03 Тамыз, 2018

2018: Қалыңдық көйлегіндегі соңғы өзгерістер қандай?

1341 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Есін біліп, етегін жап­қан бойжеткеннің барлығы қа­лыңдық атанатын күнді өмір бойы күтеді. Жер бетінде жал­ғыз өзі ғана күйеуге шығып ба­ра жат­қандай сәнді де сұлу бо­лу­ды арман­дайды. 

2018: Қалыңдық көйлегіндегі соңғы өзгерістер қандай?

Ендеше жаһанданған заманда үйлену тойларының тренд­тері де түпкілікті өз­геріс­терді өткеруде. Тойға кие­тін қалыңдық көйлегінің сә­ні қырық құбылып тұрса да, романтикалық бейне бас­ты рөлге шықты. Тіпті 2018 жыл­дың той маусымында сән үлгі­лерінің төңкерісі жүріп жатыр десек те болғандай. Дизай­нерлер қалыңдықтардың киім үлгісін даярлауда батыл шешімдерге барып отыр. Сон­дықтан да алдын ала көй­лек сатып алып қойған бол­саңыз, онда асығыстық таныт­қан болып шығасыз. Ендігі жерде ең сәнді қалыңдық етегі жер сызған ұзын фата киеді. Қалыңдыққа иығын жалаңаш­тау ерсі саналып, алдамшы жең­дер алдыңғы кезекке шық­ты. 

Ықшам да ыңғайлы көйлек

Қалыңдықтың көй­легі мінсіз тігілуі үшін дизай­нерлер геометриялық сызық­тардың үстінде жұмыс істеуге көшті. Мысалы, биыл­ғы маусымда модельерлер V-бейнесіндегі декольтеге ба­сым­дық беріп, белдемшенің сы­зықтарын барынша батыл жоғары қияды. Осы арқылы әйелге тән сұлулық пен тар­тым­дылықты алға тартпақ. 

Қысқа көйлектердің үлгі­сін­де геометриялық тігіс­тер барынша айқын көрі­ніп, арқаны ашық қалды­рады. Тігіншілер герметикалық сы­зықтарға ерек­ше сән бе­ру үшін қолдан то­қылған шілтерлерді, інжу тас­тармен көмкерілген маталар мен гүлді оюларды пайдалануда. Көйлектің әрбір бөлшегі көр­меге қойылатындай көз тартып тұруы тиіс. 

Шілтер маталар ешқашан да сәннен қалып көрмеген. Бірақ биылғы маусымда құстың қауырсынындай жұқа, нәзік оюлы шілтерлер бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Және жұқа шілтерлер көйлекте ғана емес, фата, иыққа жамылғы түрінде де пайдаланылады. 

Сәнді фата

Ең бастысы беті ашыл­маған келіннің пәк кейпін танытатын фаталардан биыл бас тартуға болмайды.­ Той трендтерінде дизай­нер­­­лердің барлығы дер­лік осы аксессуарға ерекше мән бе­ріп отыр. Мына ғалам­тор­дың заманында ең атақ­ты, ең танымал той модельер­лерінің үлгілеріне көз жүгіртіп шықсаңыз, қалың­дықтың фатасына үлкен назар аудара­тындығын аңғармау мүмкін емес. Жаңа түскен келінің сұлу­лығын сұқ көзден жа­сырған фаталар майда гүл­дермен, гүл дестелерімен көм­керіліп, драмалық көңіл күй сыйлайды. 

Жамылғылар

Ендігі жерде сәннен қалмаған қалыңдыққа иық жалаңаштау ерсі саналмақ. Жартылай жалаңаш той көй­лектері екінші қатарға сырылып қалды. Бұл мәселеде де ди­зай­нерлер иыққа  іле салатын жа­мылғылардың көйлектің әде­мілігін жауып қалмауын қа­­да­­­ғалап, белгілі өлшемдерді сақ­­тайды. 

Костюмдер

Мына қызықты қараңыз, жоғарыдағы үлгілерді кезегі­мен баяндап отырсақ-дағы, костюмдер мен комбинезондар тойдың сәніне баса-көктеп кірді. Бір жағынан бұл үлгі тойдың салтанатымен сиыспайтындай болып көрінсе де, шілтерден то­қылған свитерлерге тойдың сипатын беру үшін жылтыр тастар, корсеттер қосылып отыр. Бір жағынан бұл үрдістің  енуіне қазіргі классикалық костюмдер мен спорттық стильдің қабысуы тұрғысынан да қарауға болар.

Алдамшы жеңдер

Той әлеміндегі кішігірім төңкеріс деп отырғанымыз да осы тұс. Дизайнерлер қалың­дықтың көйлегіне алынып, салынатын түрлі ұзындықтағы жеңдер мен қолғаптарды қосып отыр. Қалай десек те, бұл ың­ғайлы. Жеңдерге кел­генде, сәннің неше түрлі нұсқасы табылады. Қоңырау, көбелек тәріздес жеңдер, тас­тармен, жылтырақтармен көмкерілген жеңдер. Тізе берсең бұл істе де небір ісмер тігіншілер талантын танытып отыр. 

XXL

«Сіз балға баруға дайындалып жатырсыз ба?», – деген сұрақ қазір көне ғасырлардың сөзі емес. Ди­зай­­нерлер қалың­дықтың үй­реншікті бейнесінен қаша бастаған сыңайлы. Қара­пайым болған жақсы, бірақ өмірде бір-ақ рет болатын күн­ді неге ертегідей етпеске?! Қа­лың­дыққа жүз жерден сәнді көйлек ұсынсаңыз да, оның санасының түкпірінде ханшайым болу арманы қалып қоятынын мойындау керек. Сондықтан торт сияқты үлде мен бүлдеге оранған көйлектер ықылым замандардағы пат­ша­лардың балдарын еске түсіруі әбден мүмкін. Егер бұл да аз болып көрінсе, той көй­лектерімен танылған әлемдік дизайнерлердің бірқатары тюрнюрлерді қайта тірілтіп отыр. Яғни өткен ғасыр­лар­дағы салтанаты асқан балдарда бикештер көйлегінің арт жағына жастық сияқты тюрнюрді салып, бөксесін бөліп қоймаушы ма еді?! 

Қара түс қосылды

Қарап отырсақ, бүгінгі қалың­дықтардың қиялында бәрі­бір шек жоқ екен. Қазір той­ға тек қана аппақ көйлек кию керек деген түсінік қалып барады. Жұмсақ түс­тер, майда дала гүлдері қо­сылған көйлектердің неше атасы бар. Бұл аз десеңіз дизай­нерлер той көйлегіне қара сызықтар, қара түсті деталь­дарды да қосып жіберді. Несі бар, пішуі мен тігілуі ке­ліс­се, жаман көрінбейді. Белді қынаған қара лента, қара гүлдер ақ көйлектің үстінде менмұндалап ерекше көрінеді. Тек оның бүкіл бет-бейнеңізбен келісуін айтыңыз. 

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