Аймақтар • 02 Тамыз, 2018

Солтүстік Қазақстанда өткен айтыста павлодарлық ақын бас жүлде иеленді

802 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шалғайдағы Ш. Уәлиханов атындағы ауданның 90 жылдық мерейтойы құрметіне  ұйымдастырылған ақындардың сөз сайысына «айтыстың ақберені» атанған Айбек Қалиев бастап келген 12 жыр  сүлейі айтыс десе ішкен асын жерге қоятын көрермендердің ыстық қошеметіне бөленді.

Солтүстік Қазақстанда өткен айтыста павлодарлық ақын бас жүлде иеленді

Семейден Ринат Зайытов, Павлодардан Аспанбек Шұғатаев, Қарағандыдан Дидар Қамиев сынды от ауызды, орақ тілді шайырлар, сондай-ақ алғашқы қадамдарынан кеңінен танылып қалған Аруна Керімбек, Сырым Әділбеков, Қанат Мырзахан да  алдыңғы лектің қатарын толықтырды.

Сахнаға алғашқы жұп – Айбек Қалиев пен қызылжарлық Қуаныш Оспанов көтерілді.

«Әкімдерің мың болғыр жігіт екен,

Қастерлеп, қадірлейтін ақын атын.

Ауданының тойына айтыс жасап,

Ел-жұртын мол қызыққа батыратын.

Ойпырмай, мына біздің Медет бауыр,

Не деген жүрек жұтқан батыл әкім.

Айбек пен Ринаттай ақындарды,

Қорықпай айтысына шақыратын», – деген Айбек жақсыға сүйініп, кемшілікке күйініп, жыр тиегін ағытты.Сынаған жерін алмас қылыштай кесіп түсетін ол реті келгенде өткір тілмен осып түсіп отырды.

«Шашына қарап тұрсам, дода-дода,

Көлемі біраз жерге барыпты ғой.

Додаланған шашыңды жинаймын деп,

Басыңа бөрік сыймай қалыпты ғой...

Оюлы деп жүруші ек бұрын сені,

Бұрымды Қуаныш деп атаймыз ба?» деп қарсыласының аузына құм құйды.

Дидар Қамиев пен Аспанбек Шұғатаевтың сөз қағыстыруы залды дүр сілкіндірді. Шаршы топқа түсіп, топ жарып жүрген қос  мықты айтыстың көрігін қыздырды. Петропавлдық Мұхаммед Қоңқаев пен Ринат Зайытов арасындағы сөз сайысы іні мен ағаның сыйластығына құрылды.

Ақтық жарысқа төрт ақын жолдама алып, олардың арасынан қара үзіп шыққан  Аспанбек Шұғатаев  бас жүлде ретінде 600 мың теңгені қанжығаға байлады. Бірінші орынды  Ринат Зайытов /400 мың теңге/, екінші орынды  Қанат Мырзахан / 300 мың теңге/ жеңіп алды. Қалған ақындарға 150 мың теңгеден сый-сияпат жасалды. М. Жұмабаев, Сәкен Жүнісов атындағы жүлделер де өз иелерін тапты.

«Жолдасбай-Агро» серіктестігінің басшысы Сүйіндік Жолдаспаев 12 ақынға ат мінгізіп, шапан жапты.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

 Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданы