17 Ақпан, 2010

ТҮСІНІСТІККЕ АШЫҚ ҮНҚАТЫСУ АРҚЫЛЫ

1093 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Таулы Қарабақ проблемасын бейбіт жолмен реттеуден басқа балама жоқ Бұған дейін хабарлаға­ны­мыздай, 15 ақпан күні кеш­кісін ЕҚЫҰ-ның Іс басын­дағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекет­тік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Баку қаласынан Армения Республикасының астанасы – Ереванға сапармен келді. Сапардың басты мақсаты – көршілес екі мемлекет – Армения мен Әзірбайжан арасындағы Таулы Қарабақ проблемасын  реттеуге ықпал ету. ТҮСІНІСТІККЕ АШЫҚ ҮНҚАТЫСУ АРҚЫЛЫ Жиырма жылдан астам уақыт­тан бері Таулы Қарабақ мәселесі беделді халықаралық ұйымдар қан­шама рет араласса да әлі күнге ше­ші­мін тапқан жоқ. Соның салдары­нан іргелес жатқан Армения мен Әзірбайжанның қатынастары күрт үзіліп, бір-бірімен байланыс жасау­ды мүлде доғарды. Керек десеңіз, олар темір жол мен автокөлік қаты­настарын да жасамайды. Осының салқыны екі елдің қарапайым тұр­ғындарына, сондай-ақ екі мемле­кет­тің экономикалық дамуына тиіп отырған жайы бар. Дегенмен, Таулы Қарабақ проб­лемасын келіссөздер жүргізу ар­қы­лы реттеуде соңғы жылдары ша­ма­лы ілгері басушылық байқалады. Беделді халықаралық ұйымдар, оның ішінде ЕҚЫҰ Таулы Қарабақ жанжалын реттеу жөніндегі Минск тобының ұсыныстарына сүйенгенді жөн санайды. Өйткені, АҚШ, Ресей және Франция тең төрағасы болып табылатын Минск тобы Армения мен Әзірбайжан арасын­дағы жанжалды тек келіссөздер бойынша реттеу қажеттігін ұстану­да. Екіншіден, алты-жеті жылға созылған Армения – Әзірбайжан қақтығысы ЕҚЫҰ араласқаннан кейін ғана басылған болатын. Ал Таулы Қарабақ жөніндегі халықаралық конференцияны шақыру туралы шешім 1992 жыл­дың 24 наурызында Минскіде ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер Ми­нистрлер кеңесінің төтенше оты­рысында қабылданған еді. Минск конференциясына дайындық мә­се­лесімен Болгария, Германия, Ита­лия, Ресей, АҚШ, Түркия, Фран­ция – барлығы тоғыз мемлекет ай­на­лысқан-ды. Нәтижесінде, кон­ференцияда Армения мен Әзір­бай­жан арасындағы қарулы жанжалды реттейтін Минск тобы тең төраға­ла­рының институты құрылды. ЕҚЫҰ Минск тобының негізгі мақсаты – жоғарыда атап өтіл­геніндей, Таулы Қарабақ жанжа­лын шешу және жанжалдасушы тараптар арасындағы түсіністіктің сақталуына бақылау жасау. Минск тобы 1993 жылы ресми Баку мен Ереванға даулы аумақтарды реттеу жоспарын ұсынған болатын. Өкі­ніш­ке қарай, бұл жоспарды Арме­ния да, Әзірбайжан да қабыл­да­мады. Арада бір жыл өткенде, Ресейдің араағайындық танытуы­мен тараптар қарулы жанжалды тоқтату туралы ресми емес ке­лісімді сақтауға келіскен болатын. Бір жақсысы, осы келісім бүгінгі күнге дейін сақталып келеді. Газеттің кешегі нөмірінде ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев пен Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің кез­дескенін хабарлаған едік. Кездесу барысында тараптар Қазақстан – Әзірбайжан қатынастарын әрі қарай дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасты. Әзірбайжан Респуб­ли­касының басшысы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі саммитін 2010 жылы шақыру бастамасын қолдайтындығын білдірді. Қанат Бекмырзаұлы өз кезегінде Әзірбай­жан басшылығына Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне қолдау көрсеткендігі үшін алғысын жеткізді. Бүгінде Бакуде ЕҚЫҰ-ның офисі жұмыс істеп тұр. Орталық қыз­метін бастаған 2000 жылдан бері Әзір­бай­жан билігімен ынты­мақ­тастық та ой­дағыдай дамып келеді. Әзірбайжанда жүзеге асы­рылған демократиялық реформалар ішкі үнқатысудың шы­найы белгісі болып табылады. Өңір­дегі қауіп­сіз­дік пен тұрақтылыққа Ұйым кеңіс­тігіндегі барлық мем­лекеттердің арасындағы ашық үнқатысудың көмегімен қол жеткізуге болады. Оның ішінде, әрине, Таулы Қара­бақ проблемасын реттеу мәселесі де бар. ЕҚЫҰ, сондай-ақ екі елдің қатынастарын қалыптастыру мақ­са­тында Түркия мен Арменияның қолданып жатқан нақты қадам­дары­на қолдау білдіреді. