Қазақстан • 08 Тамыз, 2018

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңі басталды

871 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңі басталды. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығымен бірлесе отырып, жобаға өтініш қабылдауды бастап кетті. Бұл жолы жаңа кандидаттарды іріктеу Қазақстандағы қызмет түрлерінің көрнекілігін кеңінен таныстыру және азаматтық бастамаларға қолдау көрсету мақсатында институционалды әдіс принципімен жүргізілетін болады.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңі басталды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған бұл жобаның алғашқы кезеңі өткен жылы табыс­ты жүзеге асты. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» қанатқақты жобасы бірден қоғамдық талқылауға түсіп, халық тарапынан қызу қолдау тапқан болатын. Ұйымдастырушыларға осы жобаны жалғастыруды өтінген, жаңа табыстар тарихын сараптау туралы ұсыныстар көптеп түскендіктен Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығымен ақылдаса келе, жобаның екінші кезеңіне іріктеу жариялауды жөн деп шешті. 

Биылғы іріктеудің талаптары бо­йынша үміткер елдің жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал ететін салаларда жарқын жетіс­тіктері бар, кейін оны қоғамда ілгерілету бе­деліне ие 18 жасқа толған Қазақстан азаматы болуы шарт. Сондай-ақ қаты­су­шының қоғамдық-саяси және еңбек жолы өзгелерге үлгі болуы тиіс. Жас­тар­ды адамгершілік, патриоттық тұрғыда тәрбиелейтін, туған жерін сүю­ге үндеп, қоғамда еңбек культін қалып­тастыра алатын адамдар мен заманауи Қа­зақстанның дамуына нақты үлес қосып, еліміздің жетістіктері мен табыстарын бейнелей алатын азаматтар қатыса алады. Жобаға қоғамдағы барлық саланың өкілдері: дәрігерлер, кәсіпкерлер, ғалымдар, мұғалімдер, спортшылар, өнер қайраткерлері және өзге де салада өнегелі еңбек етіп жүрген адамдардың қатысуына мүмкіндігі бар. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңіне қатысуға салалық ассоциациялар, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер тарапынан да белсенділік күтілуде.

Елбасы бұл жоба турасында: «Жо­бада нақты адамдардың нақты тағдыр­лары мен өмірбаяндары арқылы бү­гінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады. Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастары­мыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек», деген болатын. Сондай-ақ «Қазақ­стан­ның 100 жаңа есімі» жобасын іске асы­рудың маңызына назар аударып, оған қатысушыларға қоғам тарапынан артыл­ған жауапкершіліктің мол екенін ескерт­кен-ді. 

Жобаның алғашқы кезеңінде 340 мыңнан астам қазақстандық өздері таңдаған тұлғаларға 1 миллион 376 мың дауыс берді. Ал жалпы тізімге қатысуға 2100 адам өтініш ұсынған. Бүгінде «100 есім» атанған азаматтар түрлі әлеуметтік маңызды шараларға қатысып, жеке жобаларын жүзеге асыруда. Сондай-ақ жас­тарды жігерлендіруге арналған сұхбат алаңдарына спикер ретінде қатысып, жеке табыс құпиясымен және тәжірибесімен бөлісіп жүр.

Венера ТҮГЕЛБАЙ,

«Егемен Қазақстан»