Қазақстан • 02 Тамыз, 2018

«Ақылды қаланың» алғашқы адымы

430 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу бойынша ғимараттардың сапасына мән беріп, экологиялық тазалығына, салынатын және салынған үйлер мен инфрақұрылымдық нысандарды интеллектуалды басқару жүйелерімен жабдықтауға, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жетілдіру мәселесін мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде белсенді шешуді тапсырғаны мәлім.

Бүгінде Қызылорда қала­сында электр және ауызсумен жаб­дықтаушы коммуналдық кәсіпорындарында «Смарт сити» үлгісінде жұмыс істеу, энер­гоүнемдегіш қондырғылар, қа­шықтықтан басқарылатын есептеуіш құралдарын орнату, бір орталықтан басқару жүйесін енгізу жұмыстары қолға алынды.

Елбасының халықаралық қаржы ұйымдарының әлеуетін пайдалану жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Еуропалық қай­та құру және даму банкімен бір­лесіп Қызылорда қаласының су­мен қамту және суды бұру жү­йесін қайта жаңғырту жобасы іске асырылуда. Жоба барысын­да облыс орталығының ауызсу­мен жабдықтау және суды бұру жүйесін басқару, жерасты ақау­ларын анықтайтын заманауи техникалар сатып алынды.

Тұтынушылар тарапынан ком­муналдық төлемдерді оң­тай­­лан­дыру мақсатында өткен жыл­дан бастап бірыңғай төлем құжаты енгізілді. Бүгін­де Қызылорда қаласы тұтынушы­ла­рының 80 проценттен астамы осы қызмет түрін пайдалануда.

2017 жылдың 1 шілдесінен бас­тап қанатқақты жоба ретінде «Ақмешіт», «Мерей» шағын ау­дан­дарында бірыңғай төлем құ­жа­тын енгізу жобасы бастал­ды. Бүгінде аталған жобаға қатыс­ты барлық коммуналдық қыз­мет көрсететін мекемелер ара­сында бірқатар жұмыс жүргіз­ілді.

Қазіргі таңда автоматты түрде телефон және хабарлама арқылы ескерту функциясы әзірленуде. Өткен жылдың қыр­күйек айында өткен мемлекеттік конкурстың нәтижесінде «Қы­зылорда тазалығы» ЖШС, «Тұр­ғын үй қызметі» МКК және «Энергосервис» ЖШС мен биллинг бағдарламасын әзірлеу, бірыңғай төлем жүйесіне енгізу, төлемдерді қабылдау бойынша келісімшарттар жасалып, бүгінгі таңда «Қызылорда таза­лығы» ЖШС-нің 15 мың, «Тұр­ғын үй қызметі» МКК-нің 16 мың тұтынушысы биллинг бағдар­ламасына енгізілді.

Қаңтар айында электр, жылу энергиясы, «Қызылорда таза­лы­ғы» ЖШС және «Тұрғын үй қыз­меті» МКК, ішінара су мен су бұ­ру коммуналдық қызметтері қа­лып­тастырылған 79 мың бірың­ғай төлем құжаты таратылды.

«Қауіпсіз үй» жобасы бойынша «Қазақтелеком» АҚ филиалы­мен көпқабатты үйлердің кіре­берісіне бейнебақылау жүйесін орнату жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында ағымдағы жы­лы көпқабатты үйлердің 588 кіреберісіне және бірінші қабат­тарына бейнебақылау камералары орнатылды. Жоба Қызылорда қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Ақылды» электр желілері бойынша 2018-2019 жылдары Қызылорда қаласында және қала аумағында орналасқан 300-ден аса көпқабатты үйдің 10/0,4 кВ қосалқы стансаларының сөрелерінде орналасқан 600 электр энергиясы есептегіш құ­ра­­лын электр энергиясын ба­қы­лау­дың автоматтық жүйесіне енгізу жоспарлануда.

Аталған жұмыстарды жүр­гізу көпқабатты және жеке тұр­ғын үй секторларындағы элек­тр энергиясының ұрлы­ғын төмендетуге және желі пара­метр­лерін бақылау арқылы 10/0,4 кВ қосалқы стансаларындағы ақауды жедел анықтауға және қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Қала инфрақұрылымының дамуы және жаңа су құбырлары желілері құрылыстарының жүр­гізілуіне байланысты тұрғын­дар­дың саны артып, тиісін­ше су тұты­ну көлемінің артуы салдары­нан ысырапқа жол бе­рілуде. Осы орайда сумен қам­туды және су бұруды бақылау жү­йесі жобасы аясында сумен қамту жүйелерін жаңғырту және жақсарту мақсатында Қызыл­орда қаласының бюджеттік меке­мелерінде модеммен жасақ­талған су есептегіш құралдарын орнату жоспарлануда.

Жоғарыда аталған жұмыс­тарды жүргізу нәтижесінде сумен қамту жүйесінің пайдалану сенімділігі артады, сумен қамту жұмысы үздіксіз бо­лады. Есептегіш құралдарды орнату есебінен сумен қамту жүйесінің және технологиялық үрдістерінің маңыздылығы артады. Бұл бағыттағы жұмыстар бұдан әрі жалғасын табуда.

 

Медет УСАИН,

Қызылорда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы

Қызылорда облысы