21 Желтоқсан, 2011

«Отау ішінен отау тіккіміз келмейді»

271 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Алматыдағы Ұлт­тық баспасөз клубында Жал­пыұлттық социал-де­мократиялық партиясының бастамасымен баспасөз мәс­­лихаты болып өтті. Бұ­қаралық ақпарат құрал­да­рының өкілдерімен өткен кез­десуде Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларды тергеу бойынша тәуелсіз қо­ғамдық комиссия құрыл­ғаны мәлім болды. Жал­пыұлттық социал-де­мократиялық партия­сы­ның  бас хатшысы Әмір­жан Қосановқа баспасөз мәс­ли­ха­тында көтерілген мә­селе­лер­ге орай сауалмен қай­ы­рылған болатынбыз.  Бізге берген қысқа сұхбатында Жал­пыұлттық социал-де­мократиялық партия­сы­ның  бас хатшысы бы­лай деді: – Жаңаөзендегі оқиға­лар бүкіл қоғамды дүрлік­тір­гені рас. Президент бұл мәселеге қатысты өз пікірін айтты. Үкіметтік комиссия құ­рыл­ды. Бірақ, бізді алаңдатып отыр­ған жәйт – біріншіден, ақ­па­раттың жетімсіздігі, екін­ші­ден, бір­жақ­тылығы. Яғни, тек ресми өкілдердің аузынан шығып жатқан ақпарат. Ал интернет желісінде, ел ішінде әртүрлі әң­гі­мелер айтылып жатыр. Сон­дықтан елді ты­ныш­тан­ды­ратын, халық ара­сына іріткі салмау үшін, арандату болмау үшін жан-жақты, объек­тивті көзқарастар керек. Ол көзқарасты қалып­тас­тыру үшін біз қоғам өкіл­дерінен – шығармашылық интеллигенция, қоғамдық ұй­ымдар мен құқық қорғау органдары және саяси пар­тиялардың өкілдері бірігіп, 18 адамнан тұратын тәуелсіз қоғамдық комиссия құру ту­ралы шешім қабыл­дадық. Бұл комиссия құрамына кірген азаматтардың бәрі елге белгілі. Осы комис­сияның дуалы аузынан шық­қан сөзге халық сенеді деген ойдамын. Екінші мәселе, біз отау ішінен отау тіккіміз келмейді. Үкіметтік комиссиямен де, жергілікті органдармен де жұмыс істеуге дайынбыз. Олармен қоян-қолтық әрекет етеміз деп ойлаймыз. Өйт­кені, илегеніміз бір терінің пұшпағы. Біздің мақсат –Жаңаөзен оқиғасына қатыс­ты ақиқат мейлінше айтыл­сын деген ой. Талап етіп әрі ұсыныс жасап отырған үшінші мә­селе – осы оқиғаларды зерттеу жөніндегі Елбасы дең­гейіндегі Мемлекеттік комиссия қажет. Сол комиссия құрылып, осы оқи­ғаның себептері мен салдарын, оның нақты неліктен болғанын айтып, осы және басқа да сауал­дарға жауап беруі тиіс, – дейді Әміржан Қосанов. Комиссияның құрамына кіргендердің арасында жа­зу­шылар Ғаббас Қабышев пен Софы Сматаев, ЖСДП-ның өкілдері Әміржан Қо­са­нов, Болат Әбілов, тіркелмеген «Алға» партия­сының жетекшісі Владимир Козлов, «Guljan.org» сайтының бас редакторы Гүлжан Ерға­лиева, эко­но­мист Мұхтар Тайжан бар. Баспасөз мәслихатын өт­кізген ұйымдастыру­шы­лар комиссия мүшелерінің сейсенбі күні таңертең Ақ­тауға ұшып шығатындарын жеткізді. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.