«Астана Опера»: бесінші белес бедері

 «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры кезекті маусымын тәмамдады. Елімізден бөлек, жаһандық өнер кеңістігін айтулы жаңалығымен мойындатып жүрген ұжым үшін бесінші маусым ауқымды шығармашылық жоспарлар мен тәжірибелерге толы болды. Оның ішінде, әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынған «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы «Астана Опера» театрының шығармашылық қарымына зор ықпал етіп, жемісті жұмыстардың жүзеге асуына кең жол ашты.  

Егемен Қазақстан
06.08.2018 5525
2

Іргелі ізденістер

Елордамыздың 20 жыл­ды­ғымен тұспа-тұс келген театр­дың мерейтойлық маусымы негізінен Астананың төл мере­кесіне арналған еді. Өткен мау-
сымда театр репертуары опера және балет өнерінің әлемдік жауһарларымен толықты. Атап айтар болсақ, Жорж Би­зенің «Кармен», Джакомо Пуч­чинидің «Турандот», Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» опе­ралары мен Адольф Аданның «Корсар» балеті, сондай-ақ Карл Дженкинстің «Shine Astana» салтанатты одасы және Раймондо Ребек пен Ксения Звереваның «Заманауи хореография кеші» – ақсүйек өнердің талғампаз жанкүйерлері үшін айтулы өнер жаңалығына айналды.

«Астана Опера» сахнасында тұ­сауы кесілген әр қойылым өзіндік ізденіс ерекшелігімен көрермен көңіліне берік бекіп, кезекті маусым шымылдығын үлкен қимастықпен жапты. Олай болуы заңды да. Себебі бір ғана «Кармен» операсының театр репертуарына қосылуы бас шаһар көрермендерінің көптен күткен көңіл түкпіріндегі тілегі болатын.

Дирижер Алан Бөрібаевтың көркемдік жетекшілігінде үлкен сахнаға жол тартқан Жордж Бизенің бұл теңдесіз жауһары әдеттегіше өнер әлемінде үлкен резонанс тудырып, театрсүйер қауым көңілін тағы бір сер­пілткені анық. Бүгінде театр репертуарындағы сұранысқа ие кассалық қойылымдардың көшін бастап тұрған аталмыш опера елорда тұрғындары мен қонақтарының қайталап көруден жалықпайтын сүйікті туындыларының қатарында.

Жалпы, маэстро Алан Бөрі­баевтың қолға алған қай жұмы­сының да жанданып, жаңарып, нәтижесі жаңалыққа ұласып жата­тындығына талғампаз көрер­мен әбден сеніп, үйреніп алған. Көпшілік үшін бұл – аксио­ма. Мұның және бір дәлелі – «Shine Astana» жобасы. Есімі әлемге әйгілі дирижердің британ композиторы Карл Дженкинстың музыкасы бойынша жасаған концерттік бағдарламасы көрер­мендерді ғаламат әсерге бөледі.

Концерттің ерекшелігі сонда – мыңнан астам музыкант «Ас­тана Опера» сахнасында бас қосты. Олардың қатарында Қазақстанның барлық аймағынан, сонымен қатар Италия, Аустрия, Германия, Голландия, Грекия, Хорватия, Ресей, Беларусь, Тә­жік­стан мен Өзбекстаннан келген құрама симфониялық оркестрлер мен хорлар, сондай-ақ танымал қазақстандық тенор Медет Шотабаев пен әлемдік жұлдыз – америкалық опера соп­раносы Энджел Блу, «Астана Опера» жетекші солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев пен халықаралық байқаулардың лау­реаты Мейір Байнеш сынды талантты өнерпаздар бар.

«Астана Опера» театрының бесінші маусымдағы тағы бір айтулы жаңалығы – Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» опе­расының жаңа музыка­лық-сахналық редакцияда көрер­менмен қауышуы дер едік. Режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Мае­мировтың қолтаңбасында сахна көрген ұлттық операның жау­һары заманауи озық техниканы ұтымды пайдалана отырып, көне мен жаңаның үндестігін мазмұндық һәм көркемдік биікте сәтті сараптаған болатын. Аталмыш туынды шілде айын­да Бурабай тауының баурайында ашық аспан астында көр­сетіліп, айтулы іс-шараға ар­найы қатысқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұжым ізденісін жоғары бағалады.

