26 Шілде, 2018

Тиін мен тиын

438 реткөрсетілді

Сюрреалистер сара жолын сал­ған инсталляция туындылары бұл күнде қалалардың өзіндік эсте­ти­калық ерекшелігі мен көрікті кел­бетін қалыптастырудың құралына айналғаны мәлім. Көптеген көркем шығар­машылық өкілдерінің кеңістікке арналған композициялық инсталляциялары қазақстандық қалаларда да орнатыла бастады. 

Таяуда Алматы шаһарының ортасында алып тиіннің мүсіні пайда болды. Нәзік қолына қызыл алма ұстап тұрған тиінді бейнелеген туынды қаланың қақ ортасындағы «Атакент» кешенінің алдынан орын тепкені, биіктігінің төрт қабатты үймен бірдейлігі, 15 тонна темір, 3 тонна ағаш пен 3 тонна сабан жұмсалғаны бірқатар баспасөзде жарияланды. Алайда аталған тиінге арналған инсталляция қоғам арасында қызу талқыға түсті. Алатау шыңдарының етегіндегі шаншыла біткен қарағай нуы мен Алматыдай алып мегаполис саябақтарының сәніне айналған сүйкімді тиіннің сүйкімсіз болуы неліктен деген сауал туады.

Қалың елді ең алдымен қапаландырғаны – мүсіннің уақытша мерзімге қойылғандығы болса, екіншіден, маусым өткен соң лау ете қалатын қураған қу сабаннан соғылған мүсінге 23 миллион теңгенің жұмсалуы деуге болады. Қала әкімдігіне «креативті» идеясын бұлдай білген FUNK креативті агенттігінің жетекшісі Майра Измайлова бұл қаражаттың көп емес екендігін айтқанымен, қазақстандық қо­ғамды қынжылтқан жоба беделді халық­аралық баспасөз беттеріне де арқау болды. Оның ішінде британдық BBC News, The Times, американдық New York Post, FOX News сияқты белді ақпарат құралдары бар. Осылайша, арт-нысан айдай әлемге Алматының атағын шығарды.

PR мамандары қаралаудың өзі де жарнама болғандықтан, бұл мүсінге жұмсалған қаражат өзін өзі ақтады дейді. Ал қазақстандықтардың әлеуметтік желі­дегі ащы пікірлері мен уытты әзілдерін жарнама компаниялары да пайдаланып қалуға тырысуда. Олар өз өнімдерін алып тиіннің аясындағы безендірулермен бере бастағанын байқауға болады.

Арада көп уақыт өтпей Алматы облысы Қарасай ауданының Алмалыбақ ауылында Өсімдік қорғау және карантин институтының қызметкерлері мен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенттері де дәл осы іспетті мүсіннің көшірмесін жасап шықты. Көлемі сәл кішкене болғанымен орындалу технология­сы ұқсас. Әрине, бұл тиіннің тиыны туралы ресми ақпарат хабарланған жоқ. Бірақ алматылық тиіннің қаржысындай қаражат жұмсалмағаны аян. Десе де, Алматыдағы алып тиінге материалдық шығыннан гөрі идея мен беделге жұмсалған шығын артығырақ болуы әбден мүмкін. Өйткені жоба авторлығы британдық танымал суретші Алекс Ринслерге тиесілі. Ал оның осы іспетті уақытша туындылары әлемнің ірі мегаполистерінде қойылып жүр. Уақытша демекші, жоба жетекшілері егер сұраныс болса, мүсін авторымен келісімшартты ұзарту арқылы алып тиіннің «өмірін» де ұзартуға болады деген уәж айтып отыр...

Әрине 23 миллион теңге қарапайым қала тұрғыны үшін қомақты қаржы. Тіпті қаладағы қос баспананың құны екенін ескерсек, бір пәтерді 20 жылға не­сиемен сатып алатын қала халқының қыжылын түсінуге болады. Сондықтан шаһардың туристік тартымдылығын арттыру мақсатындағы кез келген арт-жоба маусымдық болмауы тиіс. Жергілікті аң-құсты бейнелегеннің өзінде қоладан құйылса ескерткіш ретінде ел игілігіне ұзақ қызмет етері анық.

Сондай-ақ қала келбетін ашуда ұлттық құндылықтарды алға шығарған абзал. Айталық, таяуда Елбасының Жарлығымен Ұлттық домбыра күні белгіленді. Ал Алматыда талай дәулескер күйшілер өмір сүрді. Әйгілі Нұрғиса Тілендиевтің ұлттық мұраға айналған сылқым да сырлы күйлері жетерлік. Мәселен «Аққу» күйін алайық. Ұлттық домбыра күні аясында осы күйге әлгі 23 миллион теңгеге ғажап ескерткіш тұрғызуға болады ғой. Алматыға домбыраның алып ескерткіші де артық болмас еді. Ар жағында Алатау асқақтап тұрғанда, заманауи технологиялар арқылы менмұндалаған алып домбыраның шанағынан күй төгіліп тұрса, оны жасауға мүсіншілеріміздің деңгейі де, шеберлігі де жетеді. Бұл қалаға ұлттық реңк береді әрі отандық сәулетшілерге де қолдау. Сондықтан шаһар басшылығы қоғамның әр талқысынан қорытынды шығара білсе, қанеки. Бұл да мәдениет. Қала қазынасы бөлген қаражаттың мақсатты түрде жұмсалуына қоғамдық ой-пікір өріс алған тұста ресми жауап айту мәдениеті өте қажет. Өйткені «Халық айтса қалт айтпайды» деген сөз бар.

Қалай болғанда да аты шулы «қонақжай» тиіннің қасында суретке түсушілер легі толастар емес. Алайда табиғаттың тиіні ініне кіргенде Алматының алып тиіні көзден бұлбұл ұшатыны өкінтеді.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Қарсыласы қарымды

Кәсіпқой бокс • Кеше

Тандыр наннан шеге шықты

Аймақтар • Кеше

«Jastar kerýeni» жолға шығады

Аймақтар • Кеше

Майдан тудырған сөз

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар