Өнер • 26 Шілде, 2018

Солтүстік Қазақстанда актер Асылболат Смағұловтың жеке көрмесі өтті

1035 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бейнелеу өнер мұражайында қойылған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, кино және театр актері Асылболат Смағұловтың «Туған жер» атты жеке көрмесін қызықтаушылар қатары қалың болды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылған шараға  облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров, Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб басқарушы комитетінің төрағасы  Әлихан Бәйменов қатысты.

Солтүстік Қазақстанда актер Асылболат Смағұловтың жеке көрмесі өтті

А.Смағұлов Құрманғазы атындағы консерваторияны бітіріп, драма актері мамандығын алып шыққаннан кейін еңбек жолын Торғай облысында бастап, кейін Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы драма театрында жалғастырған. «Қыз Жібек» спектаклінде Бекежан рөлін сомдағаны үшін ҚР еңбек сіңірген әртісі атағына ие болған. Тбилисиде өткен халықаралық жастар театрлары фестивалінің  дипломанты атанған. Орта Азия мен Қазақстан театрларының халықаралық байқауының  Гран-приін жеңіп алған.  «Апиын», «Ұмытпа мені», «Көшпенділер», «Біржан сал», «Елім-ай» «Қазақ хандығы» фильмдерінде басты және қосалқы рөлдерді бейнелеген. Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай «Мұзбалақ қарақшы, қаражүрек кәззап Бекежанды сәл-пәл сүйкімділікке сүйрелеген, оның сұсты жүзіне аз-кем қан жүгірткен алаш актері Асылболат Смағұлов болды» десе,Қазақстанның халық жазушысы Сәкен Жүнісов «Қыз Жібектегі» «Асылболат-Бекежан» – қазақ театры сахнасындағы үлкен құбылыс» екенін атап көрсеткен.

Көрменің ашылу рәсімінде  Айдарбек Сейпілұлы кәсіби актерге  облыс әкімінің құрмет грамотасын салтанатты түрде табыс етіп, шығармашылық жолының табысты жалғаса беруіне тілектестік білдірді. Жан досы Ә. Бәйменов «сегіз қырлы, бір сырлы» тұлғаның ақындық, сазгерлік, әншілік,  мүсіншілік, суретшілік қабылеттері жайлы кеңінен әңгімелеп берді.

Қылқалам құдыреті арқылы  суретшілік талантын таныта білген жерлесіміз көрмеге  40-тан астам кескіндеме және графика жұмыстарын ұсынды. Түрлі жанрдағы суреттер, жанрлық композициялар, портреттер, пейзаждар да өзіндік орындалуымен ерекшеленеді.

«Бала кезімнен сурет салуға өте әуес болдым. Қабырғаларға  Васнецовтың «Үш батырын», басқа суреттерді салып қоятынмын.  Жас ұлғая келе шындап айналыса бастадым. Суреттерім – жан дүниемнің айнасы іспеттес. Қай-қайсысында болсын туған жерге деген балалық сағынышым мен перзенттік толғанысымды  сурет тілінде «сөйлетуге» ұмтылдым», дейді Асылболат Смағұлов.

Шынында да «Уақыт», «Ана», «Шырмауық, жалған дүние», «Асау күрең», «Қалыңдық» тағы басқа картиналардың кәсіби суретшінің туындыларынан еш айырмасы жоқ. Қорқыт, Ақан сері, Баян Сұлу, Қыз Жібек, Бекежан портреттері де өзіндік даралығымен сипатталады.

Әуесқой суретші бейнелеу өнері мұражайына бірнеше туындысын сыйға тартты.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы