21 Желтоқсан, 2011

Астана: Бас прокуратура өкілі хабарлайды

465 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Жаңаөзен қаласындағы жағдай тұ­рақ­тала түскенде деп бастады сөзін алдыңғы күні Бас прокуратурада өткен басқосуда осы құзырлы органның ресми өкілі Нұр­дәулет Сүйіндіков 17-ші желтоқсанда Маңғыстау об­лы­сын­да орналасқан Шетпе темір жол бекетінде бір топ адам Маңғышылақ-Ақ­тө­бе бағытындағы №309 жо­лау­шылар пойы­зы­ның жолын бөгеді. По­йыз ішінде 369 жолаушы болған. Олардың жо­лын бөгеген адамдар тобы Жаңаөзен қаласындағы жаппай тәртіп­сіз­діктер қатысушыларын қол­дау­ға шыққандар екен. Бұ­лардың келеңсіз әрекетінен темір жол қоз­ға­лы­сының қа­лып­ты жұмысы бұзылып, 7 жолаушы және 9 жүк тасымалдау пойыздары тоқтады. Бұл да заң­сыз­дық еді. Оларға заңсыз әрекет етіп тәртіп бұзып жат­қан­да­ры ескертілген. Бі­рақ, прокуратура қыз­мет­кер­лері­н­ің заңды түсіндірулерін қабылдамаған, сөй­тіп полиция қызметкерлерінің және жергілікті ат­қарушы ор­ган­дардың талаптарына бағын­ба­ған акцияға қаты­су­шылар темір жол желілерін босатудан бас тартқан. Содан жергілікті билік және құқық қор­ғау ор­ган­дары ақсақалдар мен көп балалы аналарды қатыс­ты­рып, заңсыз акцияларға қатысушылармен құқыққа қарсы әрекет­тер­ді тоқтату туралы ұзақ келіссөздер жүр­гі­зе­ді. Соның нәтижесінде жолда тұрған адам­дардың көпшілігі өз еріктерімен тараған. Бірақ 50-ге жуығы мәселені бейбіт жолмен шешу және сұхбатты басқа кез келген ың­ғай­лы орында жалғастыру туралы келісімге түбегейлі қарсы шығады. Ақыры жергілікті сағат 20.00 шамасында полиция қыз­мет­керлері темір жолды босату және қыл­мыс­тық әрекеттердің жолын кесу үшін тиісті шараларды қолдануға көшеді. Алайда, жағ­дайды одан әрі ушықтырған біреулер полиция қызметкерлеріне белсенді қарсылық көрсетіп, жүк пойызының тепловозын өртеп, вагондарға жанғыш қоспалары бар бөтел­келер тастаған. Осы сәтте вокзал маңындағы алаңнан тағы 150-200 адам келіп, полиция қызмет­кер­лерін қоршауға алып, олар­ды таспен атқылап, жанғыш қоспалары бар бөтел­ке­лерді лақ­тыр­ған. Қоғамдық тәртіпті сақ­тау үшін полиция қызметкерлерін әкелген автобус­тар­ға да тас пен жанғыш қоспалары бар бөтелкелер жау­ған. Оған қоса мемлекеттік нөмірі жоқ «УАЗ» ав­то­көлігі бірнеше рет ыз­ғыта келіп, одан бел­гісіз тұл­ға­лар құқық қорғау ор­ган­дары қыз­меткерлеріне оқ ат­қан. Осы қарулы ша­буылдар салдарынан ішкі істер орган­дары­ның 5 қыз­мет­кері жа­ра­қаттанған. Міне, осын­дай әрекеттер­ден кейін барып, яғни, бұзақы­лардың қимылдары бейбіт тұр­ғындардың жә­не полиция қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына айқын қауіп төндіріп тұрғанын байқаған полицейлер бірнеше рет ескерту амалдарынан соң амалсыздан қару қолдануға мәжбүр болды,  дейді Н.Сүйіндіков. Сонда да болса құқық қорғаушылар та­рапынан оқ ату, негізінен әуелі аспанға және бұзақылық жасаушы топтың аяқтарына қарай атылған екен. Соның сал­дары­нан зардап шеккендердің 12-сінің 8-і аяқтарынан жарақаттанған және олардың ішінен 5 адам меди­ци­налық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне қай­тарыл­ған да, 6-уы ауруханаға жатқызылып, 1-уі қайтыс болған. Осы­лай­ша полиция күшімен бұзақылар вокзал ма­ңын­дағы темір жолдардан және темір жол вок­залы алдындағы алаңнан ығыстырылған. Қазір Жаңаөзен мен Шетпедегі жағдай тұрақталды, елді-мекен көшелерінде қоғам­дық тәртіп, бекет арқылы өте­тін пойыздар­дың қозғалысы қалпына келтірілді. Құ­қық қор­ғау органдары қылмыстық әрекеттерге тос­қауыл қою, заңдылық пен құқық тәр­тібін қолдау, азамат­тар­дың құқықтары мен бостандық­тарын қорғау үшін қа­жетті бар­лық шара­лар­ды қабылдауды жалғас­тыруда. Бірінші вице-премьер Ө.