Сондай-ақ тараптар екі елдің кәсіпкерлері үшін кіру визасын рәсімдеуге өзара жәрдемдесуге келісті, деп хабарлады еліміздің Сыртқы сауда палатасының өкілдері. Қазақстандық компаниялар Түрікменстан нарығына өнімдерін өткізуге көптен бері қызығушылық танытып келеді. Аталған сауда-экономикалық миссия осы елдегі Қазақстан елшілігінің қолдауымен өтті. Оған машина жасау, құрылыс, фармацевтика және тамақ өнеркәсібі салаларындағы 16 компания қатысты. Олардың қатарында «IT&M», «Қазфосфат», «ҚазАзот», «Кентау трансформатор зауыты», «Рахат», «Тиккурила», «Қазақстан Ғарыш Сапары», «Азия авто», «Баян Сұлу», «Порт Құрык» және басқа да кәсіпорындар бар.
Елдер арасында туындайтын негізгі проблемалардың қатарына түрікменстандық әріптестер қазақстандық кәсіпкерлерге төлем жасау кезінде қиындықтарға душар болып жататынын жатқызуға болады. Бұл мандатты еркін айырбастау мүмкіндігінің болмауымен байланысты. Сондықтан бірлескен жұмыстың белсенділігін арттырып, ынтымақтастық орнату мақсатында «KazakhExport» АҚ топ-менеджерлері «Түрікменстан» және «Халқбанк» мемлекеттік банктерінің өкілдерімен, сондай-ақ «Рызгал» коммерциялық банкімен келіссөз жүргізді.
Сауда-экономикалық миссияның нәтижелері бойынша, «Dolce» фармацевтикалық компаниясы ынтымақтастық жөніндегі екі меморандумға қол қойды. Ал «Белес-агро» ЖШС «Белес-Маркет» сауда белгісімен Түрікменстанға биыл әр ай сайын 3-4 мың тонна көлемінде ұн мен өсімдік майын жеткізіп тұру туралы келісімшартқа қол қойды.
«Егемен-ақпарат»