Орал қаласында туып-өскен Табиғат Төлемісұлы кішкентайынан қолөнерге құмар болыпты. Балқия апай ұлының ваннадағы сабын атаулыны қоймай, қырнап-жонып, неше түрлі мүсін жасап тастайтынын жыр қылып айтады. Бірде Табиғат пластилиннен адамның басын жасап, тоңазытқышқа салып қойған екен. Ашып қалған анасы қорыққаннан шалқасынан түсе жаздаған. Осындай «қызықтарына» қарамай, бала бойынан өрелі өнердің ұшығын көрген ана оны әрдайым қолдап, көркемөнер мектебінде оқытыпты. Кейін Табиғаттың өзі өнердің соңына шындап түсіп, әуелі Алматы көркемөнер училищесін, одан соң Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірді.
– Мен «жалқау» суретшімін, – дейді Табиғат әзілдеп. – Табиғаттың өзі жасаған ғажайып нәрселерді сәл ғана өңдей саламын.
Табиғат Төлемісұлы ағаштан, сүйектен, мүйізден, теріден, тіпті металдан да талай туындыларды жасады. Бірақ оның ең сүйікті кәсібі – кәдімгі теріні айналдыру.
Шындығында қазақ қолөнерінде тері өте жиі қолданылатын материалға жатады. Ат әбзелдері, торсық, күбі, саба секілді күнделікті тұрмыс бұйымдары, жарғақ шалбар, былғары тон – осының бәрі де мал баққан қазақтың күнде көріп жүрген бұйымы ғой. Сақталуы қиын болғандықтан талай-талай тері жәдігер ұмытылып, халық жадынан жоқ болып та кетті. Әйгілі Бұқар жыраудың «Сен – бұзау терісі шөншіксің, Мен – өгіз терісі талыспын!» деп шамырқанатыны есіңізде ме? Дәл осы талыстың не нәрсе екенін ізденіп жүріп тауып, қалпына келтіріп жасаған да – Табиғат.
– Көне хикаялардың бірінен талыс туралы мынадай аңыз естіп едім, – дейді Табиғат. – Бір кісінің бүкіл малы жұтқа ұшырап, таяғын ұстап қалыпты. Бірақ байдың қолы шебер екен, өлген жылқыларының бас терісінен талыс деген ыдыс жасап, соны сатып, кейін қайта мал жиып, шаруасын түзеген. Ұста-шеберлердің аспап-сайманын салуға лайық сөмке – талыс қазір Табиғаттың үйінде күнделікті қолданылатын бұйымның біріне арналған.
Табиғат кішкентайынан қалада өсіп, орыс мектебінде оқыса да малсақтығынан ажырамаған нағыз қазақтың өзі. Оның әр туындысынан неше түрлі хайуанның, жан-жануардың бір элементін көрмей қоймайсың. Тіпті кейде оны әйгілі «аң стилін» қалыптастырған сақ-скиф шеберлерінің соңғы тұяғы емес пе екен деген ой да келіп қалады. «Көк өгіз», «Доңыз», «Көнек», «Талыс», «Аққу», т.б. көптеген жұмыстар Табиғаттың осы бір «аң стилін» шебер меңгергенін, әрбір жануардың өзіне тән мінез-құлқын бір ғана штрихпен бере алатынын дәлелдейді.
Қыс келіп, ел-жұрт соғым союға кіріскенде Табиғат бір жасап қалады. Бұл оның қоймасын шикізатқа толтыратын уақыты. Таныс достары, көрші-көлемі суретшінің осы «осалдығын» жақсы біледі. Неше түрлі мүйіз-тұяқ, бас-сирақ, сүйек-саяқ, терінің пұшпағы, түйенің мойыны, жылқының қылқұйрығы, т.б. заттар келіп жатады. Бір көргенде қажетсіз секілді осы нәрселер Табиғаттың қолынан өткенде адам танығысыз өзгеріп, өнер туындысына айналатынына олардың көзі сан рет жеткен ғой. Тері өңдеудің машақаты көп, иіс-қоңысы тағы бар, соның бәріне шыдап қана қоймай, отағасына дем беріп отыратын Мейрамгүл Жайдарқызының орны бір бөлек.
...Мен Табиғатты көптен көрмеп едім. Жақында жолықтық. Астанаға көшкелі көрмелерден көрінбей, аты-жөні естілмей кетіп еді. Үй салыпты. Қызын ұзатып, келін түсіріпті. «ЮНЕСКО клубы» балалар көркемсурет мектебінде сабақ береді екен. Қатты қуанғаным, Табиғат шығармашылығын да ұмытпапты. Кішігірім музейге ұқсайтын үйін аралатып, соңғы кезде жасаған жұмыстарын көрсетті. Байқағаным – суретші соңғы кезде ағашты көбірек пайдаланыпты. Алып кесіртке, құмай тазы, мүйізтұмсық, қарғалар... Бұл жерде де Табиғат Төлемісұлының «жалқаулығы» көзге ұрып тұр: шым-шытырық ағаш бұтақтарының арасынан өзіне керек қимыл-қозғалысты дәл тауып, сәл-пәл «өңдей» салғанда, тың туынды өзіндік мінезімен тіріліп сала берген.
– Көптен көрмеге қатысқаным жоқ. Бірақ соңғы кезде жасаған жұмыстарымның бәрі бір серияға кіреді. Осы жұмыстарым арқылы қоршаған ортаның экологиясына, адам жанының экологиясына көрермен назарын аударғым келеді. Астанада жеке көрмемді ұйымдастырсам деп армандаймын, – дейді Табиғат Қожанбаев.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»