Өйткені жан-жақты әрі терең экономикалық талдаулар жүргізілген жағдайда қолдағы барды бағалауға әрі келешекте қандай табыстарға иек арта алатынымызға айқын көз жеткізуге болады. Сондықтан Ақтөбе облысында қазіргі кезде экономикалық өсімді іске асырудың барлық тетіктері жасақталуда. Айталық, өңірлерде мақсатты индикаторларға қол жеткізудің басты бағыттары қандай? Бұл мәселеге Үкімет тарапынан толық еркіндік берілген. Өйткені экономикалық өсім қатып-семіп қалған дүние емес. Керісінше, ұдайы қозғалыс, өсу мен өрлеу үстіндегі үдеріс. Сондықтан әр өңірдің ерекшелігіне тән экономикалық жобаларды елеп-екшеп, қолданысқа енгізгеннің ешқандай артықшылығы жоқ. Тек соның бәрі өңір экономикасының өрге басуына көмегін тигізсе болғаны.
Осы орайда Ақтөбе облысында жобалық басқару кеңсесі экономикалық өсімге қол жеткізуге септігін тигізіп келеді. Оның құрамына облыстағы өндірістік және әлеуметтік басқармалар толық енгізілген. Қазіргі кезде 2018 жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсімді 5 проценттен кем түсірмеу жөнінде жобалар жасақталған.
Жобалық кеңсенің қызметі нақты әрі нәтижелі жұмыстар жүргізуге бағытталған. Бұл ретте облыста экономикалық өсімді жолға қоюдың 15 тармақтан тұратын негізгі бағыттары белгіленді. Оның алдыңғы легінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мен мемлекет-жекеменшік әріптестігі жүйесін одан әрі кеңейту міндеті тұр. Биыл облыс экономикасына 512 миллиард теңгеден астам инвестициялық қаражат тартылмақ.
Осы ыңғаймен базалық индустрияландыру, отын-энергетика кешені мен шағын және орташа бизнестік құрылымдарды дамыту, сауда саласын жаңғырту, сондай-ақ агроөнеркәсіп, көлік-логистика кешенін өркендету жөніндегі бағыттар да елеулі мәнге ие. «Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді» дегендей, жобалық басқарма шеңберіне кірген қай-қай жобаның да арқалайтын жүгі салмақты.
Сонымен бірге әлеуметтік мәселелердің түйінін қоса тарқату жолдары қарастырылған. Атап айтқанда, жұмыссыздық деңгейін азайту мен еңбек нарығын жаңғырту жөніндегі істер де жобалық басқарма жүргізетін жұмыстар қатарына қосылады. Сондай-ақ білім беру мен денсаулық сақтау саласында атқарылатын сан алуан жобалар да жобалық басқарманың жүгі мен салмағын тереңдете түседі.
Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру шеңберіндегі шаралар да жаңа құрылым аясынан тыс қалған жоқ. Айталық, биылғы Ақтөбе қаласындағы техникалық және кәсіптік оқу орындары үшін 12, ал жоғары оқу орны үшін бір жатақхана салу жоспарланды. Биылғы жарты жылдықтың қорытындысы бойынша, барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша өсу қарқынына қол жеткізілді. Алдағы мақсат – экономикалық даму деңгейін өткен жылмен салыстырғанда бес процентке дейін өсіру болып отыр. Биік межеге қол жеткізу жөнінде Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары О.Смағұлов жасаған экономикалық сараптама көкейге қонады. Әлі де болса жеткілікті пайдаланылмай жүрген мүмкіндіктер мен резервтерді іске қосу – өсім мен табысқа қол жеткізудің басты кілті болмақ. Осы орайда Олжас Мұхтарұлы атап көрсеткен алты мүмкіндікті атай кеткеннің артықшылығы жоқ секілді. Біріншісі, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жүктемесін барынша көбейту. Өңірде екінші бесжылдық аясында 14 кәсіпорын іске қосылған. Алайда 9-ы толық қуатының тең жартысынан төменгі мөлшерде жұмыс істейді. Іске қосылмай тұрған 24 кәсіпорын бойынша тапсырыстар беру арқылы тиісті шешімдер қабылдаудың маңызы ерекше. Көпшілігі 10-15 жыл бұрын жабылып қалған. Бұл кәсіпорындар толық қуатында жұмыс істеген жағдайда өнім өндіруді 120 миллиард теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік туады. Осы арқылы салық түсімдерін 20 миллиард теңгеге дейін өсіруге болады. Сондай-ақ осы ауқымда мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға да жол ашылмақ. Екінші резерв, бос кен орындарының әлеуетін барынша тиімді пайдалану. Облыс аумағында 156 резервтегі кен орындары бар. Бүгінде оның әлеуеті толық пайдаланылмаған күйінде тұр. Талдауларға сүйенсек, кен орындарының 35-і никельді-кобальтті, 8-і фосфоритті, 7-і хромитті және 6-уы алтынды кен орны болып табылады. Атап айтқанда, облыстың әр ауданында да резервті кен орындары жетерлік. Бұл кен орындарын игеруге инвестиция тарту өңірге қосымша 5 миллиард доллардан астам қаржы тартуға мүмкіндік береді. Үшінші резерв, мұнай өңдеу мен мұнай-химия өнеркәсібін дамыту. Бүгін де дизель отынын, мазут пен мұнай өнімдерін өндіруді жолға қоюға болады. Өткен жылдың өзінде өңірде 200 миллион доллардан астам қаржыға химиялық өнімдер импортқа шығарылды. Аймақта синтетикалық негізде пластмасса, каучук, лак, эмаль бояулар өндіруге де мүмкіндік бар. Бұл үшін ең бірінші газдың мол қоры қажет. Қазіргі уақытта өңірдегі атқарушы органдар салалық министрліктермен және Үкіметпен бірлесе отырып «Бұқара-Орал» газ желісінен Ақтөбе қаласына магистральды бұрманың үшінші желісі құрылысына қатысты мәселені оңтайлы шешу жолдарын қарастыру үстінде. Төртінші резерв, фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту. Бұл саладағы нарық импортқа тәуелді. Сондықтан өңірде дәрі-дәрмек бағасы төмендемей тұр. Өйткені еліміз отандық фармацевтика индустриясы қажеттілігінің бестен бірін ғана өтеуде. Бесінші резерв, шикізатты өңдеу. Оны өндіріп қою жеткіліксіз. Өңдеу ісіне айрықша мән берілмесе, бұл іс жартыкеш күйінде қалып қоймақ. Соңғы алтыншы резерв, облыстағы ірі кәсіпорындар мен әріптестік бағдарламаларды сапалы түрде жүзеге асыру болмақ. Яғни тауар мен қызметті сатып алуда жергілікті өндірісшілердің үлесін молайту басты мәнге ие болып қала береді.
Міне, осы іспетті нақты экономикалық талдаулар мен сараптамалар істі ілкімді жүргізуге септігін тигізері хақ.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