Сондай-ақ «Астана Опера» Мем­лекеттік опера және балет театрында қарақшылардың қиял­шыл өмірінің шытырманына құрылған әйгілі «Корсар» бале­тінің премьерасы да астаналықтар үшін өнердің үлкен мерекесіне ұласты. Француз композиторы Адольф Аданның ғажайып музыкасы жан бітірген әлемдік балет өнерінің жауһары Ресейдің Халық әртісі, «Астана Опера» театры балет труппасының көр­кемдік жетекшісі, есімі жаһанға мәшһүр балерина Алтынай Асылмұратованың суреткерлік ізде­нісінде елорданың 20 жыл­дығына арнайы дайындалып, көп­шілік назарына ұсынылған болатын.

«Астана Опера» театры кіш­кентай көрермендердің қызы­ғушылығын да назардан тыс қалдырған емес. Бесінші маусым балдырғандарды Тілеуғазы Бейсембектің музыкасына қо­йылған «Самұрық келген таң» және Эдвард Григтың «Пер Гюнттің саяхаты» атты қос қойылыммен қуантты. Бір жыл ішінде жалпы саны 126 217 көрерменді үлкен ілтипатпен қабылдаған «Астана Опера» театрының бесінші маусымының шымылдығы 350 жылдық тарихы бар атақты Париж ұлттық опера театры балет солистерінің гас­трольдік бағдарламасымен жа­былды. Еуропалық балеттің та­лантты әртістері ұсынған Gala de Paris жобасына әлемдік хо­реографияның жауһарлары енді.

Сәтті өнер сапарлары

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының ұлттық өнерімізді жаһанға таныту жолында жасап жатқан жұмыстары да көңілге құрмет орнықтырады. Бесінші маусымда балет труппасы әйгілі италиялық «Карло Феличе» театрында өнер көрсетті. М.Жаррдың музыка­сына қойылған Р.Петидің «Па­риж Құдай Ана шіркеуі» бале­тін ұсынған «Астана Опе­ра» әртістерінің шеберлігіне ита­лиялық көрермен тәнті болып, ыстық ықыласын біл­дірсе, желтоқсан айында Вен­грияның Будапешт және Печ қалаларында «Астана Опера» труппасы ұсынған концерттік бағдарламалар да аншлагпен өтті.

Бұдан өзге, өнер ұжымының Қазақстан қалалары бойынша жасаған гастрольдік сапарлары да үлкен қошеметпен қабылданды. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында елордалық труппа қазақ музыка өнерінің үздік туындысы – А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» ұлттық классикалық операсын, сонымен қатар ХХ ғасырдың атақты хореографтары Кеннет Макмилланның «Манон» және Ролан Петидің «Париж Құдай Ана шіркеуі» балеттерін алматылық көрермен назарына ұсынса, мамыр айын­да Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайында маэстро П.Грибановтың жетекшілігіндегі Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің Симфониялық оркестрімен бірге өнер көрсеткен «Астана Опера» театрының жетекші солистері мен хоры Дж.Пуччинидің «Бо­гема» операсын орындап, көпшіліктің қошеметіне бө­ленді.

Мұның барлығы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген Мәдени саясат тұжы­рымдамасы мен «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан ауқымды жобалардың жемісі мен еліміздегі ең ірі әрі сәулетті театр – «Астана Опера» театры шығармашылық ұжымының орасан зор күш-жігерінің нәтижесі екені сөзсіз.     

Маусым мерейі

Мерейтойлық маусым теа­тр әртістері үшін жемісті һәм жеңісті болды. «Астана Опе­раның» жетекші солисі, көп­теген беделді халықаралық бай­қаулардың Гран-при лауреаты Бақтияр Адамжан биыл Dance Open (Санкт-Петербор, Ресей) мәртебелі халықаралық балет сыйлығының «Мистер Виртуозность» аталымы бойынша лауреат атанса, балет солисі Серік Нақысбеков «Ара­­­беск-2018» (Пермь, Ре­сей) байқауында топ жарды.

