Медицина • 24 Шілде, 2018

Темір жол билеттері неліктен тапшы?

428 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің 16 шілде күнгі санында «Темір жол билетінің тапшылығы неліктен жазда туындайды?» деген тақырыппен жолаушылардың мұқтаждықтары көрсетілген ма­қала жарияланған болатын. Онда жол жүру құжаттарының мау­сымдық тапшылығынан бөлек, кассалардан табылмайтын билетті алып-сатарлардың қымбатқа саудалайтыны, пойыз қыз­меткерлерінің тәртіпке том­пақтау қылықтары, дел­дал­дардың жүгенсіздігі туралы жазған едік. Осы материал жарық­қа шыққан күннің ертеңіне Мем­лекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арнайы мо­ни­торингтік топтармен бірге «құпия сатып алушы» акциясын бастап кеткен.

Темір жол билеттері неліктен тапшы?

Агенттік қызметкерлері арнайы мониторингтер барысында би­летсіз жүрудің бағасы ресми ба­ғадан 50 пайызға дейін асатын­дығына көз жеткізген. Мәсе­лен билет құны 5 мың тең­гелік бағыттарға жолсеріктер жо­лау­шыларды 10 мың теңгеге заңсыз тасымалдап келген. Мони­торингтік топ, сонымен қатар делдалдық қызметке пойыз жол­серіктерінің қатысы барлығын анықтаған. Бұл мәліметтердің барлығы қоғам өкілдерінің жасырын бейнежазбаларымен нақ­тыланған.

Міне, осы жүйелі қиын­дық­тарды кешенді түрде жою мақ­сатында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ол­жас Бектенов журналистердің қа­тысуымен арнайы жиын өткізіп, «Жолаушылар тасымалы» АҚ жетекшілеріне бұған дейін жи­нақталған деректерді көл­денең тартты.

Агенттіктің Сыбайлас жем­­қор­лыққа қарсы саясат депар­тамен­тінің директоры Данияр Бауыр­жановтың айтуынша, арнайы акция еліміздің аумағын тұтас қамтыған.

– Билет сатылымымен вок­залдың күзетшілерінен бас­тап белгісіз тұлғаларға дейін айна­лысып отыр. Олардың қолын­дағы билетті кассалардан да, билет сатудың онлайн қыз­ме­ті­нен де таба алмайсыз. Осы мәсе­леге Агенттік аралас­қан соң Ал­ма­тыда жол жүру құ­жат­тары пай­да бола бастады. Жи­нақ­тал­ған деректерді саралай келе, үш мә­се­леге назар аударып отырмыз.

Біріншіден, билетті касса­лардан тыс сату заңсыз бол­ған­дығына қарамастан, қат билет­терді делдалдар ашықтан-ашық, еш қымсынбастан, еш тайсалмас­тан сатуда. Осыған қарап заңсыз сауда әбден жүйеленген деген тоқтамға келіп отырмыз.

Екіншіден, тасымалдаушылар бізді билетті делдалдар арқылы сату техникалық тұрғыда мүмкін еместігіне сендіруге тырысқандарымен, күн сайын, күнделікті сол алып-сатарларға жеке куәлігіңізді берсеңіз, керек бағытқа билетті он минутта әкеліп алақаныңызға салады. Ол билет кассада жоқ. Бұған байланысты да түбегейлі шешім қажет.

Үшіншіден, пойызға мінуде әрбір жолаушының куәлігі талап етіледі. Ал жолсеріктердің пойызға билетсіз мінушілерден құ­жат талап етіп жатқандығын көр­­медік. Сонда қалай, елдегі тәр­­тіп тек заңды құжат алып, заң­ды жол­мен жүргендерге қатысты ма? – деді департамент директоры.

Қоғамды толғантқан осы мәсе­лелерге жауап берген «Жолау­шылар тасымалы» АҚ ви­це-президенті Данияр Нұрма­ған­бетов өз сөзін «Қазақ­стан Темір жолы» ҰК» АҚ жы­лына 18 млн жолаушы тасы­мал­дай­тындығынан бастап, жи­нал­ғандардың назарын анық­талған заңсыздықтардың болмашы екендігіне аударуға тырысты. Алайда, Агенттік төрағасының орынбасары нақты жауап қатуды талап еткен соң ғана айтушының әңгімесі нақты арнаға ойысты.

