Асқар Ыбрайымовтың айтуынша, 2013 жылы Мемлекет басшысының бастамасы бойынша халыққа жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алуда қаржылық қолдау көрсету үшін қаражат жинақтаудың жаңа жүйесін енгізуді көздейтін «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» заң қабылданған.
«Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі депозиттерінің басты артықшылығы салымдарға 12 процентке дейін банктің жылдық сыйақысынан бөлек, мемлекеттен сыйлықақы төленеді. Мемлекет сыйлықақысының мөлшері қарапайым, қатардағы отбасылар үшін жылдық 5 процент, әлеуметтік қорғалмаған отбасылар үшін 7 процентті құрайды. Бүгінде 403 студент МБЖЖ шеңберінде білім алып жүр», деді Асқар Ыбрайымов.
Департамент менеджері Алпамыс Сатыбалдин бұл жүйе халық арасында «білім депозиті» деген атпен танымал екенін тілге тиек етті.
«Бұл бағдарламаға сәйкес кез-келген Қазақстан азаматы өзіне немесе өзінің баласына білім депозитін ашып, банктен алатын сыйақының үстіне қосымша үкіметтен сыйақы ала алады. Жинақталған қаржыны Қазақстанда болсын, шетелде болсын жоғары оқу орнында білім алуына қолдануға болады. Жалпы, бұл бағдарлама екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылады. «Халық банкі», «Нұр Банк», «Цеснабанк», «ВТБ» банктері осы бағдарламаның қатысушылары. Айта кететін тағы бір жайт, жақын Азия елдері ішінде Қазақстан аталған жүйені алғашқы болып қолға алып отыр. Ал бұл бағдарлама дүние жүзі бойынша 9 мемлекетте іске асырылып келеді. Көбінесе оларда «жеке шоттар» деген атпен белгілі. 9 мемлекеттің ішінде Бельгия, Канада және тағы басқа елдер бар. Алғашқы салынатын жарна үш айлық есептік көрсеткішті құрайды. 2018 жылы бұл 7215 теңгеге тең. Яғни білім депозитін ашу үшін шотыңызға 7215 теңге саласыз. Жалпы осы бағдарлама іске қосылғалы бері 403 студент Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде білім алып жатыр. Біз жыл сайын бұл көрсеткіштің көтеріліп келе жатқанын байқаймыз», деді ол.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»