21 Желтоқсан, 2011

Астана төрағалығының басымдықтары таныстырылды

306 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәскеуде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың төрағалығымен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің, Қорғаныс министрлері кеңесі мен Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің бірлескен отырысы болып өтті. Оған сыртқы саяси және әскери ведомстволардың жетекшілері, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер Қауіпсіздік кеңесінің хатшылары қатысты.

Бірлескен отырыс жұмысына Қазақстан Республикасы Қауіп­сіз­дік кеңесінің хатшысы Марат Тә­жин, Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков бастаған Қазақстан Республикасы Қорғаныс министр­лі­гінің әскери делегациясы қатыс­ты. Мәжіліс барысында Е.Қазы­ха­нов Қазақстан Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев бекіткен Астананың ҰҚШҰ-ға 2012 жылғы төраға­лы­ғының басымдықтарын таныс­тырды.

Күн тәртібіне 30-дан астам мәселе қойылды. Олар – дағ­да­рыс­қа әсер етер жүйенің тиімділігін арт­тыру мен жетілдіру және ҰҚШҰ-ның әлеуетін пайдалану (оның ішінде ұжымдық күштер), әскери ынтымақтастықтың  тиімділігін арттыру, заманауи қауіп-қа­терлерге қарсы әрекет ету құжат­тарының жобасы.

Бірлескен отырысқа қатысу­шы­лар 12 тамызда Астанада өткен ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер бас­шы­ларының бейресми кездесуінде қол жеткізілген келісімдерді жүзе­ге асыру шараларын талқылап, ҰҚШҰ ҰҚХ сессиясы (Қоры­тын­ды құжат) өтінімінің жобасын, сондай-ақ, ҰҚШҰ-ның Ауғанстан аумағынан шығатын қауіп-қатерге қарсы тұратын жоспары мен тө­те­н­ше жағдайлардағы ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің әрекет ету тәртібі туралы ережені мақұлдады. Ереже жобасында Ұйымның ұжымдық ден қою тәртібі анықталады. Оның ішінде қандай да бір мүше мем­лекеттің құрамында орын алған төтенше жағдайларды өз күшімен ауыздықтай алмаған жағдайда сол жерге Ұжымдық  жедел ден қою қүштерін тарту қарастырылған.

Сонымен қатар, 2012 жылы төрағалығы Қазақстан Республи­ка­сы­ның қолына өтетін ҰҚШҰ қыз­метінің басым бағыттары талқы­ланды. Оның қатарына ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ақпараттық кеңістігін қорғау шараларын қа­был­дау, Ұжымдық жедел әрекет ету күштерін одан әрі дамыту мен нығайту,  Орталық Азия аймағы­ның әуе кеңістігін ұжымдаса қор­ғау, есірткі бизнесіне қарсы күресті күшейту және ҰҚШҰ-ның есірткіге қарсы стратегиялық бағытын құру, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекет­тер­дің құтқарушы мамандарын дай­ындау мақсатында қазақстан­дық полигонның мүмкіндіктерін дамыту бар.

Сондай-ақ, Ұжымдық қауіпсіз­дік шарты ұйымы туралы шартқа  қол қойылғанына 20 жыл  толуына және ҰҚШҰ-ның құрылғанына 10 жыл толуы қарсаңында өткізілетін іс-шаралар жоспары  қаралды. ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер Қор­ғаныс министрлері кеңесінің сек­ция­лық отырысында ҰҚШҰ ҚМК төрағасының баяндамасы тыңдал­ды. Онда Ұйымның әскери ынты­мақтастық саласындағы ҰҚШҰ  коалиция әскери құрылысы іс-шаралар жоспарының орындалуы және басқа да мәселелер төңі­регінде баяндалды.

«Егемен-ақпарат».