресей (қазіргі Хромтау) аудандық прокуратураның халық тергеушісі болып қызмет етеді.
1955 жылы әлемдік деңгейдегі Дон Хромкен байыту комбинатындағы қылмыстық істерді дұрыс және шебер жүргізгені үшін КСРО Бас прокуроры Руденкодан алғыс алған. Осыған орай оны ҚазКСР Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі Ақтөбе облыстық басқармасына қызметке шақырған тұста Новоресей аудандық партия комитеті жібермей аудандық комитетіне алып қалады.
Міне, осы кезеңнен бастап К.Төлеубайұлының партия, кеңес қызметіндегі белсенді де беделді істері басталады. Аудандық партия комитеттерінің бөлім бастығы, аудандық кеңес төрағасы, аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы. Бұл кезеңнің бәрі еңбекпен шыңдалу мектебі болатын. Ол осылай ұйымдастыру қабілетін шыңдай түсті.
Кемейдолла Төлеубайұлының нағыз саналы өмірінің күреске толы мағыналы сәттері тәуелсіздіктің арайлы таңы атып келе жатқан 80-жылдардың екінші жартысына тікелей байланысты. Бұл тұста бүкіл қазақ жұртшылығының саналы азаматтары өз ұлтының тілі мен елінің тәуелсіздігі туралы толғанып тұрған болатын. Барлық бас қосуларда қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі туралы пікірталас жүріп жатты. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болуы керектігі туралы радиолар сайрап, телехабарлар сөйлей бастады. Сөйтіп 1989 жылы 21 сентябрь күні Қазақ КСР-нің Тілдер туралы Заңы қабылданды. Онда қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін иеленді. Жылдар бойы осы мәселені қозғап келе жатқан Ә.Қайдардың бастауымен дәл осы жылы бір айдан соң халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Бұл бұқаралық ұйым іле-шала өзінің барлық жергілікті ұйымдарын құра бастады. Сондай алғашқы облыстың бірі Ақтөбе облыстық қазақ тілі ұйымы 1990 жылы құрылды. Оның басында оқу-ағарту ісінің майталманы, қоғам қайраткері Мұхтар Арын тұрды. Ол бұл өте маңызды шаруаны алып жүре алатын іскер, тәжірибелі азаматтарды жинай бастады. «Іздегенге сұраған» дәл осы тұста К.Төлеубай облыстық ұйымның жауапты хатшылығына келді. 5 жылдай уақытта бүкіл облыстағы өртеніп тұрған мәселені аса ұйымшылдықпен М.Арын, Н.Қарбалаұлы, А.Айталы, А.Идош, К.Төлеубайұлы үйіріп әкетті. Сөйтіп алдыңғы қатарлы, белсенді ұйым қатарына шықты.
Облыстағы қазақ мектептерінің ахуалы, мемлекеттік мекемелердегі ісқағаздарының жайы облыстық ұйымның үнемі назарында болды. Бес жыл бойы қоғамның жауапты хатшысы қызметін атқарған К.Төлеубайұлы облыстың барлық аймағын аралап, аудан, ауылдардағы мемлекеттік тіл мәселесін түбегейлі қадағалап, үнемі мәселе көтерумен болды. Кемекеңнің ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетін бағалап, облыс жұртшылығы оны 1995 жылы қазан айының 1-де облыстық ұйымның төрағасы етіп сайлады. Міне, осы күннен бастап ол республика деңгейінде көтеріліп жатқан іс-шаралардың бір де бірінен қалыс қалмай, белсенді араласады. Қайраткерлік дәрежесіне дейін көтеріледі. Ақтөбе облыстық ұйымы шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесін сауатты жүргізе алатын ұйымға айналды.
Ақтөбе облыстық ұйымымен бірге К.Төлеубайұлы да өсті. Ол халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының өте беделді де белсенді қайраткеріне, кеңесші ақсақалдарының біріне айналды.
