21 Желтоқсан, 2011

Жаппай жүгенсіздікпен күрес – ортақ міндет

266 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Менің ойымша, Жаңаөзен қаласында төтенше жағдай жариялау туралы Ел­басы Жарлығының арғы астарынан ілік іздеп, одан қара аспанды тудырудың қажеті жоқ. Оның уақыты жиырма күн деп белгіленгенімен, ондағы жағдай тұрақтанса түбектегі төтенше жағдай да тезірек тоқтатылуы әбден мүмкін. Бұлай деп тұжырым жасауыма қазірдің өзінде алғышарттар бар деп ой­лаймын. Өйткені телеарналардан көріп, біліп отырғанымыздай, Жаңаөзендегі жағдай одан сайын ушығып емес, керісінше, сағат санап, күн санап сабасына түсіп келе жатқаны белгілі болып отыр. Бұл ретте республикалық телеарналардан Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың ақыл мен парасатқа салмақ сала сөйлеген сөзі барша қазақ­стан­дық­тардың көңіл-күйін дөп басты деп санаймын. Әрине, дәл 16 желтоқсан күні, Тәуел­сіздігіміздің жиырма жылдығы аталып өтіп жатқан тұста Жаңаөзен қа­ласында адам өліміне әкеліп соқтырған шектен шыққан жаппай бұзақылық көріністері ауыздықталуға тиіс. Қас­кү­немдер тиісті жазаларын алуы керек. Қатардағы қара­пайым, бейбіт, өз жөн­дерімен жүрген азаматтардың зардап шегуі еш ақылға сыймайды. Олардың қандай жазығы бар еді? Сонымен бірге аға ұрпақтың өкілі ретінде мемлекет, қоғам, бүкіл ел болып осы мәселенің түп-тамырына терең бойлап, жете зерттеп, зерделеуіміз керек деп ойлаймын. Иә, қазір экстремизммен, лаң­кес­тік­пен күрес, ұжымдық қауіпсіздік мәсе­ле­лері жан-жақты талқыланып, терең көңіл бөлініп жатқаны, бұл жөнінде мем­лекеттік ауқымда нақты іс-шаралар шоғыры белгіленгені, сөз жоқ, өте құптарлық мәселе. Сонымен бірге, бұл өте қажет мәселе. Негізінде бұл – салдармен күрес. Сонымен бірге, Жаңаөзен қаласында жа­ғаң­ды ұстатып, төбе шашыңды тік тұрғызатын жайсыз оқиға мен қолайсыз құбылыстың түп-та­мы­ры мен себеп-салдарын ашып, анықтап алудың да артық­шы­лығы жоқ. «Жел тұрмаса, шөп­тің басы қимыл­дамайтынын» да ескерейік. Ешкім де өмірге ту­мы­сынан қа­ныпезер, бұзық бо­лып келмейді ғой. Оқып, тәр­биеленіп, есейіп, ержеткен шақ­тарында өмірден орын таппай қоғамға керексіз болып қалатын жастар да кездеседі. Сөйтіп, олар бас­тарын тауға да, тасқа да соққандай күй кешеді. Кейіннен діни экстремизм мен қылмысқа бой ұруы да әбден мүмкін. Сөз жоқ, қыл­мыс жасаған адам жазық­сыз қалмауға тиіс. Дегенмен, теріс оқиғаның алдын алу деген өзекті мәселені де назардан тыс қалдырмау қажеттігін ұғын­дыр­ғандай болады, менің көпті көрген көңіліме Жаңаөзен оқиғасы. Қысқасы, Маңғыс­тау облысында болған жаппай жүген­сіз­діктен арылу үшін білек сы­банып, тізе қосып белсене қызмет ету – жасымыз бар, кәрі­міз бар бүкіл хал­қымыздың қазіргі таң­да­ғы ең маңызды міндеті деп білемін. Жайсаң АҚБАЙ, тарихшы, еңбек ардагері. Орал.