Қазақстан • 25 Шілде, 2018

Сенатор С.Айтпаева Оралда балалар құқықтарын қорғау мәселелерін талқылауға қатысты

372 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орал қаласында Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаеваның қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Сенатор С.Айтпаева Оралда балалар құқықтарын қорғау мәселелерін талқылауға қатысты

Шара барысында аймақтағы кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау және қамтамасыз ету, балалар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, денсаулық сақтау, сондай-ақ жетім балалар құқықтарының сақталуы мәселелері қаралды. Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері осы саладағы жағдайды жақсарту, білім беру және тәрбие мекемелері жүйесін жетілдіру, мемлекет пен қоғамды үйлестіру жөнінде өз ұсыныстарын айтты.

С.Айтпаева үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтын дамыту мен елдегі кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету туралы әңгімеледі. Сенатор С.Айтпаева Оралда өткен трансшекаралық су жөніндегі ынтымақтастық мәселелеріне арналған халықаралық конференцияға да қатысты. Форумға парламенттердің, орталық және жергілікті билік органдарының, ғылыми қауымдастықтың, азаматтық қоғамның, Қазақстан, Ресей, Аустрия, Өзбекстан және басқа да елдердің сарапшылар қоғамдастығының 130-дан астам өкілдері жиналды.

Конференция барысында Жайық өзенінің су ресурстарын басқару жөніндегі екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктері, сондай-ақ су ресурстарын қорғау мәселелері бойынша шешім қабылдаудағы жұртшылықтың рөлі талқыланды.