Қазақстанның Еңбек Ері – Тәуелсіз Қазақстанның соңғы жылдары тағайындалған жоғары атағының бірі. Оған елімізде санаулы адам ғана ие болды. Соның екеуі Қостанай облысынан. «Қарқын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сайран Бұқанов облыстағы белгілі кәсіпкер, ауыл шаруашылығын ұйымдастырушы. Ал «Заречный» ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Валентин Двуреченскийдің есімі елімізден сырт жерлерге де белгілі. Ол ауыл шаруашылығына енгізген жаңа технологияны жақын және алыс шет ел диқандары да біліп, қолдана бастады. Ылғал сақтау технологиясының барлық элементтерін толық пайдаланған «Заречный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл әр гектардан 37 центнерден алтын дән жинады. Таяуда ғана өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің республикалық форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Валентин Ивановичтің кеудесіне Алтын Жұлдыз тақты.
Басқосуда университет қонақтары мен студенттер, оқытушылар, ғалымдар арасында емен-жарқын әңгіме болды. Нарық келген кезде бір шаруашылықты шайқалтпай, адамдарын шашыратпай бүтін сақтап қалып, қазір қуатты агроөнеркәсіпке айналдырып отырған Сайран Балкенұлы жастарға іздену, еңбектену, білім алу қажеттігін айтты. Ал Валентин Иванович өзінің зерттеп, тәжірибеден өткізіп, өндіріске қосқан, қазір мол табыс көзіне айналып отырған ылғал сақтау технологиясына көбірек тоқталды. Бүгінде Сайран Бұқановтың шаруашылығындағы мамандардың барлығы дерлік жастар. Олар Қостанайдағы жоғары оқу орнын бітіріп, ауыл шаруашылығына қажетті мамандықтарды игерген. Кездесуде Еңбек Ері ауылда әлеуметтік жағдайды дұрыстау, жастарға арнап баспана салу қажеттігін де тілге тиек етті. Ол биылдың өзінде жас мамандарға арнап екі үй тұрғызды. Студент жастар кездесу кезінде ол басқаратын «Қарқын» шаруашылығына тәжірибеден өтуге және жұмысқа орналасуға тілек білдірді.
Еңбек Ерлері мен студенттер арасындағы әңгімеде ауыл шаруашылығының бүгінгі өзекті мәселелері де қозғалды. Жастар биылғы мол астықтың бағасы, ауылшаруашылығы бизнесі туралы сұрады. Сайран Бұқанов қарқынды дамып отырған ауыл шаруашылығына болашақта мамандар көп қажет болатынын, сондықтан біздің жастар білімге өте ден қоюы керектігін айтып өтті. Кездесуде университет ректоры Асқар Наметов білім ордасы ауыл шаруашылығына арнап бірнеше мамандық түрлерін дайындағандықтан, өндіріс пен оқу орнының тығыз байланыста болу керектігіне және сондай жұмыстың жүргізіліп отырғанына тоқталды. Қос Еңбек Ері студенттердің тағы көптеген сұрақтарына жауап берді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.