
Редакцияға келіп түскен мәлімет бойынша, Көлік комитетінде пойыздардағы билетсіз жолаушылармен күресу және көбейіп кеткен жол жүру құжаттарын алып-сату фактілері бойынша оперативті жиналыс өткен. Жиналысқа тасымалдаушы компаниялардың өкілдері қатысып, оларға бірқатар тапсырмалар берілген.
Көлік комитетінің хабарламасында «2018 жылдың басынан бері жолаушылар пойызында көліктік бақылау органдары 681 билетсіз жолаушыны тасымалдаған деректі анықтады. 2017 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 830 болған. Бүгінде жол жүру құжаттарын сату (билеттерді), қайтару және қайта рәсімдеу үдерісіне талдау жүргізілді. Билет кассаларының, автоматтандырылған жүйе мен пойыз бригадаларының жұмысындағы негізгі себептер мен кемшіліктер анықталды. Талдау заң бұзушылықтар билеттерге тапсырыс топтап беріліп, сатылған кезде көп жасалатынын көрсетті. Бұдан бөлек, жеке кассаларды қосқанда күн сайын қайтарылатын билеттер көлемінің көп болу фактісі анықталған (бір кассаға күніне 30-дан астам билет қайтарылады). Бүгінде жеке кассалар саны 4500-ден асады. Ал «Жолаушылар тасымалы» АҚ-да 238 касса бар.
Бұл жағдайларға қарсы күрес ретінде барлық тасымалдаушыларға қолданыстағы автоматтандырылған жүйені жетілдіру тапсырылды. Ол сату процесіне адами фактордың әсерін тигізбейді және орындарды, билет пен кассалық операцияларды басқаруға және бақылауға мүмкіндік береді», делінген.
Сонымен қатар билетсіз жолаушыларды тасымалдау фактілерін анықтау және болдырмау, жол жүру құжаттарын қайта сату жөніндегі мониторингтеу тобын құру шешімі қабылданды. Бұл жұмыстар көліктегі ІІД қызметкерлерімен бірлесе атқарыла бастаған. Оған қоса Көлік комитетінің хабарламасында «Осындай құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында жұмыс тобы аясында және жасалған талдау негізінде жолаушыларды тасымалдауды ұйымдастыруға бағытталған барлық нормативтік-құқықтық құжаттарды өзектендіру бойынша жұмыстар атқарылады», деп көрсетілген. Сондай-ақ нормативтік-құқықтық акт аясында билеттерді брондау арқылы сату, топтап берілетін тапсырыс сатылымын автоматтандыру және әкімшілік жауапкершілікті күшейту мәселелерін қарастыру жоспарланған.
Көлік комитетінің деректеріне сүйенсек, қазіргі уақытта билетсіз жолаушыларды тасымалдағандарға салынатын айыппұл мөлшері 5-7 АЕК құрайды.
Бұған дейін жолаушылардың билет тапшылығына байланысты мұқтаждықтары талдап көрсетілген мақала жарияланған күннің ертеңіне Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арнайы мониторингтік топтармен бірге «құпия сатып алушы» акциясын бастағандығын хабарлаған едік. Ең бастысы, құзырлы орындардың бірлескен, бір мақсаттағы жұмыстары кешенді, жүйелі түрде жүргізіліп, жолаушылар қозғалысына оң әсерін тигізеді деп сенеміз.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»