Жекпе-жек • 26 Шілде, 2018

Дамир Исмағұлов UFC-де күш сынасады

383 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ережесіз жекпе-жек әлеміндегі ең белді ұйым – UFC-дің қатары алдағы күндері қазақ жігіті Дамир Исмағұловпен толығады. Бұл жайында М-1 Global промоутерлік компаниясының президендті Вадим Финкельштейн мәлімдеді.

Дамир Исмағұлов UFC-де күш сынасады

Орынбор облысы Первомай ауданының Ударное ауылында дүниеге келген Дамир Исмағұлов көптен бері мықты жекпе-жектерімен көзге түсіп жүр. Осы спорт түріне кешеуілдеп, яғни 22 жасында келгеніне қарамастан өзінің еңбекқорлығы мен табандылығы, жанкештілігі мен қайсарлығының арқасында біраз белестерді бағындырды. Бас-аяғы төрт жыл уа­қыт аралығында Дамир 18 жек­пе-жек өткізіп, 16 рет же­ңіс­ке жетті. Былтырғы жылдың мамыр айында Орынборда өткен жарыста Санкт-Петербургтен келген Максим Дивничті бесінші раунд­та техникалық нокаутпен ұтып, 70 кило салмақ дәрежесі бойынша «М-1» ұйымының чемпиондық белбеуін иеленді. Содан бергі уақытта қандасымыз тағы үш жекпе-жек өткізіп үлгерді. Сол бәсекелерде бразилиялық Рожерио Карран­ка, грузиялық Рауль Татараули және беларуссиялық Артем Дам­ков­ский­ден басым түсіп, өзіне тиісілі әлем чемпионы атағын сақтап қалды.

Егер жоғарыдағы жоспар жүзеге асырылып, Дамир Исмағұлов АҚШ-қа аттанатын болса, онда ол UFC-мен келісімшартқа отырған екінші қазақ спортшысы ретінде тарихта қалады. Естеріңізде болар, 2014 жылы әлемдегі ең беделді ұйымда Қытайда туып-өскен қандасымыз Жұмабек Тұрсын өнер көрсеткен болатын. Өкіншіке қарай, мұхиттың арғы бетінде Жұмабектің жолы болмады. Ендігі үміт – Дамирда. Орынборда туып-өскен қазақтың 27 жастағы қайсар ұлы  UFC-де өзінің мықтылығын мойындатады деген үміттеміз.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»