Опера солисі Айзада Капонова Ита­лияның Пезаро қаласында өткен Дж.Россинидің XV ха­лықаралық байқауында жү­делі 1-ші орын тұғырынан көрінді. Сондай-ақ белгілі балерун Бақ­тияр Адамжан мен опера труп­пасының солисі Мария Мудряк 2017 жылы Қазақстан Рес­­публикасы Үкіметінің «Да­рын» мемлекеттік жастар сый­лығының лауреаты болды.

Ал театрдың жетекші солисі Медет Шотабаев Италия мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыс­тарды нығайтуға қосқан үлесі үшін Италия Жұлдызы Орденін кеудесіне тақты. Сонымен қатар ұжымның талантты өнерпаздары Сүндет Байғожин мен Мәдина Басбаева «Үздік опера солисі» және «Үздік балет әртісі» аталымында «Сахнагер» ұлттық сыйлығының иегері атанды.

«Астана Опера» театрының тағы бір табысы – әлемдік дең­гейдегі өнер ұжымдарымен кәсі­би деңгейде шығармашылық бай­­ланыс орнатуы дер едік. Бе­сінші маусымда жүзеге асқан сон­дай маңызды өнер оқиға­сының бірі – италиялық «Ла Скала» театры академиясымен ын­тымақтастық туралы мемо­рандумға қол қойылуы. Өнер әлеміндегі бұл маңызды қадам – отандық өнерпаздарға кәсіби біліктілігін арттырып, шығар­машылық тұрғыдан жемісті тәжірибе алмасуына, шеберлігін шыңдауына кең жол ашатын тамаша мүмкіндік екендігі сөзсіз.

Мерейтойлық маусымын осылай табысты тәмамдаған өнер ұжы­мы алдағы маусымға да жүйелі жоспар құрып, дайындық жұмыс­тарына қызу кірісіп кетті. Алтыншы театр маусымында кө­рермен қауымды ұлттық әрі әлемдік опера және балет клас­­сикасы жауһарларының тұ­сау­­­кесерлері күтеді. Атап ай­тар болсақ, Джоаккино Рос­си­нидің «Севильдік шаштараз», Петр Чайковскийдің «Ев­гений Онегин» опералары мен Тілес Қажығалиевтың «Дала аңызы» атты аяқталмаған балеті мен композитордың өзге де шы­ғар­маларының үйлесіммен біріктірілген үзінділерінен құрал­ған әйгілі «Қозы-Көрпеш – Баян-Сұлу» ұлттық балеті елорда көрер­мендерін өзінің жарқын атмос­ферасымен қуантады деп кү­тілуде.

Бес жылдық белесті абырой­лы еңсерген «Астана Опе­ра» театры ұжымының өнері кө­рер­менін әрдайым өзі­нің жаңа­шылдығымен, көркем­дігімен, жарқындығымен таңғалдырып келеді. Қай кезде де алдына ауқымды шығармашылық мақ­саттар қойып, соны жемісті жүзеге асыру жолында жүйелі жұмыс істейтін ұжымның келер маусымдағы ұсынар жаңалығы да көрермен көңіліне берік бекіп, өнер жанкүйерлеріне шын мәніндегі рухани мереке сыйлайды деп сенеміз.

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

23.02.2019

Гагарин кубогындағы қарсыластар анықталды

23.02.2019

«Алматы марафонының» жүгіру маусымы ашылды

23.02.2019

Түркістанда «Балдәурен-2019» байқауы өтті

23.02.2019

Түркістан: Түлкібас ауданында 6 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді

23.02.2019

Атырауда көпбалалы үйлерге улы газды анықтайтын детекторлар тегін орнатылып жатыр

23.02.2019

Бейбіт Атамқұлов Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілімен кездесті

23.02.2019

Бектас Бекназаров Молдовадағы сайлауды бақылауға қатысты

23.02.2019

Елшілер институты Қазақстанға отандық жұлдыздардың жанкүйерлерін тартуға жол ашады

23.02.2019

Бүгін еліміздің басым бөлігінде тұман түсіп, көктайғақ болады

23.02.2019

Бадминтоннан әлем кубогі: қазақстандықтар жұптық сында келесі кезеңге өтті

23.02.2019

Юлия Галышева Жапониядағы әлем кубогі кезеңінде қола жүлдегер атанды

23.02.2019

Елордада ашық құдықтар мәселесі қалай шешілуде?

23.02.2019

Астанада әскерге шақырылушыларды медициналық куәландыру мәселелері талқыланды

23.02.2019

Қоғамдық қабылдауда ақтөбеліктердің мыңнан астам мәселесі шешілді

23.02.2019

ТМД құрылысшылары баға белгілеу саласында тәжірибе алмасты

23.02.2019

Жас теміржолшылар республикалық «Jas qanattar»  форумына қатысты

23.02.2019

Қостанай облысында өткен жылы өңдеу өнеркәсібінің өсімі 5,8 процентке артты

23.02.2019

Мақсат - әр тұрғынға отыз шаршы метр баспана беру

23.02.2019

Қызылорда облысы Полиция департаментінің жеке құрамы үшін гарнизондық жиын өтті

23.02.2019

Лондонда қазақстандық боксшы қарсыласын нокаутқа түсірді

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»

Jol erejesinen buryn, saqtyq kerek

Jasyratyny joq, ózimizdiń bir áriptesimiz, Qaraǵandy tas jolynan Astanaǵa kirer tusta keshqurym, ıaǵnı alageýim shaqta kóligimen bir adamdy basyp ketti. Ol jaıaý júrginshi jolaǵymen júgire basqan jandy kórmeı qalǵan. Qansha jerden kinásin moıyndasa da, ol – jaýapker. Sebebi jaıaý júrginshige arnalǵan jolaqta ereje buzdy. Toqtamady. Al toqtar edi, biraq adamdy kórgen joq. Mine, endi mundaı jaǵdaıda kimge kiná artasyz? Jaıaý júrginshi de opat boldy, júrgizýshi de qamalady.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Tyıym men tıyn

Toı-toımalaqta tún jamylyp óner kórsetetin kámelettik jasqa tolmaǵan, ómirleri aq paraqtaı taza, kóńilderi aq bulaqtaı móldir kishkentaılarymyzdy jasyna laıyqsyz kıindirip, boıandyryp kópshiliktiń aldynda shyǵarý, án saldyrý – qý aqshaǵa qunyqtyryp qoıǵan ata-analarynyń kinásinen. 

Бақытгүл САЛЫХОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты

Qorqynyshty mıkroplastık

О́tken aptada Eýropalyq odaq úkimeti óndirýshilerge mıkroplastıktiń barlyq túrin óz ónimderinde qoldanýǵa tyıym salǵanyn estigen bolarsyzdar. Mıkroplastıktiń ne ekenin bilesiz be? Osyǵan deıin kóp mán bermeppiz. Sóıtse mıkroplastık − sıntetıkalyq polımerlerdiń kishkentaı bólikteri, bul kóptegen zattyń quramyna kiredi: kúndelikti kıetin kıimimizde de, kir jýatyn untaqta da, saǵyzda da bar eken.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

«Jeti jarǵy» jıen jaıly ne deıdi?

Qarǵa tamyrly qazaqta jıenmin dese qolq etpes jan joq shyǵar, sirá. Tipti, naǵashyǵa aıtar oıyn «tuzdyqtap» jiberse de, basynan sóz asyrmas nebir adýyn minezdiniń ózi jıen ǵoı, aıta beredi» dep kúlip, bas shaıqaǵannan artyqqa barmaıdy.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Rýh jaıly áńgime

Marqum alashshyl tulǵa Aqseleý Seıdimbektiń «Rýhy azat halyq qana uly ister atqara alady» deıtin myzǵymas ustanymy boldy. Osy uǵymdy Ahań ári qaraı tápsirlep: «Rýhsyz halyqty altynǵa bólep qoısań da báribir, rýhy myqty qaýymnyń aldynda eńkish tartyp turady. Rýh degenimiz ol kózge kórinbeıdi, halyqtyń gendik bıosferasynda bolatyn úreıdi jeńý qýaty. Úreı qan arqyly urpaqtan urpaq jalǵasyp kete beretin asa qaterli qubylys. Qandaı bir qaýymnyń rýhanı erkindigi (táýelsizdigi) halyqtyń boıyndaǵy úreıdiń az-kóptigimen ólshendi» deıtin edi jaryqtyq.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікір қосу