Оқушылардың жазғы демалысын тиімді пайдалану және туған елдің мәдениеті мен тарихын терең зерделеу мақсатында ұйымдастырылған респуб-ликалық өлкетану акциясы аясында олар ХІ ғасырда салынған Қарахан баба, Айша бибі, Бабаджа хатун және Тектұрмас кесенелерін, сонымен қатар «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығын, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейін, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументін, «Тараз Арена» спорт кешенін және жуырда қайта жаңғыртудан өткен «Жеңіс» саябағын аралап, көне шаһардың мәдени нысандарымен танысты.
Жамбыл облыстық білім басқармасының мәліметінше, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі «Рухани жаңғыру» Орталық жобалық кеңсесімен бірлесіп жазғы демалыс уақытында аз қамтылған отбасылардан шыққан, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың, сондай-ақ республикалық және облыстық олимпиадалар мен жарыстардың жеңімпаздарының Қазақстанның киелі нысандарына, соның ішінде Астана қаласына баруы жөнінде республикалық өлкетану акциясын жоспарлап, өңірлік делегациялардың еліміздің облыстары мен қалаларының киелі орындарына бару кестесін бекіткен. Аталған кестеге шілде айында Тараз сервис және технология колледжінің 25 студенті Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласының мәдени нысандарын тамашалап қайтқан болатын. Ал шілде айының соңғы аптасында аталған облысқа өңірден тағы 45 мектеп оқушылары мен колледж студенттері аттанады деп жоспарлануда.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы