Таным • 30 Шілде, 2018

Күмбезделген көне тарих

923 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әуелі Астана астық. Одан соң Қарағанды. Қа­ра­ғандыдан пойызбен Жезқазған қаласына жет­тік. Жусан иісі аңқыған сайын даланың төсіндегі жып-жинақы, шағын ша­һар құшақ жая қар­сы алды. Алдымен Жез­қаз­ған қаласының тари­хи-археологиялық мұра­жайы­на саяхат жаса­дық. Тылсым тарихтан суырт­пақтап сыр тартатын көне жәдігерлер көп екен.

Күмбезделген көне тарих

Ендігі жол Жезқазған қаласынан шамамен елу шақырым жердегі Жошы ханның мазары. Жошы – Шыңғыс ханның тұңғышы. Дүниені тітіренткен ұлы қаһанның бірінші әйелі Бөртеден туған төрт ұлдың бірі.

Шыңғыс хан көзі тірісінде бірі­нен бірі өткен жолбарыс жүректі, арыстандай айбатты ұлдарына енші бөліп берген. Ол заманның еншісі – ауыл-аймағымен, бота-тайлағымен тұтас елді айдарлы ұлдарының қарамағына беру. Сол замандағы тілмен айтқанда мұндай өңірлер ұлыс деп аталған. Айталық, Шыңғыс ханның кенжесі Төле Моңғолия жерін иемденген. Қазіргі Қазақстан жері үш ұлыстың құрамына енген. Ең үлкен бөлігі солтүстіктегі жалпақ дала мен Ертістің жағалауынан сонау Алакөлге дейін, ал, батыс беткейде Іле мен Сырдария бойы Жошы ұлысына қараған. Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік шығысы Шағатай ұлысына, солтүстік шығыс бөлігі Үгедейдің үлесіне тиген.

Жошы ұлысының негізгі бөлігін қазақтың Сарыарқасы мен Дешті Қыпшақтың ұшы-қиыры жоқ са­йын даласы алып жатыр. Қазір бұл жерлер Қазақстанның солтүстік, солтүстік шығыс және орталық аудан­дары болып есептеледі.

Жусанды даланың төсіндегі тас­падай тартылған дала жолымен Жошы ханның мазарына жеттік. Көз ұшында елді мекен көрінбейді. Жапан даланың жазықтығынан жанарың жасаурайтындай. Көкіре­гіңді кере демалсаң, он сан шөптен өрбіген жұпар иіс буын-буыныңа түсіп, саумал ішкендей көкірегіңді кілкітіп мас қылады. Бір қыраттан соң бір қырат. Оның ар жағында әлдебір биіктік сымдай тартылып барып, көгілжім нұрға бөленген көкжиекке сіңіп кетеді.

Осы бай­тақ даланың төсіне баһадүр баба­ларымыздың тұлпарының тұяғы тиген. Іргеде мың бұралған Қаракеңгір мен Сарыкеңгір бір-бірімен жарыса, жанаса, толқыны толқынын қаққандай болып, қыз бұрымындай қабаттаса өріліп ағып жатыр. Өр екпінді, тегеуріні тепсінген тентек емес, жайлап аққан жуас, майда толқынды, мөлдір өзен екен. Қаракеңгірден қол созым жерде Жошы бабамыздың биіктігі шамамен 7-8 метрге жуықтайтын күм­­­безі тұр. Суырдан басқа аңы жоқ, қойдан басқа малы жоқ жапан даладағы жалғыз қарауыл өзі сияқты.

Айбар болып тұрғандай, абыройы асқақтап, жығылмас жалау көтеріп тұрғандай. Қызыл кірпіштен өрілген екен, жымдасуында мін жоқ. Қол созымдай жер көтеріліп барып әнтек бүгіліп, шаңырақ кейіптес болып жабылған. Кіреберістегі қақпаның алды әлде желден, әлде тынымсыз жаңбырдан тозған болуы керек, қайтадан жамалыпты. Жымдасқан жері, ескі мен жаңаның қауышқан тұсы зер салып қараған адамға көрініп тұр.

Әуелі сайын даланы күңірентіп ноқтаға басы сыймай кеткен ер бабалардың рухына бағышталып құран оқылды. Содан соң ақ сауыттарын жарқылдатып, алмас ұшты ақ найзаларын айға білеп, атой салып өткен жолбарыс жүректі жауынгер аталардың ерлік істері, мәңгі өлмес мұраттары тілге тиек етілді. Заманында Жошы өз ұлысының ханы ғана емес, айбарынан ай ыққан, ақыл-айласы мол, парасаты терең, пайымы орасан атақты әскербасы да болған.

Бір аңыз айтады: Төре тұқымы жергілікті халықтың жомарт мінезін, арыстандай айбатты күш-қайратын дұрыс бағалап, жан-тәнімен ұнатқан. Сол сүйіспеншілігінің негізінде Моңғол империясының орталық ставкасында болашақ тәуелсіз жеке мемлекет қазақ хандығын құруға ұмтылған. 1235 жылы бүкіл моңғолдың құрылтайында «соңғы теңізге» Атлант мұхитына жету үшін Батыс елдерін жаулау туралы шешім қабылданады. Бату біріккен әскердің қолбасшысы болып тағайындалады. Ұлы жорықтың алдында, яки 1227 жылы арыстан жүректі Жошы өмірден өткен.

Ұлытаудың бөктерінде мәңгілік тыныс тапса керек. Жошы ханның мазары қаншама жылдан бері Алаш жұртының тағзым ететін қасиетті қара орны болып саналады. Жошының көптеген әйелдері болған. Жалпы саны қырыққа таяу ұлдары өмірге келген. Оның ішіне тарихтан белгілісі Дешті Қыпшақты билеген Орда Ежен, Бату, Берке, Беркечар, Шибан, Танғұт, Бувал, Чилаукун, Шынғықұр, Мұхамед, Теміртоқай және басқалары.

Дәл осы арада Жошы мазарының жанындағы тағзым етуге жиналған халықтың аузынан негізінде шын­дыққа жанасатын жорамал естідік. Ол Жошының өліміне байланыс­ты. Әлмисақтан айтылып келе жатқан Жошының құланның айғы­ры теуіп, қаза табуы бекер тәрізді. Бұл жорамал бойынша былай де­лінеді: Шыңғыс ханның ордасына рұқсатсыз кіретін құқық берілген жалғыз-ақ адам болыпты. Ол Құлан қатын екен. Күндердің бір күнінде Жошы мен Құлан қатынның арасында келіспеушілік туындайды.

Баһадүр ұлы әлемнің қақ жартысына әмірін жүргізіп тұрған кемеңгер әкесінің ордасына Құлан қатынның рұқсатсыз кіргеніне намыстанды ма, жоқ әлде күні ертеңгі тақ таласының болашағы алаңдатты ма, әйтеуір араларынан қара мысықтың жүгіріп өткені ақиқат. Құлан қатын дүние десе көздері жұмылып қалатын, обал-сауапты ойламайтын 12 жендет жалдайды. Сол 12 жендет аңға шыққан Жошыны өлтірсе керек. Мұны Шыңғыс хан біледі. Содан соң қанішер Құлан қатынды 12 жендетпен қоса бірге өлтіріп, қатынды мазардың ішіне, дәл табалдырыққа жерлетеді. Ал 12 жендет мазарды жиектей дөңгелек шеңбер жасап, көміледі.

Сонда әулие хан былай деп айтқан деседі: күндердің күнінде менің ұлыма мінәжат етіп келген жұрттың әрқайсысы қані­шер қатынды табанымен таптап өтсін. Ал өз хандарына қылыш кө­тер­ген 12 жендет сол қанішердің қалай табан астында қорланғанын көріп жатсын десе керек. Айтса айт­қан­дай, мазарға аттап кірген кезде кіреберістегі босағаға жерленген қабір­ді басып өтесің. Әдейілеп емес, амал­сыздан. Әуел баста солай есептелген.

Жошы мазарының түбінде, жусанды далада дастарқан жайылып, ас берілді, құран оқылды. Ыр­ғыз даласында өзінен әлденеше көп Хорезм шаһтың алпыс мың әскерін тас-талқан еткен, 1207-1212 жылдар аралығында оңтүстік Сібірді, алыстағы Алтайды, Шы­ғыс Түркістанның жерлерін өзіне қаратқан қаһарман Жошының қайт­пас қайсар ерлігі айтылды. Жошы Еуропаға жорық жасай алмады. Жоспарын тағдырдың жолы өзгеше бұрып әкетті. Жошы қаза болған соң Шыңғыс ханның ақылшысы, өз заманының озық ойлы перзенті, күйші Кетбұға хан иесіне былай десе керек.

Тұла бойынан күш саулап тұрған, ақылы озық, ерлігі ерен Жошы ханның бір әйелдің қолынан қаза табуы хан ұрпағының сүйегіне таңба. Сондықтан, Жошының өлімін даладағы құланнан болды деуіміз әлдеқайда ақ өлім болып есептелсе керек. Солай дейік дескен. Уәде байласқан. Ақсақ құлан күйінің шығуы да осы тұс. Анығында күй Кетбұға күйшінің жорамалы бойынша қиялдан ту­ған. Қиял болса да осы сапарда әл­денеше рет тыңдадық. Жергілікті өнерпаздардың шертуімен. Атақты күйші Жанғали Жүзбаевтың орындауында.

Мың сан тұяқтың даланы дүбірлете шабуы. Торы құнанның ажал аңсап ұшқан сұр жебеге ұшырауы, қасқа құлынның жон ар­қасын қылпылдаған алдаспанның алмас жүзі тіліп түсуі, шұрқыраған жылқы, үдере шапқан қалың үйір, жусанды дала, сары сағымға оранған сарғылт жүзін қызыл қанға бояған. Бауырындағы үйірінің оққа ұшып, найзаға шаншылып жатқанына шыдамаған, мұндай жан алып, жан беріскен сан жортуылда басынан өткерген күрең айғырдың қара жерді қақырата кісінеуі, содан соң аузын арандай ашып ұмтылуы, қызылшыл топтың есірік айғайы.

Күй тілі осылай сөйлейді. Аңыз әлде ақиқат. Арада ғасырлар өткен. Қалай болғанда да Жошының жусанды дала төсінде ажал құшқаны анық. Кейінгі жорамалды ғұлама оқымысты Әлкей Марғұлан да қоштаған деседі.

Жошы мазарынан кейін жусанды дала төсімен Алаша ханның мәңгілік тыныс тапқан жеріне, яки мазарына бет алдық. Сөз арасында Алаша хан жайында білгенімізді айта кеткен ләзім. Алаша хан алты Алаштың ортақ атасы. Иісі қазақтың бабасы делінеді. Жауынгер түркі тайпаларын біріктіріп, тұңғыш Алаш мемлекетін құрған ұлы қайраткер ретінде қастерленеді. Нақты қай кезеңде өмір сүргендігі туралы мәліметтер жоқтың қасы. Кейінгі зерттеулерде аңыз көп.

Ұлытау өңірінің Қаракеңгір өзенінің бойында сонау ХV ғасырларда салынған Алаша хан күмбезі қазіргі күнге дейін сақталып отыр. 1998 жылы антрополог О.Смағұлов моланы қазса керек. Табылған бас сүйекті Мәскеу қаласындағы М.Герасимов атындағы пластикалық антрапология лабораториясының мамандары жан-жақты зерттеп, адамның бет әлпетін бастапқы қалпына кел­тіріпті. Қазіргі пайымдау бойынша осы мазарда жатқан Алаша хан ХV ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қазақ хандығының негізін салушылардың бірі, әрі алғашқы ханы Керей болуы ықтимал. Атақты ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жинаған аңыз-әпсенелердің бірінде Алаша ханның образы тарихи тұлға Шыңғыс ханға да айна-қатесіз ұқ­сайды деген пікір айтса керек.

Ұлытаудың бөктеріндегі қара Кеңгірдің жағасын жиектей орна­тыл­ған Алаша хан күмбезі әлі күнге дейін міз бақпай тұр екен. Бұл осы өлкедегі шоқтығы биік көне өнер туындысы, мәдени мұра. Кесененің биіктігі он метр, күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған, кіреберіс сол жақ бұрыштағы баспалдақ арқылы жоғарыға көтеріліп, кесененің үстіне шығуға болады. Кесененің сыртқы әлпеті әртүрлі кірпіштерден геометриялық өрнектер арқылы көз тартарлық етіп безендірілген. Күмбезі жұқа сырлы қаптамалармен қапталған.

Мазар халық шеберлерінің епті қолымен ХІ-ХІІ ғасырларда Ала­ша ханның құрметіне салынған екен. Дәл осы мазардың жанында жиналғ­ан жұрт тағзым етіп, құран оқыды. Сайын далада қаншама жылдар бойы жауын мен желге тозбай тұрған мәдени мұраның соншалықты беріктігіне таңғалып, қайран қалысты. Шынында да, бұрынғылар білген ғой.

Осы арада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мына бір сөзі ойға оралады. «Кешегі келеңсіз күндерде бабадан қалған сөзден жаңылып, бағзыдан қалған ізден адасып қала жаздаппыз… Қасиетті орыннан қалғаны Ұлытау мен Ордабасы. Бауырында бабалардан қалған із әлі сайрап жатыр. Басында бабалар дауысы әлі саңқылдап естіліп тұр. Енді сөзден жаңылып, ізден адасар еш ретіміз жоқ».

Шынында да, солай-ау.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы