Жазғы спорт • 20 Шілде, 2018

Шымбұлақта ІІІ Халықаралық тау және спорт фестивалі басталды

469 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматы қаласы маңындағы Шымбұлақ тау шаңғы курортында ІІІ Халықаралық тау және спорт фестивалі басталды.

Шымбұлақта ІІІ Халықаралық тау және спорт фестивалі басталды

Биыл үшінші рет өтіп отырған фестивальдің ұйымдастырушылары бұл шара Алматы қаласының Қазақстанның спорттық астанасы ретінде имиджін жақсартуға ықпал етеді деп отыр.

Үш күнге созылатын фестиваль аясында демалыс күндері табиғи рельефте спорттық жартасқа өрмелеу бойынша халықаралық жарыстар өтеді. Бір емес, бірнеше асуды бағындырған дәстүрлі альпиниада қатысушылары осы ретте Жастар шыңына көтеріледі (теңіз деңгейінен 4147 метр биіктікте).

Фестиваль қонақтары сонымен қатар, маунтин-байк бойынша сайыс және түрлі тау спорты іс-шараларын тамашалайды. Фестиваль бағдарламасына Денсаулық күні де енгізілді. Яғни сенбі күні фестивальге Алматыдағы ең танымал фитнес-клубтардың командалары да қатысады. Фестиваль кезінде арқанжолмен Шымбұлаққа барып-қайту жол ақысы бар болғаны 500 теңгені құрайды.

Фестиваль аясындағы тағы бір айтулы оқиға «Алматыдағы тау туризмін және бұқаралық спортты дамыту тетіктері: бүгін және ертең» атты дәстүрлі «Almaty Mount Forum» халықаралық форумы. Аталмыш іс-шара барысында осы саланың жетекші сарапшылары тау туризмінің әлемдік нарығын және оның Алматыдағы алар орнын, туризм индустриясының қала экономикасын дамытудағы рөлі, сондай-ақ, әлем және Қазақстандағы тау туризм инфрақұрылымын жандандыруға қатысты мәселелерді талқылады.

Бүгін арнайы шақырылған қонақ,  Франциядағы Les Portes du Mont Blanc тау шаңғы курортының басшысы Лукас Маршанд өз тәжірибесімен бөлісті.

Алматыға арнайы келген танымал швед саяхатшысы Йохан Нильсон да тау туризмін насихаттаудың, өмірлік ұстанымдары, атақты адамдарды тарту тәжірибесі турасында мысалдарды қызықты баяндады. Жиһанкез 140 мемлекетте 30-дан астам экспедицияны бастан өткерген, соның ішінде Оңтүстік полюстен Солтүстік полюске 18 айға созылған экспедиция да бар. Осы саяхаттың құрамында болғаны үшін Йохан Нильсон 2015 жылы Гиннес рекордтар кітабына енді. Қазіргі таңда танымал саяхатшы Халықаралық табиғатты қорғау және жаңадан құрылған Snow Leopard Foundation қорларының елшісі болып табылады.

Халықаралық тау және спорт фестивалі қазақстандық эстрада жұлдыздары қатысуымен өтетін мерекелік концерттен кейінгі салтанатты жабылу рәсімімен тәмамдалды. Ұйымдастырушылар фестивальдің өтуі Алматы қаласының әкімдігі жүзеге асыратын барлық әлеуметтік жобалардың бірігуін және өзара әрекеттесуін қамтамасыз етеді деп үміттенеді.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