Ескерткіш тақта М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ұжымы мен Алматы қалалық әкімдігінің мұрындық болуымен ашылды. Ескерткіш тақтаның бетіндегі шымылдықты Фарида Шәріпованың сахналас әріптестері, өмірлік достары Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов пен Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаев түрді.
– Бүгін Фаридаға ескерткіш тақта ашып жатырмыз. Қапталдас тұрған қос үйде екеуміз талай жыл көрші болдық. Фаридамен студент кезімізден бастап көптеген спектакльдерде серіктесіп бірге ойнадық. Бұл өмірден өткенше достығымызға қылау түспей, әдемі жарасымын тапты. Фарида тәрбиесімен, тәртібімен жастарға үлгі-өнеге болған талантты актриса. Бұл өмірде мәңгілік ешкім жоқ. Фариданы ерте кетті деп есептейміз. Әлі біраз рөлдер сомдайтын мүмкіндігі бар еді. Бірақ тағдыры солай болды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Кеңес Одағының халық әртісіне енді қала әкімдігі Алматы көшелерінің біріне Фариданың есімін беруі керек. Топырағы торқа болсын! – деді КСРО халық әртісі, театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов.
Фарида Шәріпова жарты ғасырдан астам уақыт бойы М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында үздіксіз өнер көрсетті. Сахнада қазақ және әлем классиктерінің драмалық туындыларында, осы заманғы қойылымдарда басты рөлдерді шеберлікпен орындап, ұлттық
театр өнерінің жаңа сапалық биікке көтерілуіне үлкен үлес қосты.
– Өкініштісі, Фарида апайды қазіргі жастар білмеуі мүмкін. Алтын дауыс иесі еді ғой! Режиссер Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» атты киносын баршамыз жақсы білеміз. Осы фильмдегі Қожаның дауы-
сын Фарида апай орындайды. Міне, қараңыз, содан-ақ оның қандай талантты актриса болғанын бағамдауға болады. Фарида апаймен сахнада бірге өнер көрсету біз үшін үлкен мақтаныш болатын. «Ғашықсыз ғасыр» деген спектакльде ол кісі басты рөлде ойнады. Ал мен оның досын ойнадым. Фарида апаймен сахналас болу өте қиын. Ол кісі жай ғана көз тастағанда, көзіне қарау мүмкін емес еді! Ішкі қуаты ғажап болатын. Сахнада қатар тұрғанда іштей дірілдеп тұратын күндерімді әлі ұмыта қойған жоқпын. Бірақ бәрібір ол кісімен сахнада бірге ойнау бақыт болатын. Қазақтың талантты қызын еске алып, үйіне белгі тақта орнатылып жатқанына өте қуанып тұрмын. Бұл үшін театр ұжымына және қаланың әкімдігіне рахмет айтқым келеді, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Ғазиза Әбдінәбиева.
Фарида Шәріпова кино саласында да жемісті еңбек етті. Ол әйгілі режиссерлер Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов, Әзірбайжан Мәмбетов, Леонид Агранович түсірген көптеген танымал фильмдерде ойнады. Дубляж саласына да көп еңбек сіңірді.
Фарида Шәріпова өнерлі жастарды тәрбиелеу ісіне жете көңіл бөлді. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында көрнекті актер Ы.Ноғайбаев екеуінің шығармашылық шеберханасында шыңдалған жастар бүгінде еліміздің театрларында жемісті еңбек етіп жүр. Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында Фарида Шәріпованың тұрған пәтерінде ұрпақтары дастарқан жайып, марқұмның аруағына құран бағыштады.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»