Оның айтуынша, қазір «Жо­лаушылар тасымалына» тие­сілі 119 бағытпен қатар, өзге тасы­малдаушыларға қарасты 21 жеке бағыт бар.

– Делдалдардың қолындағы билеттердің пайда болуына күн сайын еліміздің аумағындағы барлық пойыздарда күштік құры­лымдарға және мемлекеттік органдарға сақталатын 1500-1700 броньдалған билеттер себеп болып отыр. Біз олардың санын азайтуды соңғы бес жылда үне­мі сұрап келеміз. Іс жүзінде сол броньдалған билеттердің 80 пайы­зы қолданылмайды. Ол билет­тер пойыздың жүру уақытына 24 сағаттан 6 сағатқа дейін сақ­та­лады. Кейін сатылымға шыға­рылады.

Екіншіден, билет сатылатын «Экспресс» автоматтандырылған жүйесі әлі де біз қалағандай болмай отыр. Сондықтан біз жазғы тасымалдауларға дейін билетті қайта өткізушілерге 1000 теңге көлемінде тариф белгіледік. Жолаушылар тарапынан шу шыққанымен, біздің басқа амалымыз жоқ. Оған қоса билетті тапсыру кезінде билеттің иесі немесе сенімхаты бар адамның өзі болуы қажет. Бұрын алып-сатарлар куәліктің көшірмесімен-ақ билетті сатып алып, қайта тапсырып жүретін болса, қазір бұл мүмкін емес, – дейді Данияр Нұрмағанбетов.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ басшылығы билет тапшылығын болдырмау, делдалдардың жолын кесуге байланысты өзге де шараларға тоқталды.

Нақтырақ айтқанда, тасымалдаушы компания Алматы мен Шымкент вокзалдарында тексеріс жүргізіп, заңсыз билет сатылымына қатысты 15 адам­ды анықтаған. Олардың әрқай­сысына 5-10 АЕК көлемін­де әкімшілік айыппұл салынған. Сонымен қатар пойыз реви­зор­ларының 6 мыңдай тексерісінде барлық жылжымалы құрамның 24 пайызы қамтылып, жолаушыларды билетсіз тасымалдаудың 335 дерегі анықталған.

Оған қоса 10 сәуірден бастап тәртіп күшейтіліп пойыз құрамы қызметкерлерімен арадағы 29 еңбек келісімшарты бұзылған. Атап айтқанда, екі пойыз бастығы мен 27 жолсерік жұмыстан бо­са­тылған. 7 пойыз бастығы қыз­метінен алынып, жолсерік лауазымына төмендетілген.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ басшылығы билет тапшылығына вагондардың жетіспеушілігі де себеп болып отырғандығын және бұл мәселе алдағы жылдары ушыға түсетіндігін жеткізді. Қа­зір­дің өзінде жоспарлы жөн­деу жұ­мыстары күз мезгіліне ше­ге­рі­ліп, барлық вагондар жол­ға шығарылған.

Жиын барысында билетсіз жолаушы тасымалдауға бай­ла­нысты тек пойыз бастықтары­ның, жолсеріктердің ғана жаза­ла­­нып келгендігі, ал жүйелі мәсе­лені біле тұра акционер­лік қо­ғам­ның жоғары лауазым­ды бас­шыларының қандай да бір жа­уап­кершілікке тартылмаған­дығы да бел­гілі болды. Сонымен қатар заң­сыз­дықтардың алдын алу үшін жол­се­ріктердің ең­бекақыларын көтеру туралы да ұсыныс айтылды.

Өз кезегінде акционерлік қо­ғам басшылығы алып-сатарларды жа­залау тетіктерін күшейтуді сұрады.

Сайып келгенде, оқыр­ман­ның өтінішімен «Егеменде» кө­те­рілген жүйелі мәселеге құ­зыр­­лы орындар да араласып, бел­­сене көңіл бөліп, нақты іс-қи­мыл басталып кетті. Газет ал­да­ғы уақытта да бұл мәсе­лені ба­қы­лауға алып, оқырман­дар­дың осы­ған қатысты өтініш-тілегін жіті назарда ұстайды.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»