Шөкеевтің жетекшілігімен үкі­мет­­тік комиссияның, сон­­­дай-ақ Ішкі істер ми­нистрі Қ.Қа­сымовтың басшы­лығымен же­дел-тергеу то­бының Жа­ңа­өзен қаласында бол­ған жаппай тәртіп­сіз­­діктер­дің барлық мән-жайларын анықтау жөнін­де­гі жұмыс жү­руде. Олар орын алған әлеу­м­еттік-эко­но­ми­калық, гумани­тар­лық жә­не басқа да мә­се­ле­лерді шұғыл шешуге кірісті. Премьер-ми­нистрдің бірінші орын­ба­сары Өмірзақ Шө­кеев Ақ­тау­ға келе салы­сы­мен әуежайда ке­ңес өткізіп, жергілікті билік өкілдерімен жұ­мыс жос­парын тал­қылап, алда тұрған мақ­сат­тарды белгіледі. Іс барысын тиімді ұйым­дас­тыру үшін комиссия бірнеше топтарға бөлінді. Олар­дың әр­қай­сысы бел­гіленген нақ­ты ба­ғыт бойын­ша жұмыс істеуде. Жа­ңа­өзен қаласына келген комиссия мү­шелері бірінші кезекте қи­раған ғима­рат­тарды аралап көрді. 46 нысан то­лықтай немесе ішінара бү­лін­ген. Олар­дың басым бөлі­гі дүкендер мен сауда үй­лері. Алдағы уа­қытта комиссия келтірілген шы­ғын­­дар­дың көлемін анықтай­тын бо­ла­ды. Осыған орай комиссия жетекшісі Өмір­зақ Шө­кеев барлық азаматтар халық ара­сын­­дағы тыныштық пен тұрақты­лық­тың бас­ты құн­дылық екенін түсінуі қажет, деп атап өтті. * * * Кеше Жаңаөзен қаласындағы жедел жағ­дай қалыпты және құқық қорғау орган­дары­ның бақылауында тұр, деп хабарлады Бас прокуратураның ресми өкілі. Жаңаөзен қа­ла­сында және Шетпе кентінде өткен тәулік ішінде бірде бір қылмыс жасау дерегі тіркелмеген. Тек өткен яғни желтоқсанның 19-нан 20-на қараған түні Жаңаөзен қаласында тәртіп сағатын бұзғаны үшін комендатураға 3 адам жеткізіліп, түсіндіру жүргізгіленнен кейін үйлеріне жіберілген. Қару, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар және ұрланған заттарды табу мақсатында үйлер­дің жер төлелері мен шатырларын тексеру жүргізілуде. Бүгінде 90-нан аса үй тексеріліп, олардың кейбіреулерінен жанғыш қос­па­сы бар канистрлер, ұрланған заттар та­был­ған. Жаңаөзен қаласындағы жаппай тәртіп­сіз­діктер нәтижесінде қаза болғандардың нақты саны анықталды, олар бұрын хабар­лан­ғандай, 14 адам. Олардың жеке бастарын анықтау жөніндегі жұмыс аяқталды. Ресми өкіл жаппай қантөгіс туралы өсек­тер­дің ешқандай негізі жоқ, анық жалған ақпарат екендігін және арандату мақсатында таратылып жатқанын тағы да атап өтеміз, деді. Жаңаөзен қаласындағы төтенше жағ­дай режімі кезінде құқық қорғау орган­дары­ның бірде бір  рет қару пайдалану фактісіне жол берілген жоқ. Дегенмен, бірнеше қай­та­ланған тексерілмеген ақпаратты жариялаудан бастарту жө­нін­дегі прокуратураның үн­деуі­не қарамас­тан, нақты мәліметтермен және мемлекеттік органдардың ресми хабар­лары­мен қуат­­талмаған әртүрлі ақпарат­тар­ды жа­рия­лау жалғасуда. Мәселен, бұ­қара­лық ақ­парат құралдары Жаңаөзен қала­сын­да­ғы жаппай тәртіпсіздіктер барысында Ин­гушетияның тұрғыны Жанболат Тан­гиев­тің мерт болғаны туралы хабарлаған. Алай­да, жүргізілген тексеру Жанболат Тангиев аман-сау және Ақтау қаласында екендігін көр­сетті. Біздің қызметкер­лер­мен кездесу бары­сында ол Жаңаөзен қала­сындағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатыс­пағандығын хабар­ла­ды. Осындай жалған ақпаратты жариялау Тан­гиевтің Ингушетияда тұратын туған-туысқандары мен жақындарына үлкен алаңдаушылық туғыз­ды, дейді Н. Сүйіндіков. Александр ТАСБОЛАТОВ.