Аймақтар • 20 Шілде, 2018

Жаңа бағдарламаның алғашқы несиесі берілді

380 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында «7–20 –25» бағдарламасы бойынша алғашқы ипотекалық несие берілді. Жас отбасы Осинцевтер несиені «БанкЦентрКредит» банкінен алды. 28 жастағы Владимир Осинцевтің отау құрғанына – бес жыл. Зайыбы екеуі Амелия есімді бір жарым жасар қыздарын тәрбиелеп жатыр. 

Жаңа бағдарламаның алғашқы несиесі берілді

Владимирдің айтуын­ша, олар бұған дейін пә­тер жалдап келген. Енді мемлекеттік бағдарла­маның арқасында жаңа құрылыстан көлемі 72,5 шаршы метр болатын жекеменшік пәтерге ие болды.

– Біз жекеменшік пәтер алу үшін қаржы жинадық, алайда жас отбасы үшін қажетті соманы жинаудың қандай қиын екенін өз­деріңіз де білесіздер ғой. Мен Қазақстанда бар ипо­текалық несиелендіру бағдарламаларының бә­рін де қарастырдым. Бі­рақ олардың бір де бірі алғашқы төлемі көп бол­ғандықтан бізге қолайлы болмады. Тіпті кейбір банк­терде бастапқы төлем 30 миллион теңгеге дейін жетіп жатты. «7–20–25» бағдарламасы бойынша біздің пәтердің бағасы 15 миллион теңге болды, артығымен төлеу 16 миллион теңгенің шамасында. Ай сайын біз 85 мың теңгеден төлеп отырамыз. Жалға алатын пәтерге ай сайын 100 мың теңгеден төлегеннен бұл бізге әлде­қайда жақсы болды, – дейді Владимир.

Отбасы үшін қажетті құжаттарды жинастыруға бес жұмыс күні кеткен екен. Бүгінде банк мем­ле­кеттік бағдарлама бо­йынша баспана алуға тілек білдірген тағы да алты өтінімді қарастырып жатыр.

– Банкте бағдарлама 4 шілдеден бастау ал­ды. Өткен аптада Қазақ­станның алты қаласында ипотекалық қарыз бойынша несие берілді. Біздің өңір­де бұл бағдарлама қатысушысына берілген алғашқы несие. Бұл ұзақ мерзімділігі есебінен өте қолайлы, несиені 25 жыл төлеуге болады. Бастапқы төлем бар-жоғы 20%, яғни бағдарлама бойынша біздің өңірдегі пәтердің бағасы 15 миллион теңге болса, бастапқы жарна 3 миллион теңгені құрайды. Пайыздық төлем де өте төмен, еліміз бойынша – 7%. Құжаттар толық жи­нал­ған кезде біз өтінімді үш жұмыс күні ішінде қараймыз, – деп түсіндірді «БанкЦентрКредит» Қара­ғанды облыстық фи­лиа­лының директоры Роза Сыздықова.

Ипотекалық қарызға өтінім рәсімдеуге қажетті құжаттар тізіміне табыс ту­ралы анықтама немесе салық декларациясы жә­не жекеменшік баспанасы жоқтығы туралы жер­гілікті атқарушы органнан анықтама кіреді. Бұл та­лапқа жатақханадағы бөлмелер мен апатты жағ­дайдағы баспана жатпайды. Қалған құжаттың бәрін қарыз алушы кредитор банктің талабы бойынша ұсынуы керек.

Мемлекеттік бағдар­лама бойынша ипотекалық несиені 25 жылға алу мін­детті емес. Қарызды қай­тару мерзімін жеткілікті табыс көзі болса қысқартуға да болады. Сондай-ақ бағ­дарламада айыппұл сан­­к­циясынсыз қарызды мер­зімінен бұрын төлеп тастау да қарастырылған.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