
Елімізде жүннен иірілген жіпке деген қажеттілік 200 тоннадан асады. Демек, ішкі нарықта биязы жүнге сұраныс бар. Жеңіл өнеркәсіпте өзімізді тауармен 9 процент қана қамтамасыз етіп отырамыз, яғни импортқа тәуелдіміз. Жыл сайын импорт артып келеді және экспорттан 10 есеге асып түседі. Аса қажетті тауарды сырттан тасимыз. Экономикалық тәуелділіктен арылу үшін өзімізді кем дегенде 30 процент тауармен қамтамасыз етуіміз керек. Қазақстан жеңіл өнеркәсіп секторларын дамытуға қажетті нарықтың барлық мүмкіндіктеріне ие. Бұл саланың әлеуметтік маңызы өте жоғары, өйткені халықты жұмыспен қамту үшін аталған саланы дамыту ерекше мәнге ие. Мәселен Үндістан, Қытай, Түркияда жеңіл өнеркәсіп саласында тұрғындардың 21 проценті жұмыс істейді.
1996 жылы Гонконгтан келген бизнесмен Павлодар облысының Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытынан өндірілген барлық биязы жүнді (100 тонна шамасында) сатып алып, Аягөздегі фабрикада жудырып алып кетті. Қазір сол бизнесмен Шанхайда жүн фабрикасын ашып, қой, ешкі және басқа да малдың жүндерін өңдеумен айналысып пайда табуда. Ол елімізден барған делегацияға осы жұмысты бастауға негізгі себеп болған Бесқарағай зауыты қойларының жүні екенін айтқан екен. Бұл елімізге келіп жүнді сатып алған бірден-бір бизнесмен екенін айтуымыз керек. Негізінен сатып алу жұмысы дұрыс жолға қойылмағандықтан, делдалдардың өз пайдасын көздеуінен осы мәселе бойынша үлкен келеңсіздік пайда болды.
Биязы жүннің бағасы әлемдік нарықта, сапасына байланысты 4-15 долларға тең, ал елімізде 1 долларға, тіпті одан да төмен бағаға сатылады. Қазіргі кезеңде әлем нарығында жүн жіңішкелігі жоғарылаған сайын оның бағасы өседі. Бір кило жүннің 58-60 өлшемдік сапалы болғандағы (24-26 мкм) бағасы – 4-5 доллар, ал 64-70 сапалы болғанда – 10-15 доллар тұрады. Сондықтан әлемде жіңішкелігі жоғары жүн беретін тұқымдар өсірілуіне көп көңіл бөлінеді. Ватикан және Жапонияның императорлық үйі жіңішкелігі 14-16 мкм жүнге аустралиялық фермерлерге 10 жыл бұрын тапсырыс береді екен. Осындай жүннің 1 килосының бағасы – 140-200 доллар. Аустралияда биязы жүнді қойлардың жүн талшығының жіңішкелігі негізінен 18-21 мкм. Жаңадан тез жетілгіш, жүнінің жіңішкелігі 18-21 мкм болатын етті-жүнді бағыттағы «доне» және аустралиялық етті меринос қой тұқымдары шығарылды.
Бұл тұқымның еті жақсы жетілген. Қошқарлардың орташа тірілей салмағы – 130 кило, саулықтары – 80-90 кило. Он апталық қозылардың салмағы орташа – 50,0 кило. Жоғары етті сипаттарымен бірге одан 70 өлшемдік сапалы жүн қырқылады, орташа таза жүн түсімі – 4-5 кило. Біздің елде осындай тұқымдарды пайдалану арқылы ет-жүн өнімін өсіруге және сапасын жақсартуға болады.
Жіңішкелігі 70 өлшемдік сапаға сәйкес (18-21 мкм) жүн қазіргі әлемдегі сұранысқа сәйкес келеді. Негізінен биязы жүннің бағасын сапасына байланысты реттеу керек. Бұл үшін жүнді сертификаттап, оны өңдейтін фабрикаға өткізу мәселесін шешу керек. Бізде өндірілетін биязы жүннің бағасын әлемдік нарық бағасының 50-60 процентіне жеткізу арқылы осы саланың рентабельді болуын қамтамасыз ете аламыз. Еліміздегі табиғи жайылымдарды дұрыс пайдалану арқылы жүн, ет өндірудің табысты болуына қол жеткізуге болады. Мысалы Алматы облысындағы «Қаратал» асыл тұқымды зауытында қойдың қорекке сұранысының 90 проценті тек табиғи жайылымды пайдалану арқылы шешіледі. Бұл ет, жүн өндірудің өзіндік бағасының төмендеуіне, жүннен алынған маталардың бәсекелестікке лайық болуына оң әсерін тигізеді.
