Менің ойымша, Жаңаөзен қаласында төтенше жағдай жариялау туралы Елбасы Жарлығының арғы астарынан ілік іздеп, одан қара аспанды тудырудың қажеті жоқ. Оның уақыты жиырма күн деп белгіленгенімен, ондағы жағдай тұрақтанса түбектегі төтенше жағдай да тезірек тоқтатылуы әбден мүмкін. Бұлай деп тұжырым жасауыма қазірдің өзінде алғышарттар бар деп ойлаймын.
Өйткені телеарналардан көріп, біліп отырғанымыздай, Жаңаөзендегі жағдай одан сайын ушығып емес, керісінше, сағат санап, күн санап сабасына түсіп келе жатқаны белгілі болып отыр. Бұл ретте республикалық телеарналардан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ақыл мен парасатқа салмақ сала сөйлеген сөзі барша қазақстандықтардың көңіл-күйін дөп басты деп санаймын.
Әрине, дәл 16 желтоқсан күні, Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығы аталып өтіп жатқан тұста Жаңаөзен қаласында адам өліміне әкеліп соқтырған шектен шыққан жаппай бұзақылық көріністері ауыздықталуға тиіс. Қаскүнемдер тиісті жазаларын алуы керек. Қатардағы қарапайым, бейбіт, өз жөндерімен жүрген азаматтардың зардап шегуі еш ақылға сыймайды. Олардың қандай жазығы бар еді? Сонымен бірге аға ұрпақтың өкілі ретінде мемлекет, қоғам, бүкіл ел болып осы мәселенің түп-тамырына терең бойлап, жете зерттеп, зерделеуіміз керек деп ойлаймын.
Иә, қазір экстремизммен, лаңкестікпен күрес, ұжымдық қауіпсіздік мәселелері жан-жақты талқыланып, терең көңіл бөлініп жатқаны, бұл жөнінде мемлекеттік ауқымда нақты іс-шаралар шоғыры белгіленгені, сөз жоқ, өте құптарлық мәселе. Сонымен бірге, бұл өте қажет мәселе.
Негізінде бұл – салдармен күрес. Сонымен бірге, Жаңаөзен қаласында жағаңды ұстатып, төбе шашыңды тік тұрғызатын жайсыз оқиға мен қолайсыз құбылыстың түп-тамыры мен себеп-салдарын ашып, анықтап алудың да артықшылығы жоқ. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтынын» да ескерейік. Ешкім де өмірге тумысынан қаныпезер, бұзық болып келмейді ғой. Оқып, тәрбиеленіп, есейіп, ержеткен шақтарында өмірден орын таппай қоғамға керексіз болып қалатын жастар да кездеседі. Сөйтіп, олар бастарын тауға да, тасқа да соққандай күй кешеді. Кейіннен діни экстремизм мен қылмысқа бой ұруы да әбден мүмкін. Сөз жоқ, қылмыс жасаған адам жазықсыз қалмауға тиіс.
Дегенмен, теріс оқиғаның алдын алу деген өзекті мәселені де назардан тыс қалдырмау қажеттігін ұғындырғандай болады, менің көпті көрген көңіліме Жаңаөзен оқиғасы. Қысқасы, Маңғыстау облысында болған жаппай жүгенсіздіктен арылу үшін білек сыбанып, тізе қосып белсене қызмет ету – жасымыз бар, кәріміз бар бүкіл халқымыздың қазіргі таңдағы ең маңызды міндеті деп білемін.
Жайсаң АҚБАЙ, тарихшы, еңбек ардагері.
Орал.