![«Жайық-Орал» экожорығы жолға шықты](/article_photo/1533180658_article_b.jpeg)
Алқалы жиында сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, Ресей Федерациясы Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг, Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Наутиев, Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары Шавхат Өтемісов пен Сәуле Айтбаева, Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының депутаты Юрий Мищеряков, ЕҚЫҰ Астанадағы бағдарламалар офисі басшысының орынбасары Диана Дигол сынды ел тізгінін ұстаған азаматтар болды.
Аталған шара жыл сайын трансшекаралық Жайық өзенінің бойымен ұйымдастырылатын «Жайық-Орал» атты тарихи-мәдени экожорығы аясында өтіп отыр. Әу баста «Правдухиннің ізімен» аталған қайық жорығының идея авторы, бүгінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко бұл шараның басты мақсаты – Жайық өзенінің экологиялық жағдайын саралау, Жайық өңірінің туристік ресурстары және экологиясын насихаттау, Батыс Қазақстан және Орынбор облысы тұрғындарының арасындағы достық қарым-қатынасты дамыту екендігін айтады.
– Көршілес қос ел үшін де пайдалы ұсынысымызды қолдап, игі бастамаларда үнемі жанымыздан табылатын Юрий Берг бастаған орынборлық делегацияға алғысымыз шексіз. Өзекті мәселеге арналған мұндай басқосудың дәстүрге айналғаны бізді қуантады. Тура бір жыл бұрын дәл осындай кездесу Орынбор облысының Елек қаласында өтті. Сол жолы «Жайық күні» мерекесі тұңғыш тойланған болатын. Биыл біздің қатарымызға көршілес Атырау облысы да қосылып отыр. Енді бұл мереке үш облыс көлемінде аталып өтілетін болады. Қарт Жайық біздің ортақ байлығымыз, мақтанышымыз. Оны осы қалпында сақтап, келер ұрпаққа аман жеткізу – бірлікпен атқарылатын іс. Жайық өзенінің бойында Батыс Қазақстан облысының 87 елді мекені орналасқан, бұл жерлерде өңір халқының 75 проценті мекен етеді. Облыс аумағындағы өзен-көлдерге құятын судың 80 проценті көршілес Ресейден келеді. Өздеріңізге белгілі, 2016 жылы Астана қаласында Қазақстан мен Ресей Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин «Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі» мемлекетаралық келісімшарттың жобасына қол қойған болатын. Бұл да болса 20 жылдан астам уақыт өткізіліп келген екі ел аралық экспедицияның нәтижесі. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрлігі бұл маңызды келісімді одан әрі іске асырады деген ойдамын. Бұл кездесу екі жаққа нақты шаралар мен ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік берері сөзсіз, – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов.
– Жайық – жәй өзен ғана емес, үлкен экожүйе. Өзеннің жағдайын жақсарту мақсатында біздің тарапымыздан да бірқатар жұмыс атқарылуда. Бұл мақсатта қомақты қаржы бөлінді. Тиісті мекемелер жұмылдырылды. Жайықтың тағдыры – халықтың тағдыры екендігін еш естен шығармауымыз керек, – деді Орал қаласына арнайы келген Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг.
Жиында Парламент депутаты Шавхат Өтемісов те Жайық өзенінің жағдайы Қазақстан Республикасы Парламентінің қос палатасында жиі талқыланатынын атап өтті. «Мемлекетаралық келісімге қол қойылуы – біздің көпжылғы еңбегіміздің нәтижесі. Бұл бағытта бірқатар шаралар қолға алынғанымен, белгілі бір жүйе жоқ екенін мойындау керек. Біз Жайық өзенінің экологиялық жағдайын жақсартамыз деп жыл сайын экспедиция ұйымдастырғанымызбен, нақты бағыт пен нәтиже болмаса жағдай өзгермейді. Менің ойымша Жайықты құтқару мақсатында өзен жағалай орналасқан облыстар ортақ инвестициялық қор құру керек. Тікелей осы мәселемен айналысатын құзырлы орган жасақталуы тиіс. Жайыққа ең алдымен мол су керек.
Одан әрі дөңгелек үстел мәжілісі аясында «Жайық – өмір өзені» кітабының тұсаукесері болды. Жинақта «Жайық-Орал» тарихи-мәдени экожорығының тарихы, әр жылдары жарияланған мақалалар топтастырылған.
Осыдан тура бір жыл бұрын Орынбор облысының Елек қаласында, Жайықтың жағасында Қазақстан мен Ресей Федерациясы мемлекеттерінің достығы белгісіндей бір ескерткіш салтанатты жағдайда ашылғанын жазған едік. Енді дәл осындай белгі Орал қаласында да орнатылды. «Жайықты ұрпақ үшін сақтайық» деген жазуы бар белгіні Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев пен Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг ашты. Осыдан кейін «Жайық-Орал» тарихи-мәдени экожорығы ХХІІ мәрте старт алды. Бұл жолы экспедицияға қатысушылар байдарка қайығымен 400 шақырымнан астам жол жүріп, Атырау облысындағы Сарайшық елді мекеніне дейін жүзіп өтпек.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