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­ағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Ереванға сапарын кеше Армения Сыртқы істер министрі Эдуард Налбандянмен кездесуден бастады. Кездесу соңы кеңейтілген құрам­да­ғы келіссөздермен жалғасты. Соңы­нан Қазақстан мен Армения сырт­қы саясат ведомстволарының бас­шы­лары баспасөз мәслихатын өт­кі­зіп, журналистер тарапынан қой­ылған сұрақтарға жауап қайтарды. Армения Сыртқы істер ми­нистрі Эдуард Налбандянның пікі­рінше, Арменияға ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Сауда­баев­тың сапармен келуі – айтулы оқи­ға. Армения мен Қазақстанды ортақ тарих байланыстырады. Екі елдің ынтымақтастығы саяси-эко­номикалық және мәдени салаларда ойдағыдай дамып келеді. Екі ел де ЕҚЫҰ-ға мүше болып табылады. Ұстанған саясаттары өңірлік және халықаралық мәселелерде бір-біріне сәйкес келеді. Бұдан кейін Армения сыртқы саясат ведомствосының басшысы кездесуде талқыланған мәселелерге тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, кездесуде Армения мен Қазақстан арасындағы қатынастарды нығай­ту­ға баса назар аударылған. Сондай-ақ, өңірлік және халықаралық қауіпсіздікке байланысты мәсе­ле­лер сөз етілген. Армения Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету бас­тамасын қолдаған болатын. Ар­ме­ния, сонымен қатар, Қазақ­стан­ның 2010 жылы Астанада Ұйым саммитін шақыру бастамасына да қолдау білдіріп отыр. Екі ел бүгінде ЕҚЫҰ аясында тығыз қарым-қа­тынаста жұмыс істеп келеді. Соның нақты мысалын бүгінгі кездесуде тал­қыланған мәселелерден көруге болады. Эдуард Налбандян Таулы Қа­ра­бақ проблемасын реттеу жайына да тоқ­талып өтті. Оның мәлім етуін­ше, Армения аталған проблеманы реттеуге қатысты ұсыныстарды дайын­даған болатын. Негізінен ол Таулы Қарабақ жанжалын бейбіт жолмен реттеуді көздейді. Кезде­суде тараптар Армения мен Түркия арасындағы қатынастарды жақсарту жөнінде де пікір алмасты. Ал ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев бұл өзі­нің Ереванға жасаған алғашқы са­пары екендігін, Армения Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ саммитін өткізу идея­сына қолдау білдіргенін жария етті. Қ.Саудабаевтың атап өткенін­дей, Ұйымның басты басымдық­тары­ның бірі ұзаққа созылған Тау­лы Қарабақ жанжалын бейбіт жол­мен реттеу болып табылады. Сон­дықтан да ЕҚЫҰ төрағасы ретінде де алғашқы сапары Оңтүстік Кавказ елдерінен басталып отыр. Сонымен қатар, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік хат­шы­сы – Сыртқы істер министрі Таулы Қарабақ проблемасына қатысты былай деді: Қазақстан бұл жанжалдың шығу тарихын біледі. Бұған мысал ретінде 1991 жылы Қазақстан Президенті Н.Назар­баев­тың Ресейдің бұрынғы прези­денті Б.Ельцинмен жанжалды рет­теу мақсатында арнайы кездескенін айту­ға болады. Содан бері Қазақ­стан Президенті бұл мәселенің бейбіт жолмен шешілуін қолдап және жағдайдың беталысын үнемі назарда ұстап келеді. Қазақстан осы­ның алдындағы Ұйым төрағасы – Грекияның Таулы Қарабақ мә­селесін бейбіт реттеудегі бастама­ла­рын әрі қарай жалғастыратын бо­ла­ды. Оған Қазақстанның қосымша ресурстары бар. Біз бұл үдеріс­тер­дің әрі қарай табысты жүргізілуіне серпін қосуға ұмтылатын боламыз. Қақтығыстың бейбіт жолмен реттелуі екі тарапқа да қатысты. Ал қалған қатысушылар жанжал­дың оң шешілуін қолдайтындар және ықпал ететіндер болып табылады. Журналистер тарапынан ЕҚЫҰ саммитін шақыру бастамасына байланысты сұрақ қойылған еді. Оған ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы  қазіргі кезде саммиттің маз­мұ­ны мен өтетін мерзімі анықта­лып жатқандығын айтты. Өйткені, бүгінде ЕҚЫҰ-ға қаты­сушы мем­лекеттердің барлығы дерлік жоғары деңгейдегі саммиттің аса қажет екендігін мәлімдеп отыр. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­аға­сы Қанат Саудабаев кеше, сон­дай-ақ Армения Ұлттық жиналы­сын­дағы партиялық фракциялар жетекшілерімен және Армения Ұлттық жиналысының төрағасы О.Абраамянмен кездесті. Ал түстен кейін Еревандағы ЕҚЫҰ офисінде болды, содан кейін Арменияның бұрынғы президенті, Армян ұлттық конгресі оппозициялық блогының лидері Л.Тер-Петросян­мен кездесті. Кеше, сонымен қатар, Ұйым­ның Іс басындағы төрағасы Қанат Сау­да­баев пен Армения Республи­ка­сы­ның Президенті Серж Саргсянның кездесуі болды. Қ.Саудабаевтың сапары бүгін Тбилиси қаласында жалғасады. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ – Ереваннан.