![211211-5](http://old.egemen.kz/2011img/211211-5.jpg)
Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзі – халқымыздың өкінішті өткені мен бостан болған бүгінінің аражігін ашып және жасампаз елдің жарқын болашағының алғышарттарын көрсетіп берді.
Елбасы айтпақшы, алтын тақта отырған ата-бабалар заманынан кейінгі «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламадан» бастап кешегі Желтоқсан көтерілісіндегі жастар дүмпуіне дейін қазақ халқы басынан не кешпеді!?. Бодандық, жаугершілік, соғыс, аштық, қуғын, сүргін, ату жазасы... Ел басына күн туған мұндай сынақты рухы мықты халық қана қара нардай қайыспай көтере алады. Сондықтан қазақ халқы үшін бүгінгі бостандығын бағалап, азаттығын ардақтап, тәуелсіздігіне тәу етуден артық ғанибет жоқ.
Халқымызда «Елу жылда ел жаңа» деген сөз бар. Ал біздің еліміз жиырма жылда жаңарып шыға келді. Астанадан бастап алыстағы ауылдарға дейін ұлы өркениеттер көшіне ілесуде. Бұрынғы бодандық келмеске кетті. «Ағамыз» деп астамсынғандарға кешегідей «олай болса біз жаға боламыз» деп жалтақтау, жағымпаздану сияқты құлдық психологиядан құтылдық. Бүгінде еліміздің тәуелсіз тарихы мен тағдырын баянды ететін ішкі және сыртқы саясатымыздың баршасы – Астана төріндегі Ақордамызда шешіледі. Досымыз да, дұшпанымыз да Ақордамызбен санасып, Ақордамызбен ақылдасады.
Әрине, етек-жеңі кең ел мен жер болған соң адамдар арасы телі-тентексіз де болмайды. Ондайлар батыс пен шығысқа еліктеп, болмас сөзді айтып, өнбес дауды қозғап, елдің берекесін қашырады. Олардың сөздерінің сиқы «ауыл тозды, мал азды, өріс тарылды, зауыт тоқтады, жұмыс жоқ» деген тоқсаныншы жылдардың «ескі әнінен» әлі өзгермеген.
«Көрмес түйені де көрмес» деген, бүгінде елімізде бір жылда бірнеше ондаған зауыттар дүниеге келетін болды. Мыңдаған адамдар топ-топ болып жаңа жұмысқа орналасып жатыр. Сондай-ақ, бұрынғыдай зауыттар қала төңірегіне шоғырлана бермей, алыстағы ауылдарға қарай қоныс тебе бастады. Бұған еліміздің әр өңірінде қажетті мысал көп. Айталық, біздің облыстағы «МыңаралТасКомпаний» цемент зауыты алыстағы Мойынқұм ауданының ауылдық әкімдігі аумағына орналасқан. Медициналық бұйымдар шығаратын «Суперфарм» кәсіпорны Жамбыл ауданындағы Айша бибі ауылынан бой көтерді. Ал Амангелді газының ашылуы шалғайдағы Талас ауданы тұрғындарының игілігіне айналып отыр. Ауылдардан салынып, етектегі елдің қуанышына айналып жатқан бұдан басқа да жаңа мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер, спорт залдары, пошта ғимараттары қаншама!?. Біздің ауданның көптеген ауылдарынан да ірі кәсіпорындар бой көтеріп, жергілікті тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр.
Облыс, аудан және ауыл аралығын жалғайтын жолдар да жөнделіп, барыс-келіс түзеле бастады. Ежелгі Жібек жолының сілемі арқылы салынып жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің тас жолы да көп ұзамай пайдалануға беріледі. Қысқасы, «көрем» дейтін көз болса жиырма жылда атқарылған жұмыстар Кеңес өкіметі кезіндегі жетпіс жылда армандаған тірліктерден мың есе артық атқарылды десек артық айтқандық емес.
Елбасының «Қазақстан ғасырлар бойы өркендей бере ме немесе уақыт мәңгілігінде бар болғаны жарық метеор болып қала ма деген Тәуелсіздіктің түрлі дилеммасы дәл осы кезеңде шешіледі» деген сөзін басшыдан балаға дейінгі әрбір қазақстандық өз жүрегі арқылы өткізіп, түсіне білсе, тәуелсіздікті тұғырлы ету жолында жасалып жатқан жасампаз жобалар мен бағалы бағдарламалардың кім үшін және не үшін қолға алынып жатқаны әркімге түсінікті болар еді.
Елбасы «үшінші және төртінші онжылдықтар біздің еліміз үшін тарихи секіріс дәуірі болуы керек» деді. Ол үшін алдымызға бес шарт: халықтың бірлігін, индустрияландыруды, инновацияны, интеграцияны және әділ әлеуметтік қорғауды жүзеге асыруға ел болып атсалысуды міндет қып қойды.
Елдіктің мәні, жасампаздықтың сәні бар бұл істі барша қазақстандықтар бірауыздан қолдайды деп сенемін.
Абдалы НҰРАЛИЕВ, Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі.
Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Құлан ауылы.