Тіркеуден өтіп, алдымыздағы Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау додасына белсене қатысуға ұмтылған партиялар қатарында ауылдықтар да өздерінің сайлауалды жұмыстарын жүргізуге белсенді түрде кірісіп кетті.
Партияның сайлауалды штабына хабарласып, штаб басшысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Көпмағамбет Елемесовпен сөйлесудің сәті түсті.
– Үстіміздегі жылдың 1 желтоқсанында өзіміздің съезімізді өткізіп, онда партияның сайлауалды жұмыстарының тұғырнамасын бекіттік. Сондай-ақ Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат ретінде арнайы тіркеуге 23 адамды ұсыну жөнінде шешім қабылдап, олардың тізімін жасаған едік. Осылардың ішінен 18 адам тіркеуден өтті. Енді халықпен кездесіп, сайлауалды жұмыстарымызды жүргізуге кірісіп жатырмыз. Барлық жерде облыстық штабтарымыз құрылып, кімнің қайда барып, қандай ұйымдармен кездесетіндігі айқындалуда. Мен өзім күні ертең Атырау облысындағы Махамбет ауданының халқымен кездесуге сапарға шықпақпын. Мұнан кейін Ақтауда және басқа да жерлерде боламын. Партиямыздың төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Ғани Қалиев бас болып, ұйымдастыру жұмыстарын қолға алып жатырмыз, – деді бізбен әңгімесінде Көпмағамбет Елемесұлы.
Партия штабына біз сөйлескен сәтте телефондар шылдырлап, жан-жақпен хабарласу, қызу ұйымдастыру жұмыстары қайнап жүріп жатты. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен де бірнеше тілдесулер келіп түсті.
Жуықта ғана Астанада өткен партияның съезінде оның төрағасы Ғани Қалиев партияның ауылды дамыту мәселесіне ерекше мән беретіндігін айтып, осы бағытта ұсынылатын ұсыныстар мен жүргізілетін жұмыстарды сарапқа сала келе, ауылдық жерлерде агроқалашықтар құру идеясын ұсынған болатын. Сонымен қатар, «Ауыл» партиясының тұғырнамасы тек аграрлық мәселелермен ғана шектелмейтіндігін, ол ел өмірінің барлық жағын қамтитындығын айтуға болады. Ауылдықтар халықпен кездесу мақсатында жер-жерлерге аттанғанда өз сайлаушыларының арасында осы жөнінде нақты түсініктер беруді, сондай-ақ олардың талап-тілегін естіп, оны жоғары жаққа жеткізіп, алдағы уақытта өздерінің бағдарламалық құжаттарына енгізуді жөн санап отыр.
Штаб бастығы Көпмағамбет Елемесов партия үшін сайлауалды жұмыстарының маңыздылығын, осы бойынша атқарылатын істерді халыққа жеткізу қажеттігін ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдарымен тікелей байланыс жасаушы міндетін өзінің орынбасары Ғалымжан Мәдиевке жүктеді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.
Астана.