Хоккей • 26 Шілде, 2018

Машинада туып, машинада өлген хоккейші

534 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Атақты спортшы Валерий Харламов хақында

Машинада туып,  машинада өлген хоккейші

Мәскеу қаласы. Түн. 1948 жылдың қаңтар айы. Орталық көшені бойлап, желдей жүйткіген волга көлігі жанұшыра зулап келеді. Машианың ішінде толғақ қысқан жас әйел еріксіз бебеулейді. Соғыстың салдарынан әлі толық арылмаған олпы-солпы қирандының кесірінен дөңгелегі тұсалған машина лықсып кеп тағы бір тұйыққа тірелді. Сол сәтте волганың ішінде шыр еткен сәбидің үні естілді. Сөйтіп, жарқ дүниеге ұл келді. Бұл нәресте анау-мынау емес болашақ спорт жұлдызы атақты хоккейші – Олимпиаданың екі, әлемнің сегіз дүркін чемпионы, Еуропа кубогының 11 мәрте иегері, КСРО-ның 11 реткі жеңімпазы Валерий Харламов болатын.

Валерийдің әкесі Борис Сергеевич 1930 жылы 12 жасында Испаниядан КСРО еліне қоныс аударған болатын. Анасының аты – Арибе Орбат Херман. Ол күйеуімен бірге қаладағы «Коммунар» өндіріс орнында еңбек ететін. Жас отбасы сәбилеріне ырымдап атақты ұшқыш Валерий Чкаловтай болсын деп атын «Валерий» қояды. Бірақ сәби аурудан көш ашпады, тым нәзік еді. Қит етсе жөтел қысып, өкпесі алқынып, тынысы тарылатын. Дәрігерлер «мына баланың болашағы бұлыңғыр…» дегенді ашық айтатын.

Қайран әке жеті жастағы әлсіз ұлын шынықтырмаққа балалар хоккей үйірмесіне жетектеп алып барады. Бірақ ол қателескен жоқ еді. Кенже туған тоқтының қозысындай сүйкімді ұл бір аптаның ішінде мұздың үстінде сырғанауды үйренді. Баланың лып-лып еткен икемді қозғалысына сүйсіне көз тастаған ЦСКА-ның жасөспірімдер құрамасының жаттықтырушысы Борис Кулагин, «мына баладан бірдеме шығуы әбден мүмкін, әттең денесі тым кішкентай…» ақыры ұзақ ойланып, өзінің қармағына қабылдайды.

Арада азғана жыл өткенде сүйкімді Валерий бапкердің көңілінен шықты. Борис Кулагин оның қолынан жетектеп, аға бапкер Анатолий Тарасовтың алдына алып барады. – Мына бала, — дейді Борис Павлович. – Болашақ хоккейдің жұлдызы болады, қазірден бастап ұлттық құраманың дайындық сапына қабылдасақ қайтеді. Анатолий Владирмирович жеткіншектің тұла бойына ұзақ қарап, «денесі тым кішкентай екен, үлкен хоккейші шыға қоймас…» деп басын шайқайды.

Қысқасы, Кулагин бапкер шәкіртінің үмітін үзбейін деген оймен оны екінші лигада өнер көрсетіп жүрген Свердловск әскери округының «Звезда» командасының сапына қабылдатады. Бұл 1966 жылы болатын. Харламов әскерилердің сапына бара салып, алғашқы маусым ойындарында қарсыластар қақпасына 34 шайба соғып, команданың тарихында болмаған рекорд жасайды. Әскери команданың бапкері В.Альфер қолма-қол Кулагинге телефон соғып, «Борис Павлович сіз маған кімді жібергенсіз, келе салып қырып барады. Мынауың ЦСКА-ның негізі құрамында ойнайтын жігіт екен…» дейді.

Сүйінші хабарды естіген Кулагин ұшаққа билет алып, әдейі барып Харламовтың ойынын тамашалайды. Қайран қалады. Харламов сылқылдатып шайбаны соққанда, Кулагинның бүйрегі бүлкілдеп, көзіне мөлдіреп жас үйіріледі. Шапқан күйі бас бапкер Тарасовқа барады. Бірақ бас бапкер бұны «кездейсоқтыққа» санап, құрамаға маңайлатпайды. Кулагинде қадалып қалмайды.