Қой малы табиғи жайылымның сапасына да оң әсер етеді. Қой ешқандай мал түлігі ауызға алмайтын арам шөптерді, жалпы 500-ден астам шөп түрін жейді. Адам өміріне қауіпті қарақұртты жеген қой семіре түседі. Табиғи жайылымдарды қой түлігін дұрыс пайдалану арқылы көптеген арам шөптерден арылтуға болады, бұл табиғи жайылымның жақсаруына әсер етеді.
Мемлекетімізде 64 сапалы және одан да жоғары (70-80 сапалы) биязы жүн өндірісін субсидиялау туралы заң қабылданысымен Алматы облысында «биязы жүн тұқымын өсіру» ассоциациясы құрылды. Олар субсидиялауға 60 түрлі сапалы жүнді қосты. Жүн сапасын зертханада тексеру жұмысын тоқтатты. Осындай білімсіз шешім қабылдау арқылы биязы жүн шаруашылығына көп зиян келтірілді. Ет мәселесін шешу мақсатында биязы жүнді қойларды жартылай биязы, биязылау тұқымдармен будандастыру өріс алды. Ешқандай ғылыми зерттеусіз жүргізілген жұмыстың нәтижесінде көптеген биязы жүнді қой шаруашылықтарында төменгі сапалы будандар өсірілуде. Жүн сапасы өте нашар, ет өндірудің де артқаны шамалы. Ал шындығына келсек, еліміздегі және әлемде өсірілетін жоғары өнімді қой тұқымдарын (аустралиялық етті меринос, доне, солтүстік қазақ мериносы, оңтүстік қазақ мериносы) дұрыс пайдалану арқылы, қойдың жүн мөлшерін, сапасын, тірілей салмағын, тез жетілгіштігін арттыруға болатынын жүргізілген ғылыми жұмыстар көрсетті.
Жоғары сапалы биязы жүн өндірудің экономикалық тұрғыдан тиімділігін арттыру үшін оны сапасына байланысты әлемдегі нарықтың бағасына сәйкестендіру керек. Елімізге қажетті мөлшерде жүн өңдеу жұмысын жандандыру керек. Алматы облысындағы Қарғалы фабрикасы және Жамбыл облысындағы жүн фабрикаларын дұрыс жолға қойсақ, бұл мәселені түбегейлі шешуге болады. Моңғолияда қой, ешкі, түйе жүнін өндіру, одан жіп, мата алу жұмыстары дұрыс жолға қойылған.
Қой жүні талшықтарының жіңішкелігін зертханда тексеру керек. Қой шаруашылығы институтының лабораториясында Аустралиядан алынған OFDA-200 аппараты арқылы 1 минутта 15 000 жүн талшығының жіңішкелігін, біркелкілігін анықтауға болады.
Биязы жүн шаруашылығы өте жақсы дамыған Аустралияда сапалы жүн өндіру, өңдеу, сату мәселелеріне көп көңіл бөлінеді. Бұл елде жүн өндірушілер корпорациясы (АҚШ) фермерлердің тиімді жұмыс істеуіне қолдаушы болып отыр. АҚШ нарықтық экономикаға сатылатын жүннің, аукционда сату және жүн сату ережесіне өзгеріс енгізу, сатып алушыға сату немесе өңдеуге жіберу мәселелерін реттеу арқылы оң әсерін тигізуде. Олар қырқылған және сатылған жүннің мөлшеріне байланысты 8,0 процент салық жинайды. Осы жиналған соманың 6,0 процентін ғылыми-зерттеу жұмысына береді.
Сондықтан әлемдегі ең бағалы генотиптерді (аустралиялық етті меринос, доне) еліміздегі асыл тұқымды зауыттардың қойларымен шағылыстыру арқылы биязы жүнді қой тұқымдарын көбейтуге болады.