Кемекең тілге байланысты мәселенің қандайында да пікірін ашық айта білетін өткір адам еді. Қазақстан Конституциясының жобасы талқыланып жатқан кезеңі болатын. 1995 жылы Премьер-Министрдің орынбасары Н.Шәйкенов баяндама жасады. Үкіметтің жұмысшы тобының талқылауы болатын. Соған қатысқан Кемекең Н.Шәйкеновке: «Мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілімен қатар басқа тілдің ресми түрде тең қолданылуы заңға қайшы. Сондықтан Конституция жобасының 7-бабынан «Государственных организациях и органах местных самоуправлениях наравне с казахским официально употребляется русский язык» деген сөздерді алып тастау керек. Ал орыс тілі туралы жазу өте қажет болса, онда «при необходимости наряду с казахским языком официально упортебляется и русский язык» деген ұсыныс қояды. Бұл сол тұстағы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының да пікірі болатын. Бірақ Н.Шәйкенов бұған жауап бере алмады. Жауап бере алмайтын да еді. 7-бап сол күйінде қалды. Осы баптың өзгермегеніне Кемекең күйінумен дүниеден өтті.
Уақыт неткен жүйрік десеңші. Қадірлі Кемекеңнің, Кемейдолла Төлеубайұлының дүниеден өткені күні кеше секілді еді. Содан бері сынаптай сырғып талай жыл да өте шығыпты. Күн артынан күн өтіп, өмір өз ағысымен үздіксіз зырлауда. Тіршілік заңы еш өзгермек емес. «Диірменнің тасындай дөңгеленген дүниеге» кім келіп, кім кетпеді дейсің. Абай хәкім айтпақшы, «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер». Әйтсе де мынау жарық дүние есігін ашып, тіршілік бәйгесіне қатысқан әрбір пенденің бойында Жаратқан жүктеген белгілі бір аманаты және соны атқаруға жеткілікті қабілет-қарымы қоса болатыны сөзсіз. Сол аманатты дер кезінде танып біліп, соған сай өмірін үйлестіре білген жанда арман бар ма, сірә. Өлшеулі өмірді мәнді өткізіп, өзіне тиесілі аманатты адал атқарып кеткен жандардың бірі Кемейдолла ақсақал деп білемін.
Кемекең ширек ғасыр бойы етене араласқан, дәмдес-тұздас болған, ағалы-інілі жандай сырласып, сыйласқан, көкірегіне қазақтың қара сөзі мен ақыл-парасаты қатар ұялап, қазыналы қартқа айналған, өзім ерекше құрмет тұтатын ардақты да асыл ағаларымның бірі еді. Ол кісі өзі дүниеге келіп, тіршілік еткен Ақтөбе өңіріне ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де тілге қызмет етіп жүрген жандар арасында кеңінен танымал тұлға болатын.
Кемекеңмен алғаш танысқан күннен бастап біз бір-бірімізді бұрыннан білетін етжақын адамдардай етене араласып кеттік. Сөзі мен ісі, ақылы мен парасаты бірдей үйлескен бұл азаматпен ағалы-інілі бауырлардай сыйлас жандарға айналдық. Соңғы ширек ғасыр бойы қоғамдық өмірдің қайнаған ортасында үнемі жолымыз тоғысып, талай іс-шараларды бірлесіп жүзеге асырдық. Жер-жерде, ел-елде өткізіліп жатқан іргелі жиындарға қатысу үшін біраз сапарлас та болдық.
Кемекеңнің өмірден көргені де, көкірегіне түйгені де мол, кісілікті жан еді. Өзі де сыйлай білетін, өзін де сыйлата білетін. Мамандығы заңгер болғандықтан ба, ол кісі өте қисынды ойлап, жүйелі де шешен сөйлейтін. Артық не кем түспей, әрбір сөзін дәлелмен, дерекпен негіздеп отыратын. Сонымен қатар Кемекең қазақтың ескілікті әңгімелері мен жөн-жоралғысын да мейлінше жетік білетін. Сөйлеп кетсе шешен, бастап кетсе көсем еді. Бұл қасиет, сірә, Кемекеңе түп атасы Мөңке биден дарыса керек. Сондықтан да болар, ол кісінің пайымына, айтқан пікіріне қара да, хан да құлақ асып, ден қоятын. Ал Тілеу батыр, Мөңке би жөнінде жазған екі кітап келер ұрпаққа қалдырған Кемекеңнің өсиетнамасы. Бұл екі еңбек жөнінде айтылар әңгіме алда.
Жалпы, қоғамдық іспен айналысу, әлеуметті бір мақсат жолына ұйыстыру және оған үнемі дем беріп отыру кез келген жанның қолынан келе бермейтін ауыр да абыройлы іс. Мұндай халықтық іске білім мен білікпен қоса жұртты сөзіне ұйытып, соңына ілестіре алатындай көшбасшылық қасиеттің де қажет екендігі мәлім. Міне, осы қасиеттердің барлығы да Кемекеңнің бір басында жетіп артылатын. Оны әрбір кездесуде, сұхбаттасу барысында байқап жүрдім.
