Кешегі кеңестік кезеңнің қудалауына түссе де, идеологиясына қисынды өзек болған, үздік көркем шығармадан озық көркем фильмге айналған «Менің атым Қожа» кинокартинасында «Оқушы деген шамшырақ, тек жаға білу керек» деген мектеп мүдірінің сөзі талай буынның жан-дүниесін толқытып, тамаша тәрбиенің арқауына айналды.
Расында, Антон Макаренколардан басталған кеңестік педагогиканың тіні берік болуында қандай негіз бар деген ойға қаласыз. Біздің пайымдауымызша, бұл мұғалімдердің қайраткерлігінен туындаған жүлге сияқты әсер қалдырады. Қаншама қажырлы еңбек жолы сайрап жатқан сол соқпақтан қазір адасып қалғандаймыз.
Өйткені қоғамда бала тәрбиесінде ақылға сыймайтын өрескел көріністер қылаң беріп жатыр. Әрине бала – қатыгез. Балалардың арасында бір-біріне зәбір көрсету, әлімжеттік жасау бұрыннан бар. Бірақ қазіргідей шектен шыққан, адамгершіліктен ада зорлық-зомбылық оқиғалары болған емес. Бұл дүрбелеңге қалай тап болдық? Ең басты себеп, мұғалімдердің қайраткерлік қасиетінен көз жазып қалуы дер едік. Қайдан қайраткер болады? Кәсібіне жүрдім-бардым қараса.
Бұған жеткізетін жолды былайша тізбелер едік. Қағазбастылықтан бас көтермеу, табыстың төмендігі, ата-аналардың шектен тыс шағымы, басы бар да соңы жоқ реформалар, білімсіз бен біліксіз адамдардың мұғалімдік қызметке орналасуы, басқа да түрлі келеңсіздіктер мұғалімнің беделін төмендетуге қызмет етті. Қадірі кеткен кәсіп иесіне құрмет те азаймақ.
Кешегі кеңес кезеңінде мұғалімге деген құрмет қандай еді! Сухомлинскийдің Павлыш мектебі іспетті қазақ педагогикасының мақтанышына айналған қайраткердің бірі – КСРО Халық мұғалімі атанған Құмаш Нұрғалиевтің мектебі болды. Замандастарының оны «Марқаның Маресеві» деп атауы бекер емес. Құмаш Нұрғалиев қияндағы Марқакөл өңірінде өмір сүрсе де, соғысқа аяғы мен қолын беріп келсе де мойыған жоқ.
Алыста жатып-ақ атағы алты қырдан асты. Сол кезде ел басқарған Дінмұхамед Қонаевтың өзі «Сама жизнь этого замечательного человека – подвиг, который служит прекрасным примером для нравственного воспитания, формированияя у учащихся высоких морально-политических качеств» деп жоғары бағасын берді.
Одақтың «Правда» газеті бірінші бетінен Құмекеңнің қайраткерлігі туралы мақала жариялады. Ғафу Қайырбеков сияқты ғажап ақын «Тағылған жеке дара жұлдыз еді, Алтайдың алтын шекпен жағасына!» деп жырын арнады. Міне, қайраткерлікке, риясыз мұғалімге құрмет!
Қайраткерлік, мұғалімнің қайраткерлігі туралы сөз қозғағанда әйгілі ұстаз, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Қанипа Бітібаеваға қайырылмау мүмкін емес. Белгілі қаламгер Әлібек Қаңтарбаев «Ол туралы аңыз да, аңызға бергісіз шындық та молынан айтылады. Аңызы – оны шәкірттері мен әріптестері көк пен жердің арасындағы көгілдір сағым сынды қиял-ғажайып кейіпкерге айналдырып жіберуінде» деп жазғандай, көзі тірісінде «Хан апа», «Қазақтың Қанипасы» атанған апамыз Абайды оқыту туралы екі кітап, Әуезовті оқыту туралы үш кітап жазды.
Қазақтың кіл классик қаламгерлерін жоғары сыныптарда оқыту сияқты іргелі ұлттық мәселелер көтерді. Мерейлі мұғалімнің методологиясы Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Түрікменстан, Ресей елдерінде де зерделенді һәм пайдаланылды. Қанипа Бітібаевадай ұлт ұрпағына ұлағатпен қызмет етер мұғалімдер қазір де қажет. Біздегі зәрулік – осы.
Жуырда мұғалімдердің тамыз кеңесі өтеді. Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен былтыр ұстаздар қауымы бірінші рет TEDx форматында бас қосты. Жаңашыл мұғалімдер тәжірибелерімен бөлісіп, сахнада сөйледі. Сол кездесуде мемлекеттік тіліміз кенжелеп қалғандай көрініс жанға батты. Әгәраки, Қанипа Бітібаевадай ұстаздар ортада болғанда, тіліміз де түлеп сала бергендей бар нәрімен асқақ тұрар еді.
Бұл бүгінгі жаңартылып жатқан қазақстандық педагогикаға ұлттық реңк жетпейтінін, ұлт бояуын бере алар қайраткерлердің жоқтығын көрсетеді. Қоғамда орын алып жатқан балалар мен жастардың адами тәрбиеден тыс оқиғалары осы қайраткер мұғалімдер қалыптастырған ұлттық педагогикадан айырылып қалудан туындауда. Сондықтан алдағы тамыз кеңесінде көтерілер һәм шешілер түйін ұлттық педагогика мен оның қайраткерлері туралы болуы тиіс.