Жыл сайын 3-4 ай жалақысыз жұмыс істейтіндіктеріне қарамастан, ғалымдар мен шаруашылық мамандарының бірігіп жұмыс жүргізу нәтижесінде биязы жүнді бір тұқым, үш тұқымішілік типтер шығарылды. Бұлар жайылымда бағуға бейімделген жүн сапасы жоғары, ірі салмақты, тез жетілгіш, нарықтық экономиканың сұранысына сәйкес өнім беретін қой тұқымдары.
Ұзақ жыл жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде елімізде асыл тұқымды қой зауыттары, шаруашылықтары құрылды. Олар асыл тұқымды мал өсіру, оны басқа шаруашылықтарда пайдалану арқылы қой өнімдерін арттыруға көп әсер етті. Бірақ түрлі себеппен қазіргі кезде осындай шаруашылықтардың статусын жоюға бағытталған «асыл тұқымды мал» деген заң қабылданды. Қой шаруашылығы өте жақсы дамыған Аустралия, Жаңа Зеландияда асыл тұқымды қой шаруашылықтары 100150 жыл бойы сақталып, осы саланың дамуына негізгі себепші болып отыр ғой. Неліктен елімізде «асыл тұқымды мал шаруашылықтың» орнына «асыл тұқымды мал» деген статус қабылдануда? Негізінен мұндай статус қой түлігі негізгі шаруашылыққа жатпайтын еуропалық елдерде пайдаланылады. Оларда әр шаруашылықта қой басы 5060 шамасында болады. Мысалы Францияда орта есеппен әр шаруашылықта қой саны 4050 бас мөлшерінде. Ал біздің елде қой басы әр шаруашылықта – 600-ден 10 мыңға дейін және одан да көп. Аустралияда әр шаруашылықта қой саны мыңдап саналады. Неге біз қой шаруашылығын дамыту арқылы әлемге атын шығарған Аустралия, Жаңа Зеландия тәжірибесінен бас тартып, қой өсіруді пайдалы деп санамайтын еуропалықтар тәжірибесіне жүгінеміз? Осыны жаңа заңды әзірлеушілерден түсіндіріп беруді сұраймыз.
Елімізде қой шаруашылығы кәсіпкерлер палатасы құрылды. Әрине, палата осы саланы дамытуға бағытталған жұмыс жүргізсе, құптарлық жағдай. Ал палатаның бағдарламасы мемлекетімізде жүргізілетін жұмыстардың көшірмесі сияқты. Осы палатаға қабылданған шаруашылықтар әр бас малға 2500 теңге субсидия алады. Осы субсидиядан палатаға әр бас қойдан 200 теңге төленуі керек. Палатаға мүше болу үшін әр бас малға 56 парақ қағаз толтыру керек. Егер шаруашылықта 1 мың бас мал болса, оған 50006000 парақ қағаз толтыру керек. Онда әр малдың карточкасына үш реттеп ататегін, әр жылғы өнімділігін, тұқымдарының көрсеткіштерін, т.б. жазу керек. Көптеген шаруашылықта қой басы 2 мыңнан 10,0 мыңға дейін және одан да көп. Сонда қаншама қағаз толтыру керек. Бұл қаншама материалдық шығын шығару және адам күшін пайдалану керектігін көрсетеді. Міне, осындай қойыртпақ тудырып отырған ұйымды құрып, елеулі өкілеттік берудің пайдасы қанша?... Аустралияда қағазбастылық жоқтың қасы. Себебі әр фермер өз шаруашылығында қандай малдың пайдаланылғаны туралы біледі, керек кезінде тиісті өзгерістер енгізіп отырады. Оларда асыл тұқымды шаруашылықтың аты паспорт ретінде қолданылады. Мәселен, «Коллинсвилл» шаруашылығының қойы дегеннің өзі осы малдың асыл тұқымдық сипатына кепіл болады.
Қолда барды жоғалтып алмай, оны дамытып халық игілігіне пайдалансақ, қойдың биязы жүнді саласы нарықтық экономикаға тиімді болатыны анық. Одан жоғарғы сапалы биязы жүн және бағлан қозы етін алуға және экспортқа шығаруға болады.
Алтынбек НАРТБАЕВ,
Қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы