21 Желтоқсан, 2011

Астана еуропалық сапа сертификатын алды

280 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Төрткүл дүниені түгел мойындатқан Астана қаласы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық торқалы тойы өтіп жатқанда тағы да бір үлкен жетістікке жетті. 2011 жылдың 19 желтоқсанында Брюссель қаласында орналасқан Еуропалық сапа менеджменті қорының штаб-пәтерінде Астана қаласы муниципалитетіне (әкімдігіне) «Танылған Жетістік» сертификатын тапсыру рәсімі болып өтті. Осы рәсім барысында ЕFQM-нің бас директоры Пьер Каше Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапановқа салтанатты жағ­дай­да аталмыш сертификатты тап­сыр­ды. Ол өз сөзінде ЕFQM-нің «Та­нылған Жетістік» атты серти­фикаты Қазақстан елордасы әкім­ді­гінің Еуропада кеңінен та­нылған басқару сапасының стан­дарт­­тары­на сай жұмыс жүргізу жөніндегі ұм­тылысын айғақтай­ды деп атап көрсетті. Сөйтіп, Астана қаласының әкім­­дігі Қазақстан Респуб­ли­ка­сында Еуропалық сапа менеджменті қоры­ның сертификатына ие болған бірінші мемлекеттік орган болып таныл­ды. Астана әкімдегі халықаралық беделді қордың осын­дай жоғары бағасына ие бол­ған төртінші муниципалитет бо­лып отыр. Дәстүр бо­йынша, ЕFQM сер­тификатына ком­мер­циялық кәсіп­орындар ие бола­тын. Алайда соңғы жылдары ЕFQM іскерлік жетістіктерінің моделін айқындау мақсатында бұл сертификатты бұ­қаралық сектор­лар­ға, оның ішінде мемлекеттік басқару саласына да бере бастады. 2008 жылы ЕFQM сертификатына түріктің Бурса қа­ласы, 2011 жылы Польшаның Джержониов, 2011 жы­лы Испания­ның Киудад қала­лары ие болған болатын. Сертификат тапсыру салта­на­тында Астана әкімдігінің ЕFQM-нің еуропалық алдыңғы қатарлы ұйымдар реестріне кіргендігі атап көрсетілді. Өз кезегінде бұл қала­ның имиджін арттыруға ықпал ететіндігі даусыз. «Біз үшін соңғы жылдары әкім аппаратына Жетістіктің іргелі тұ­жырымдамаларын, Жетістік өл­шем­дерін, сонымен бірге РАДАР өз-өзіне баға беру тетіктерін, мемлекеттік орган еңбеккерлері­нің қыз­метіне баға беру жұмысын енгіздік», деді рәсімде сөйлеген сө­зінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапанов. Оның айтуынша, ЕFQM тарапы­нан жүргізілген тәуелсіз баға беру жү­йесі қала әкімдігіне өз жұмы­сына сын көзбен қарай отырып, жұмыс­тың күшті және жетілдіруді қажет ететін әлсіз тұстарын анықтауға мүмкіндік берген. Сонымен бірге, ішкі резервтерді ескере келіп, бас­қару тиімділігін жетілдіріп, мүд­делі барлық тарап­тар­дың сұраны­мын қанағаттан­дыратын қызметті дамытуға жол ашқан. Астана қаласы әкімдігінің сапа менеджменті бағасын анық­тау­ға ЕFQM мүшелері, асессорлар Тадеуш Бучаш, Андриано Ручини, Азат Абдархманов, Олег Кайназаров қа­тысқан. Олар Қазақ­стан елордасы әкімі аппаратының және оның 11 қалалық басқар­ма­лары мен құры­лымдарының жұ­мы­сын жан-жақты зерттеп, сараптаудан өткізді. Бұл сараптаулар Қор әдістемесінде белгіленген 9 критерий бойынша жүр­гізілді. Олар: көшбасшылық, стратегия, персоналдар, әріптестік және ресурстар; үдерістер, өнімдер және қызмет көрсету; тұтынушылар үшін жетістік, қызметкерлер үшін жетістік, қоғам үшін жетістік; шешуші қорытындылар. Еуропалық сапа менеджменті қорының «Танылған Жетістік» сер­ти­фикатының берілуі – Астана қа­ласы әкімдігінің  қала тұрғын­дары­ның тұрмыс жағдайын жақ­сарту мақсатындағы жүйелі де табанды жүргізілген жұмысының жемісі. Қала әкімдігі алдағы уа­қытта осы жетістік игілігін нығайта отырып, биік белестерден көріне бермек. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.