Осы орайда Кемекеңнің қайраткерлік қырын, азаматтық келбетін, адамгершілік қасиетін ашуға септігі тиетін бір-екі сәтті еске түсіргім келіп отыр.
Мәселен, 1990 жылдары Ақтөбе қаласында әуелі қазақ мектептерін ашу, сосын онда қазақ балаларын оқыту ол кезде тіпті қиын болатын. Өйткені орыстандыру саясатының барынша дәуірлеп тұрған кезеңі еді ғой. «Қазақ тілі» қоғамы жергілікті бірлестіктерінің іскерлікпен ұштасқан сауатты іс-әрекеті қажет болды. Ақтөбе бөлімшесі осы деңгейден көріне білді. Дәл осы кезеңде Ақтөбе қаласында жаңадан салынған орта мектеп үйін пайдалануға беретін уақыт жақындайды. Қоғам қызметкерлері зерттеп қараса, қалада халықтың 80 пайыздан астамы қазақтар болғанмен, балалардың 11,7 пайызы ғана қазақ тілінде оқиды екен. Ал қаладағы 34 мектептің 2-еуі ғана қазақ мектебі. Кемекеңдер осыны зерттей келе жаңа ашылғалы тұрған мектепті қазақ мектебі еткісі келеді, бірақ облыстық, қалалық оқу бөлімінің бастықтары оған көнбейді. Сондағы сылтау ететіні мектеп үйі 1296 орындық, ал бұл шағын ауданда 239 ғана қазақ баласы бар дегенді алға тартады. Бұның барып тұрған қысастық екенін сезген Кемекең (Кемейдолла ол кезде қоғамның жауапты хатшысы болатын) облыстық ұйым төрағасы Ақтөбе педагогикалық институттың ректоры Мұхтар Арынға бұл жағдайды баяндап, балалар санын анықтау үшін бір топ студент тобын бөлуді өтінеді. Ректор 50 студент береді. Сол студенттер көмегімен шағын аудандағы 3000 үйді түгел аралап, үй сайын қазақ балаларының санын анықтайды. Сөйтсе шағын ауданда 1535 қазақ баласы бар болып шығады. Осындай нақты жұмыс нәтижесі облыс әкіміне баяндалады. Шындық нәтижесінде жаңа ғимарат №21 қазақ мектебі болып ашылады. Облыстық, қалалық оқу бөлімінің алақол басшылары орындарын босатады. Бұл іс өзгелерге өнеге болды. Сол күннен былай қарай Кемейдолла ағамыз облыстағы мемлекеттік тілге байланысты мәселелердің бірде-бірін елеусіз қалдырған емес. Қалалық, аудандық ұйымдардың бәрінің жұмысын айрықша сергектікпен қадағалап, жетекшілік жасап келді.
Кемекеңнің тағы бір атап айтуға тұрарлық қасиеті, өз кіндігінен өрбіген ұрпағының барлығына қазақы тәрбие бергендігі. Кеңестік кезеңдегі қазақ зиялыларының көпшілігі заманға сілтеп, ұл-қызын орысша оқытып, ұлттық салт-дәстүрден ажырап қалғаны жасырын емес. Біздің тіл майданын ашып, әлі күнге алысып жүргеніміз де соның зардабы емес пе?! Міне, сол кезеңде де лауазымды қызметтер атқарса да өз бағытынан таймай, азаматтық позициясына беріктік танытқан азаматтар болды. Солардың бірі біздің Кемекең еді.
Кемекең ұлтқа риясыз қызмет етудің, отбасында жақсы отағасы болудың, әдемі қартаюдың, ақылман ақсақалдықтың, салиқалы сарабдалдықтың, парасатты ділмарлықтың үздік үлгісін көрсетіп кетті. Абыз ақсақалдың осынау асыл қасиеттері мен өнегелі істері өскелең ұрпаққа жұғысты болсын, ал сауабы ахиретте өз рухына азық болсын дейміз.
Ол зайыбы Ажар Сәрсенқызы екеуі (2006 жылы 31 наурызда қайтыс болды) 3 ұл, 4 қыз бала өсіріп, бәрін де ана тілін қадірлейтін азамат етіп тәрбиеледі. Бұл күндері олардың әрқайсысы өмірден өз өрістерін тапқан жандар.
Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,
халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті,
ҰҒА академигі, профессор