![Баянғали Әлімжановтың 4 кітабының таныстырылымы өті](/article_photo/1532578663_article_b.jpeg)
«Әлем әуендері» еңбегінде түрлі халықтарға арналған қызықты жырлары топтастырылса, «Қырғызым, бір туғаным...» атты жинағында бауырлас қырғыз еліне арнаған өлең, жырлары, қырғыз ақындарымен айтыстары, «Манас» эпосының өзінше жырлаған екі тарауы, сұхбаттары енгізілген. «Мейірімді Асқар» деп аталған қазақ, ағылшын, орыс, неміс тілдерінде, балалар мен жасөспірімдерге арнап жазылған ертегісінде, қазақ баласы әлем халықтары ертегілерінің барлық кейіпкерлерімен дос болатындығын суреттеген. Ал «Сказ столетнего степняка» атты роман-аңызында автор орыс-герман соғысы және халықтар достығы туралы баяндаған.
Жиын барысында және кітапханаға тарту еткен еңбектері жайында ойларын ортаға салып, сыйға тартқан шығармаларына шолу жасаған Баянғали Әлімжанов: «Бұл еңбектерім ұзақ жылдан бері көз майымды тауысқан жұмысымның жемісі. Жүзге келген қарттың өмірін орысша жазған себебім, біздің тарихымыз орыстілді аудиторияға дұрыс жетпейді. Өзгеріп, адам танымастай құбылады. Сол себепті де «Абылай хан және оның батырлары» деген кітабымды да орысша жазған болатынмын. Қазақ тарихы ешбір бұрмалаусыз орыстілді қауымға жетсе екен деген тілек. Кітаптарымды әдейі Тұрсынбек Кәкішев атындағы залға тапсырып отырмын. Ол кісі менің ұстазым болған. Кітап оқырман қауымға қызмет етеді деп сенемін» деді.
Сондай-ақ жиында сөз алған ақын Қорғанбек Аманжол қаламдасына арнаған өлеңін оқып, жылы лебізін білдірді. «Баянғали Әлімжановтың бұл істеп жүрген жұмыстары үлкен ерлік. Қазақ әдебиетінің әр жанрында қалам тербеп жүрген ойы жүйрік Баянғали орыс тілінде де еш қиналмай көркем шығарма жазады. Бұл көп қаламгерде жоқ қасиет. Оның он екі томдық қазақ тілінде жазған шығармалары бар. Соның өзі қазақ әдебиеті үшін үлкен олжа», деді ол.
Ұлттық академиялық кітапхана ұжымы Баянғали Әлімжановтың шығармашылығына зор табыс тілеп, алғыстарын айтты. Автор шығармаларын iздеген оқырман кітаптарды электронды кiтапханадан да таба алады.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»