Ақыры, 1967 жылдың соңында 19 жасар Харламов ЦСКА-ның негізі құрамына қабылданады. Осылай туған қаласы Мәскеуге қайта табан тіреген жігіт 1968 жылы ЦСКА-ның КСРО чемпионы болуына ат салысады. Әлемдік хоккей спорты тарихында Михайлов-Петров-Харламов үштігі дәл осы жылы пайда болады.

Арада үш жыл өткенде Харламовтың атағы аспандап шыға келді. 1971 жылғы КСРО чемпионатында бір өзі 40 шайба соғып рекорд жасады. 1972 жылы КСРО құрамасы Олимпиада жеңімпазы атанған сәтте Харламов тоғыз шайбаның авторы атанып «үздік шабуылшы» атағына ие болды. Осы жылы американдықтармен болған ойында айырықша шеберлік танытқаны үшін Торонто қаласындағы атақты «Хоккей музейіне» еуропалықтар ішінен тұңғыш рет Харламовтың есімі мәңгілік тақтасына жазылды.

1975 жылдың шуақты бір күні Харламов 19 жасар Ирина Смирнова дейтін көркем бикешпен танысады. Жас қыз оны «такси жүргізушісі» болар деп жорамалдайды. Онымен қоймай жас жігіт бикешті «ОО-17 ММБ» сериялы волга машинасына отырғызып үйіне жеткізіп салады. Ирина анасына такси жүргізушімен танысқанын айтады. Бірде «таксишы» Ирина мен анасын Үлкен театрға шақырады. Елдің бәрі «таксишыға» сәлем беріп құрмет көрсетуі Ирина мен анасына бір түрлі қызық көрінеді. Анасы айтады: «қызым мынау таксишы емес шығар, зерттеу керек екен, бір гәп бар». Олар кешікпей «таксишының» атақты хоккейші екенін біледі. Ирина мен Валерий отау құрып, 1976 жылы тұңғыш ұлы Александр туады.

Осы жылы Харламов әйелімен бірге «8-Март» мерекесін тойлап келе жатып, машинасымен апатқа ұшырайды. Хоккейшінің аяғы, қолы, қабырғасы сынады, басы ауыр жарақаттанады. Спорт сүйер қауым, «Харламовтың дәуірі тәмәм» деген жорамалға көшеді. Бірақ жеті айдан кейін Харламов аттай тулап қайта оралады. 1977 жылы ЦСКА құрамында жетінші рет КСРО чемпионы атанады. 1978 жылы қызы Бегонита дүниеге келеді.

ЦСКА-ның бас бапкері болып В.Тихонов келген соң екеуара келіспеушілік туындай бастайды. 1981 жылы Харламов хоккеймен қоштасатыны жайлы мәлімет таратады. Бұған бапкерлермен ара қатынасының оңалмауы әсер етсе керек. Әйтпегенде, оның шеберлігінде шәк жоқ еді. 1981 жылы NHL командалары арасында өтетін ойынға Харламовты бапкерлер қатыстырмай тастайды. Ол өзінің командалас достарын әуежайдан шығарып салып, қол бұлғап қала береді.

Содан жаны жай таппай әйелі мен ұлын ертіп, қаланың шет жағында орналасқан туысқандарына тартады. Қызы Бегонита туысқандарының үйінде еді. Ертеңінде, яғни 27-ші тамыз күні Валерий таңмен таласа тұрып, әйелді және туысқаны Сергейді машинаға отырғызып қалаға қарай жолға шығады. Таңғы сағат 7.00-де 74-ші шақырымда Харламовтар мінген көлік ауыр жүк машинасымен соқтығысып, нәтижесінде атақты хоккейші Валерий Харламов, әйелі Ирина, туысқаны Сергей үшеуінде жан тәсілім етеді. Машинаның ішінде туған азамат, машинаның ішінде өлді.

Танымал режиссер Николай Лебедов әйгілі хоккейші В.Харламовтың өмірі жайлы «17 нөмірдің аңызы» атты фильм түсірді. Кино азғана уақытта 7,6 миллион доллар пайда тауып үлгерді. Соған қарағанда, аты аңызға айналған азаматты көрермендер әлі ұмыта қоймаған екен.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше